Әдебиетті, ақын-жазушы кітаптарын қайта оқу, жаңаша тану деген әдебиеттану ғылымы мен сынның мәңгілік қызметі. Өйткені, әдебиеттің, көркем шығарманың өзі мәңгілік. Уақыт өтеді, заман өзгереді, қоғам алмасады, сонымен байланысты құндылықтардың бағасы не кемиді, не өседі. Бір кезде бағаланбағандары алға шығады, мақтаулы дүниелердің бәсі кемиді. Осындайларды түсіну үшін қоғам мен оның алмасуының сырын, өмір философиясының ауысуы заңдылықтарын түсіну керек. Менің бүгінгі сөзім де осы үлкен әдебиеттік проблеманың бір үзігі.
Мәселе, Жамбылды қайта оқу мен жаңаша тану жөнінде.
Жамбыл – өз заманының ұлы ақындарының бірі. Кезінде оның шығармалары аударылып, дүниежүзіне тарады. «Қазақ» деген халықты әлем бірінші рет Жамбыл есімімен байланысты таныды деп айтсам да артық емес. Ол кеңестік саяси жүйені, социалистік даму жолының артықшылықтарын, жаңа құрылып жатқан қоғамның табыстарын жырға қосты. Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері майдан даласын шарлап, жауынгерлерді ерлікке, ел қорғауға шақырды. «Ленинградтық өренім» деген өлеңнің тарихын елдің көбі жақсы біледі. Ол Ленинградты қорғаудың нағыз бір ауыр күндерінде шығарылып, қаланы қорғаушыларға дем берді, оларды жігерлендірді. Танымал орыс ақыны Н.Тихонов пен А.С. Прокофьев сияқты ленинградтықтар оған куә болып, естеліктер қалдырған. «Жамбыл Лениградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарында тұрды» деп жазды Н.Тихонов. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдығы атап өтілгенде, дүниежүзінің ұлы ақын-жазушылары Мартин Андерсен Нексе, Ромен Роллан, Анри Барбюс, Рабиндранат Тагор, Катерина Сусанна Ричард, т.б. ақынды құттықтап хат, жеделхаттар жолдаған. Кезінде ол «ХХ ғасырдың Гомері», «Халық поэзиясының алыбы» атанды. 1941 жылы «Әлемге аян жырлары үшін» делініп, оған Одақтық дәрежедегі Сталиндік сыйлық берілді. Мұның бәрі Жамбылдың ақындық талантын, көшпелі халықтың табан астында суырып салып өлең айту өнері мен тапқырлығын бүгінгі заманға жеткізіп, шыңдағанын, жетілдіргенін мойындаудан туған еді. Ақын жырларының биік образдық сипаты, тілге байлығы әркімді-ақ қызықтырған.
Кезінде, Жамбылдың атағы дүрілдеп тұрған заманда, ақынның табыстарына қызғаныш көрсетіп, оның үстінен Сталинге қаралау хаттары түскені де жасырын емес. «Жамбыл деген ақын жоқ. Оның аты ойдан шығарылған» деп жазған арызшы хатты Сталиннің қолына тигізген. Сталин бұл мәселені анықтауды Фадеевке тапсырыпты. Фадеев Леонид Соболевті Алматыға жібереді. Алматыда Соболевпен бірге М.Әуезов пен Ә.Тәжібаев жүреді де, Соболевтің Жамбылмен әңгімесіне, оның жырлау процесімен танысуға қатысады. Олар Жамбылдың қазақтың халық поэзиясын жатқа көп білетініне көңіл аударады. Соболев ондағы образдарға қызығады, таңғалады. Сүйінбайдың Тезек төреге айтқан өлеңінде ақынға сыйлаған атты «қатып қалған кірпігі кәрі ат екен» деген бейнелі суретті таңырқап, «мұны Холстомердің» авторы Толстойдың өзі де аңғармаған болуы керек» депті. Жамбылдың өз өлеңдері мен жаңа жырларын тыңдайды. Сөйтіп, Соболев арыздың жала екеніне