05 Ақпан, 2016

Сылдырап өңкей келісім...

877 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Оралда жаңа Достық үйі ашылды

фото Рафхата Халелова (78)Еуразиялық ендікте орна­лас­қан Орал қаласындағы жаңа құрылыс алаңдарының бірі та­ғы бір теңдесі жоқ сәнді де сәу­летті ғимаратпен толықты. Бұл – кешегі бейсенбі күні дос­тық­тың туын жықпай келген барша ба­тыс­қазақстандықтарға есі­гін ай­қара ашқан Достық үйі. Тақы­рыпқа шығарып отыр­ға­нымыз­дай, осындайда Абай атамыз­дың: «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай», деген өлмейтін, өшпейтін өлең жолдары ойға оралады. Бұл да нақ соның өзі. Нақ сол келісім. Нақ сол үйлесім. Ба­­тыс қақпаның солтүстік-шы­ғыс жақ бөлігіндегі бірден көз тарта­тын жаңа ғимараттар – Салта­нат сарайы, Қадыр Мырза Әлі атын­дағы мәдениет және өнер орта­лығы, оның алдындағы ақын ес­керткіші, теннис корты, Назарбаев зияткерлік мектебі, күні ке­ше осы ғимараттардың қатары­на сән түзеп қосылған Дос­тық үйі тұтас бір ғажайып ансам­бль құрайды. Көк түстес күмбезбен көм­ке­рілген ғимараттың сыртқы кө­рі­нісі мен ішкі интерьерінде шы­ғармашылық және архитек­туралық ұшқыр ойдың жемісі атойлап тұр. Достық үйінің жалпы аумағы 4,5 шаршы метрді құ­райды. Бүгінгі күннің биік тал­ғамына сай бой көтерген ғима­рат құрылысын Орал өңірін­дегі таңдаулы құрылыс компа­нияларының бірі – «ОтделСтрой» ЖШС тұрғызған. Біз – шаңырағы ортақ елдің ұр­пағымыз. Ортақ шаңырақтың иесі де, киесі де – еліміздің ын­тымағы жарасқан сан түрлі этнос өкілдері. Бүгін түндігі түріліп отырған Достық үйі де бәріміздің ортақ шаңырағымыз. Сондықтан да, оның мәні мен маңызына және атқаратын рөліне ешқандай баға жетпейді. Құндылығына құрық бойламайды. Сыңғырлаған су жаңа ғимараттың ашылу рәсімі кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз тиегін осы арнадан сабақтады. Бұдан кейін сөз алған Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы Төр­а­ғасының орынбасары Ералы Тоғжанов бұдан біраз жыл бұрын Қазақстанға дәстүрлі діндер съезіне келген сапарында сол кездегі Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Қазақстандағы сүттей ұйып отырған ауызбіршілікке қатысты айтқан бейнелі сөзін мысалға келтірді. Мәртебелі мейман: «Қазақстанды мызғымастай етіп ұстап тұрған, тіреп тұрған үлкен күш, ұлы күш – этностар мен ұлт өкілдерінің бірлігі. Олардың өзара татулығы. Жас мемлекеттің мықтылығы да осында. Ал Қазақстанда құрылған Ассамблея – әлемдік деңгейдегі үлкен институтқа айналып отыр». Бұдан соң Ералы Лұқпанұлы республикада бой көтерген Достық үйлері жігерге жігер, күшке күш қосатын құрылым бола алатынын атап көрсетті. Оралда бүгінгі күні ашылып отырған Достық үйі соның бірі әрі бірегейі, деді ол. Ғимарттың ашылу рәсімі кезінде орыс этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Сергей Пого­дин­нің өз сөзін қазақ тілінде бас­та­­ға­ны да қазақстандық бір­тек­ті­­ліктің көрінісіндей әсер қалдыр­ды. Мұнда өңірдегі этномәдени бірлестіктердің офистері орналасып та үлгерген екен. Рәсімге қатысушылар мен меймандар, соның ішінде Бүкілқазақстан кәрістер қауымдастығының төрағасы Роман Пак Достық үйін аралап көрді. Ғимаратта достық пен бірліктің туын биікке көтеруді мұрат тұтқан этномәдени бірлестіктер мүшелерінің бәрі қазіргі әлемдік деңгейдегі ақпараттық технологияның барлық түрлерін емін-еркін пайдалана алады. Қысқасы, зерделі жанның жанына қажеттінің бәрі де мұқият ойластырылған. Мәдени бірлестіктердің кабинеттері мен бөлмелері белгілі бір этнос өкілдерінің салт-дәстүрлер ерекшелігіне сай жабдықталған. Ал айнадай жарқыраған биік те еңселі, әрі аумағы атшаптырым конференц-залдар мен көрме-холлдар өзінің айшықты ажарымен кез келген адамды тамсандырып, таңдандыра алады. Сіз, мүмкін, дыбыстық жазу студиясының қызметін пайдаланғыңыз келетін шығар? Достық үйінде бұған да толық жағдайлар бар. Сондай-ақ, мұнда Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашы болатын сан-алуан іс-шаралар да өткізілмек. Осылайша кеше Оралда Достық үйінің салтанатты түрде ашылуы бүкілхалықтық мерекеге әрі татулық тойына айналды. Достық үйінің аспан түстес көк күмбезі көгілдір көктемдей, жүректерді бір желпіндіріп өткендей әсер қалдырады. Сірә, бұл жалпақ дүниеде достыққа жетер күш, достыққа жетер құдірет бола қояр ма екен?! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.