Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кешегі өткен отырысында 2016 жылғы 20 наурызға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауында сайлау бюллетеньдерін әзірлейтін нақты баспаханалар анықталды.
Қаулы жобасымен таныстырған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің атап өтуінше, 2016 жылдың 20 наурызына тағайындалған мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындайтын баспаханаларды айқындау туралы қаулыда әр облыс, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары үшін қажетті техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктер бар екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, мәслихат депутаттарын сайлауда сайлау бюллетеньдерін әзірлейтін нақты баспаханалар анықталған. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулыны бірауыздан қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясының осы қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына сайлау бюллетеньдері мына баспаханаларда әзірленеді:
Астана қаласы – «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Астана қаласы; Ақмола облысы – «Көкше-Полиграфия» акционерлік қоғамы, Көкшетау қаласы; Алматы қаласы мен Алматы облыстары – «АБК+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Алматы қаласы; Ақтөбе облысы – «NOBEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ақтөбе қаласы; Атырау және Маңғыстау облыстары – «А-Полиграфия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ақтөбе қаласы; Шығыс Қазақстан облысы – «Печатное издательство – агентство «Рекламный Дайджест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Өскемен қаласы; Жамбыл облысы – «СЕНІМ» Жамбыл баспа орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Тараз қаласы; Батыс Қазақстан облысы – «WESTA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Орал қаласы; Қарағанды облысы – «Типография Арко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қарағанды қаласы; Костанай облысы – «Қостанайполиграфия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қостанай қаласы; Қызылорда облысы – «ПФ Энергопромсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қызылорда қаласы; Павлодар облысы – «ДОМ ПЕЧАТИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Павлодар қаласы; Солтүстік Қазақстан облысы – «Полиграфия СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Петропавл қаласы; Оңтүстік Қазақстан облысы – «КІТАП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Шымкент қаласы.
Отырыста, сондай-ақ, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 8 ақпандағы №161/306 қаулысымен бекітілген дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өтті. «Атап айтқанда, қағидалардан 7-тармақ алынып тасталды. Ал 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды. Осыған сәйкес есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді», – деді ол.
Аталған қаулы бірауыздан қабылданған соң, Бақыт Мелдешов Қазақстан азаматтары шетелдегі 65 сайлау учаскесінде Мәжіліс және мәслихат депутаттарына дауыс бере алатынын атады. «Бізде шет мемлекеттерде 65 сайлау учаскесі бар. Ресейде үш-төрт, АҚШ-та бір-екі және басқа мемлекеттерде бір-бірден сайлау учаскелеріміз тіркелген. Сол елдердегі Қазақстан азаматтарына жеке төлқұжаттарын көрсету арқылы дауыс бере алады», – деді ол.
Бұған қоса ОСК хатшысы Қазақстан азаматтары кез келген шет мемлекетте дауыс бере алмайтындығын да атап өтті. «Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі тек Қазақстан ішінде ғана беріледі. Шетелде жүрген азаматтар сол елде ашылған сайлау учаскесіне келіп, төлқұжаты арқылы дауыс бере алады. Бұл ретте дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігінің қажеті жоқ», – деді Б.Мелдешов осы жөнінде.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».