көз жеткізеді. Кетерінде Жамбылды құшақтап, сақалынан сүйіп, «Мен қазақ болсам, тек Жамбылмен ғана бірге болар едім, аузынан шыққан сөздерін жаза берер едім» дейді. Сонымен бірге, Соболев Жамбылдың табан астында өлеңді суырып салып шығаратынына, шеберлігіне, жыршылық өнеріне, халықтың ғасырлар бойы шығарған жырларын жатқа білетініне көз жеткізеді. Мұхаң толқып тұрған Соболевке «Жамбылдың басында миллионнан артық ұйқас бар. Ал, ырғақ, ассонанстар қаншама!..» дегенде, Соболев: «Ақын – жауынгер, ол күнде сайыс, күнде атыста жүретін солдат. Оның жадындағы миллион ұйқас лентаға тігілген пулемет оғы емес пе?.. Тұрып қара мұндай пулеметшінің алдында» – деп жауап қатыпты. «Мінеки, саған импровизацияның ат басындай алтыны, тез жаз, жаз» депті ол хатшыларға. Осыдан кейін Жамбыл жөніндегі өсек-аяң қайта көтерілмеген. Соғыстан кейінгі бір жылдарда, Қазақстанда ұлтшылдық іздеу науқаны жүріп жатқан кезде ақынға тіл тигізудің кейбір фактілері кездесіп барып басылған. Енді, міне, еліміз тәуелсіздік алған тұста бұрынғы қоғамдық жүйені, социализмді сынаушылар оған Жамбылды қосақтап жіберуге тырысқаны да елге белгілі, оны социализм мен Сталинді мадақтаушы деп түсінді. Оған қолдан жасалған ақын есебінде қарады. Қазір бәрі қалпына келіп жатыр. Мәдени мұраға деген көзқарас жөнделгеннен кейін ғана Жамбылдың кім екенін, ол жырлаған заманның ерекшеліктерін енді-енді түсіне бастағандаймыз.
Жамбылдың ұзақ жасауы (бір ғасырға жарты жылдай ғана жетпеді) мен екі заманның бірдей куәсі болғанын, бар өмірін туған халқының тағдырымен байланыстырып, оның мұң-мүддесін, арман-мұратын жырларына арқау еткенін, дәстүрлі қазақ жырын жаңа дәуірдің талап-тілектеріне орайластыра, жаңартып, жетілдіре білгенін ешуақытта естен шығаруға болмайды. Ол осы жолмен өз тағдырын өзі жасады, ешкім оны қолдан жасаған жоқ. Ол кәсіби ұлттық әдебиеттің өкілдерімен қатар өмір сүрді. Сол әдебиеттің жаңалықтарын халық поэзиясында пайдаланып, өзі білген халықтың сөз өнерінің байлығын, азаматтық дәстүрін бойына сіңірді. Сөйтіп, халық поэзиясы мен жазба әдебиеттің арасындағы көпір сияқты болды. Бұл жағдайлар, Жамбылдың шығармашылық өнері ХХ ғасырдағы халық поэзиясында жаңа бір өрлеу туғызды.
Жамбыл – көп жасаған адам. Елдің бәрі біледі, халық бір-біріне «Жамбылдың жасын берсін» деп бата беріп жатады. Көп жасаған адам көпті көреді. Ел өмірінің не қилы ауыртпашылықтарына куә болады. Кедей ақын өзі де оны халқымен бірге басынан кешеді. Оның жырлары да сол шындықпен іштей байланысқан, тұтасқан. Ол ел тұрмысының, әсіресе, төменгі халықтың кем-тар тіршілігін, ел билеушілердің әділетсіздігін, қоғамдағы таптық қайшылықты жақсы білді. Оның өмір мектебі осыларды танудан басталады. Ақын еңбегі мен бейнеті жанбаған адамның аянышты өмірі мен оларды тағдыр талқысына салған заман қатыгездігін жырға қосты.
Сары түнде сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей,
Сахарада салпақтап күндіз-түні
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей, – деген өлең жолдарының өзінде қаншама шындықтың суреті жасалған.
