04 Ақпан, 2016

Қызылордада ақбөкенді заңсыз атқан аңшылар ұсталды

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
04.02.2016 QZO ҚЫЗЫЛОРДА. 4 ақпан. Қызылордалық құқық қорғаушылар Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылына қарасты «Бөгедек» учаскесінде «Тойота Ланд Крузер-100» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Автокөлікке қарау жүргізу барысында, көліктің салонынан 2 дана 12 калибрлі аңшы мылтығы және 172 дана мылтықтың патрондары анықталып, заттай дәлелдеме ретінде алынды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Оқиға орнына тексеру жүргізу кезінде, сексеуіл бұталарының арасына жасырылған аяқтары кесілген 18 дана ақбөкен аңына ұқсас өлі жануардың денесі алынды. Оқиға орнынан 20, 28 және 29 жастағы 3 азамат ұсталды. Қазіргі таңда, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы, 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Егер де сезікті азаматтардың кінәлары толық дәлелденген жағдайда, оларға қатысты заңсыз аңшылық дерегі бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz