Адам баласының аңқаулығында, сенгіштігінде шек жоқ қой. Бір алаяққа екі-үш адам, мейлі бесеу болсын, әрі кеткенде он адам алдануы мүмкін деп ойлаймыз. Әйтсе де, кей алаяқтардың адамды арбау шеберлігінде де шек жоқ екен.
Жамбыл облысында шағын несие беретін ұйымның бір қызметкері 110 адамның атынан несие құжаттарын рәсімдеп, аяғында 50 млн. теңгеден астам қаржыларын жымқырып кеткен. Әр адам 350 мың мен 1,5 млн. теңге аралығындағы несие құжаттарына қол қойыпты. Осыншама жанды бір қызметкердің қалай алдап кетуі мүмкін?
Жәбірленушілердің айтуына қарағанда, әлгі қызметкер несие алушыларды гипноз арқылы арбаған көрінеді. «Ол қызметкер үйіме екі күн қатарынан келіп, менің несие алып, өзіне беруін өтінді. Отбасылық мәселесін айтып жылап, өзім төлеймін, деді. Мен басында келіспедім. Сосын қалай арбағанын қайдам, құжаттарға қол қойдым. Енді қазір несиенің сомасын өзім төлеп жатырмын», деп күйінеді Гүлмира Қойшыбекова. Алаяқ қызметкер әр несие алушыға әртүрлі жағдай айтқан. Біресе баласының ауырып қалғанын, біресе отбасындағы қиын жағдайды, енді біреуімен қаржыны бөліспекші болыпты.
Алайда, шағын несие беру ұйымы басшысының орынбасары Құрманбек Бимұрзаев «Бұл жәбірленушілер кассадан алған ақшаларын әлгі қызметкерге өз еріктерімен берген. Біз осы мәселені толық анықтағанша әлгі қызметкерді жұмысынан шеттеттік. Қазір ол демалыста» дейді.
Бүгінде полиция жүзден астам адамды сазға отырғызған алаяқты іздестіру үстінде. Әйтсе де, оның кінәсін дәлелдеу қиынға түсетін сияқты. Өйткені, несие алушылар құжаттарға өз еріктерімен қол қойып, өз еріктерімен ақшаны басқаға берген. Бірақ несие беру ұйымы басшыларының әлгі қызметкерді полицияға ұстап берудің орнына жұмыстан босатып жібергенін қалай түсінуге болады?
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.