Жамбыл шынайы шындықтың ақыны болды. Ол ұстазы Сүйінбай сияқты, ешкімге жалтақтамай, бетің бар, жүзің бар демей, көргенін жасырмай айтуға дағдыланды. Мұны көбінесе ел билеушілер жайындағы өлеңдерінен тануға болады. Ол ел басындағы ауыртпашылықты, әділетсіздікті, болыстардың парақорлығын, қатыгездігін бетіне баса отырып, халық пен ұлық арасындағы бітіспес қайшылықты, орыс әкімшілігі қыспағындағы елдің жүдеу тіршілігін терең талдай алды, сынап шенеді. Сәт деген болыс қайта сайлауға түсерінде, Жамбыл айтқан өлеңде Сәт билеген заманды халықтың қайғылы дәуірі етіп суреттейді де, осыны қайта сайлау керек пе, жоқ па дегендей, елге ой сала сөйлейді.
Қайымады түйелер,
Қысырады биелер,
Қыста қырсыз жұт болдың.
Елге жүгіңді үйе бер,
Шығынмен де шаршаттың,
Енді қайтіп күй енер, –
дейді ол Сәт болысқа. «Шалтабайға» деген өлеңінде Абай суреттеген болыстың мінез-құлқын танып, сайлау кезіндегі шабуылы мен билікке жеткеннен кейінгі салғырттығын сынайды. Бай, болыстардың адамдық мінез-құлқындағы ұсақтықты, қараулықты ақынның басқа да өлеңдерінен («Қалиға», «Мәмбетке», «Есенәлі мешкейге», «Кәдірбайдың төбеті», т.б.) көруге болады. «Өстепкеде» желді күнгі қамыстай ұлық көрсе жапырылып, иіліп жатқандардың қылығына намыстанып, ызаланады. Оларға ұқсап бас шұлғымай, өлеңіне сыйынады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – Жамбылдың тағылымы мен принципі.
Жамбыл кеңес өкіметі тұсында жаңа бастықтарды мадақтап, соларға жағынды деп ойлайды жұрт. Бұл – бекерлік. Ол жаңа бастықтарды іздеген адам емес. Қайта Жамбылды олардың өздері тауып алып, жаңа заманның тіршілігіне араластыруға құмарлық танытқан. Сөзі өткір ақынның бірдемесіне ілігіп кетеміз бе деп қорыққан. Сөйтіп, жалпақтап, өлеңдерін бастырып, қасына әдеби хатшы деген атпен адам бөліп қойды. Хатшылар сауаты жоқ, кәрі адамға жаңалықтардан хабар беріп, қай тақырыпқа, нені жырлау керектігін айтып отырды. Жасыратыны жоқ, Жамбылдың 30-жылдардағы көптеген шығармаларында осы қолдан ұйымдастырылған шаралардың ізі бар. Оның біраз өлеңдері белгілі бір жағдайға, науқанға үн қосу үшін әлеуметтік тапсырма ретінде жазылған. Соның өзінде қыңыр ақынның олардың айтқандарына көнбей, қисайып, сөздерін тыңдамай қоятын мінезі де болған. «Екейдің қыңыр шалы» деп аталған ақынның «Жамбыл өлең айтпайды қисайған соң» деген өлеңі де бар.
Не нәрсені болса да, ақын көзімен барлап, сурет күйінде танып үйренген Жамбыл елдің үлкен басшыларымен кездескенде де осы байқампаздығынан танбаған. Мәскеуге барғанда, орден тапсырған кісіні «Теке сақалды» деп, басқа біреуін «Мұрты тікірейген» деп айтқаны жөнінде әңгімелер бар. Жағымпаз адам басшылар жөнінде сыртынан болса да, осындай сөз айта ма? Және ол заманның басшылары ондай сөзді естісе, кешіре де қоймайтын.
Қай заманның ақыны болса да, жай пенделер сияқты өз дәуіріне тәуелді, соның туындысы. Жамбыл шығармашылығы да сондықтан ХХ ғасырдағы біздің қоғамдық дамуымыз бен шындығымыздың сәулесі. Жаңа заман орнап, кеңестік билік іс басына келген кезде Жамбыл – жетпістен асқан адам. Қарт, кедей, жоқшылықта өмір кешіп жүрген ақын көппен бірге жаңа өмірді қабылдады, жаңа өкіметке сенді, олардың теңдік, бостандық туралы айтқандарын шындыққа балады. Бір Жамбыл емес, бүкіл халықтың кедей тобы, ақындар да оған үмітпен қарады. Жамбылдың кеңес кезіндегі өлеңдері негізінен солай туған. Әдебиетте де, өмірде де ол кезде жақсылықты мадақтай насихаттау, кемшілікті көрмеу салт болатын. Социалистік реализм деген шығармашылық әдісіміз де осыған үндеді. Сол көппен бірге Жамбыл да осы жолмен жүрді. Әдебиет, ақын атаулының бәрі социализмді мадақтады, оның көсемін ардақ тұтты. Бәрінің жырлаған тақырыбы ортақ болды. Ал, солардың бәрінен де асыра, ретін тауып жырлаған Жамбылдың жазығы не? Ол да көппен бірге заманның, саясаттың құрбанына айналды.
Ауызша айтылып, табан астында шығарылатын халық әдебиетінің негізгі жанрлары Жамбыл шығармашылығында тұтастай бар. Ол – жыршы, жырау, ақын. Ел өмірін, оның батырларын жырлаған жыршы да, заманның проблемаларын, қоғамдық ізденістер жайын толғаған жырау да, сонымен бірге кәдімгі қазақ өлеңін дамытып, өз тұсындағы өмір шындығын суреттеген ақын да Жамбылдың өзі. Оның ұлылығы да осы жан-жақтылығында.
Ол халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған дастан-жырларды жатқа айтқан. М.Әуезовтің айтуы бойынша, шамамен миллион жол өлең білген. Өзі де «өлең тердім жасымнан» дейді. Сол миллионның ішінде қандай әдемілік, көркемдік үлгі жоқ дейсіз. Соның бәрі кеудесінде сайрап тұрған өлеңді суырып салып, ауызша айту үстінде сол бейнелі тіркестер мен образдар түйдек-түйдегімен ескі түрінде емес, жаңарып, алып отырған объектісіне лайықталып, жасарып, құлпырып түскен. Сондықтан да оның тілі шұрайлы, ойы кең және терең, сөзі де, мазмұны да жарқын. М.Әуезов «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Ол – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің ақыны» деген.
Үлкен толғаныс пен ұзақ ойланудан туған жыр төгетін тұста ақынның бейнесі өзгеріп, құлпырып кететінін, бәйгеге қосылған жүйріктей ешнәрсеге бөгелмей өлең сөзді лақылдатып лақтыра сөйлейтінін оның замандастары жақсы білген. Ол жөнінде талай естеліктер бар. «Жәкең домбыраны көп күйлеп отырмайды екен. Кәрі саусақтарымен қос шекті бірер қағып жіберіп..., толғай бастағанда-ақ көкірегінің шаңын жыр дауылымен сілкілегендей сергектей берді. Құп-қу бозғылт өңі көкке аунаған бурылдай қунақшып шыға келді. Мана қырман басында көргенімде, жасы әбден жеткендіктен қаусап қалған қартты бұлайша жыр толғайды деп ойлаған жоқ едім... Бастаудан нәр алған қайнар бұлақ шапшып атып, шымырланып ағып өзенге айналып, алысқа сілтеп барады. Құлағым сөзінде, көзім өзінде, ұйып тыңдаймын. Толғап-толғап бір тастап, қайырып, сәл тыныстап қайыра сілтегенде, тозығы жеткен бөздей өңіне болар-болмас жұқа қызғылт пайда болып қалып отырды», – деп жазды естелігінде Дихан ақын. Жамбылдың талай жырына куә болған Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің естеліктері өз алдына, Л.Соболев, Н.Тихонов, М.Бажан, М.Рыльский, П.Кузнецов сияқты туысқан халықтар өкілдері де шын Жамбылды сондай процесс үстінде танығанын айтқан.
Сол Жамбылмен 1937 жылы Шота Руставелидің тойына бірге барған Мұхамеджан Қаратаев та Жамбылдың сол тойдағы жырын қатты таңырқап есіне алатын. Ол туралы сыншы жазды да. Одақтық жазушылардың Мәскеуде өткен бір съезінде Мұхамеджан Микола Бажанды көріп қалып, «Үлкен кісі ғой, сәлем берейік» деп, мені ертіп барғаны есімде. Мұхамеджан өзін таныстырып, қазақ жазушысы екенін, Шота Руставелидің тойына Жамбылмен бірге барғанын, сонда кездескенін есіне алғанда, Микола Бажан таңырқап, Жамбылдың сол тойдағы жыры жөнінде әңгімелеп кетті. «Өмір бойы ұмытылмайтын оқиға болып еді» деді. Осындай таңырқау Н.Тихонов пен Л.Соболевтің жазғандарында да бар.
Жамбыл әзіл-қалжыңға шебер, байқағыш, әркімді өлеңмен қағытып отыратын көңілді адам болған. Оның жырлары мен дастандарында, жеке адамдарға арнаған өлеңдерінде осы ауызекі айтылатын қалжың сөздер жиі кездеседі. Ең бастысы – суырып салып айтылатын өлеңде желісі үзілмейтін, оны-мұны бөгетті аңдамай өте беретін ой мен сөз ағыл-тегіл еркін айтылады. Бұл – эпостық жыр дәстүрінің күшін, оның ақын шығармашылығындағы биік орнын да белгілейді.
Жамбылдың өлең-жырлары отаншылдығымен, елін, жерін мақтан тұтқан сезімінің байлығымен ерекше бағалы. Әсіресе, Қазан төңкерісінен кейінгі өзгерістерді, жаңа қоғамның орнауын, табыстарын ол шаттана жырға қосты. Өзінің жасаруын елінің осы өзгерістерімен байланыстырды.
Жалғанды жалпағынан басып өтіп,
Жасарып, қайта туып алдым бекіп.
Қаусаған отыз тісім қайта шықты
Болғанда қызыл иек әлім кетіп, –
деген жолдарындағы образдар қандай керемет. Өзінің жасарған көңіл-күйін қалай шебер суреттеген. Қаусаған отыз тістің қайта шығуы – осы жаңарған жастықтың көркем бейнесі сияқты.
Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл Мәскеуді, Ленинградты, тағы басқа Отан шебін қорғауды қолдап өлеңдер шығарды. Оның өлеңдері майдан газеттерінде жарияланды. Оларды оқыған солдаттар жастық жігермен соғысты. 1942 жылдың көктемінде майданнан келген бір хатта «Жыр алыбы Жамбыл ата! Қазақ халқы мен орыс халқының ұлдары Дүйсекей Сейітов пен оның командирі Борис Сахаров фашизмді жоқ қылу үшін ерлікпен күресуде. Бізге қуатты жырыңызды жіберіңіз. Жырыңыз бізге көмек береді», – деп жазылған. Мұндай хаттар Воронеж майданының жауынгерлерінен, майдандағы қазақ жауынгерлерінен көп түскен. Ақынның ұлы Алғадай әкесіне хат жолдап, өз бөлімшесінің атына өлеңмен сәлем жолдауды өтінген. «Сіздің өлеңіңіздің бізге көп жәрдемі тиеді екен» – деп жазған. Осы хаттардың бәріне Жамбыл өлеңмен жауап қайтарған. Оларда қазақ поэзиясының эпостық кең тынысты дәстүрін дамыта отырып, ақын патриоттық сезімге толы патетикалық толғаулар, жырлар, өлеңдер тудырған.
Жамбыл мұрасы бай. Оның ерлікті жырлаған дастандары, айтыстары, қара сөз түріндегі баяндау әңгімелері, әзіл-қалжың өлеңдері, жеке адамдарға арнаулары оның шығармаларының жанрлық байлығын паш етеді. Олардың бәрі зерттеулер мен өмірбаяндық еңбектерде кеңінен талданған.
Сақалым темір күрек борға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған.
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған.
Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,
Аузымды опырайтып тісімді алды.
Босатып буынымның шегелерін,
Сыпырып тұла бойдан күшімді алды.
Осы өлеңдегі бай образдылық Жамбылдың барлық шығармашылығына тән. Ол образбен көріп, образбен түсінеді, таниды. Шын ақындық талант осыдан-ақ көрінеді.
Жамбыл – таза ұлттық, қазақы құбылыс. Бірақ ол ұлтшыл емес еді. Оның бойында да, ісінде де біреуді жатырқау, шетке қағу деген мінез болмаған. Өмір бойы халықтар туысқандығын жырлап өтті. Әсіресе, отызыншы жылдары және Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жеріне қоныс аударып келген адамдарға, балаларға қайырымдылықпен қараған. Қ.Сатыбалдин естелігінде Жамбылдың Родо деген негр баласымен кездесуі туралы әңгіме бар. Еңгезердей тұлғалы, еріндері екі елі, көмірдей қап-қара негр ақынға қатты әсер еткен. Жамбыл оны «Қара бала» деп атапты. Оған жаныашырлық шырай танытыпты.
– Көзін көрдің бе қара баланың, ботаның көзіндей. Қайғы басқан адамның көзі дәйім осындай болады. Ішқұса күйік жеген байғұс екен бұл, – деген. Оған өлең айттырып тыңдапты. Сонда «ботасы өлген інгеннің боздағаны сияқты, әні зарлы екен. Мына бишараның көрген күні күн емес шығар», – депті.
Жамбылдың ақындық мұрасы біраз зерттелген. Оның шығармаларының баспа бетін көруіне кезінде С.Сейфуллин араласқан. М.Әуезов, С.Мұқанов бастаған қазақ ақын-жазушыларының көбі Жамбыл жайында мақалалар, естеліктер жазған. Арнайы зерттеулер де бар. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Жамбыл туралы жаңа көзқарас қалыптастыру, оны «социализм мен Сталиннің жыршысы» деген ұғымнан арашалап алу шаралары қолға алынды. Жамбылдың жаңа жинақтары, толық жинақ (4 том) шықты. Оларға С.Садырбаев, Б.Ыбырайым үлкен еңбек сіңірді. Зерттеулер ішінде М.Жолдасбеков пен У.Қалижанов еңбектері аса бағалы. Бірақ мұнымен шаруа бітті деп қарауға болмас. Әлі де жалғасатын істер көп. Ауызша шығарылған ақын жырлары халық жадында сақталып, біртіндеп табылуы мүмкін. Оларды тауып зерттеу, жариялау күн тәртібінен түспейді. Жамбыл жырлаған жырларды да тауып, шығармаларына қосып, оның негізгі халықтық нұсқадан айырмашылықтары болса, соны тауып тексеру де қажет. Б.Ыбырайым соңғы 4 томдыққа ақын жырлаған «Қыз Жібектің» қазақша, қырғызша нұсқаларын кіргізіпті. Оны құптауға болады.
Жамбылды бүгінгі жастар аз біледі. Кітаптарын оқымайды. Қазақтың қазақ екенін, қандай халық болғанын, мәдени, рухани мұрасын түсініп, өзіңді байыту үшін алдымен Абай мен Жамбылды, содан кейін қалған әдебиет үлгілерін оқып үйрену керек. Онсыз жастар қазақы мінез-құлықты бойына сіңіре алмайды.
Ең соңында Жәкеңнің М.Әуезовке айтқан бір сөзіне көңіл аударғым келеді. «Асып тұрған ақылым жоқ, жер тесіп кеткендей шешендігім жоқ, біліп тұрған білімім жоқ, оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім – сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым» – депті ол. Бұл – ұлылықтан туған кішіпейілділік емес пе? Ақынның:
Жамбыл – менің жай атым,
Халық – менің шын атым,
Жал-құйрығым, қанатым, –
деуі де осыдан болар.
Жамбылды Жамбыл еткен – ең алдымен, өз халқының мол рухани мұрасы. Оның бостандық, әділдік, теңдік жайлы ойлары да сол халық жырларынан ауысқан. Ақын мұрасының бағалылығы да, өлместігі де сол халқына деген сүйіспеншілігінен, оған деген өлмес махаббатынан.
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик.