«Бауыржан» қоғамдық қоры жетінші рет ел ішіндегі қайырымды жандардың есімін атап, «Алтын жүрек» сыйлығын табыс еткен болатын. Солардың ішінде денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін Жамбыл облысындағы «Амазонка» қоғамдық қорының директоры Анжелика Сарьянның есімі де ерекше аталып, «Алтын жүрек» сыйлығына ие болды.
Қамкөңіл жандарға қолын созып, психологиялық тұрғыда күш-қуат беретін «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау» қоғамдық қорында бүгінде 12 адам еңбек етеді. Қоғамдық қор облыс тұрғындарын онкологиялық ауру түрлері бойынша ақпараттандырады, тегін дәрігерлік тексеруден өткізіп, кеңес береді. Сондай-ақ, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді. Бүгінде қор «Хоспис на колесах» жобасы аясында жұмыс істеуде. Өткен жылы ғана Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі Анжелика Сарьянды арнайы қабылдап, бұл ұйымның тірлігіне ризашылығын білдіріп, жаңа «Газель» көлігінің кілтін тапсырған болатын.
– Күнделікті өмірден көріп-біліп жүрсіздер, онкологиялық ауруға шалдыққан жандар көбінесе сары уайымға салынып, баз кешіп, дертін тіптен асқындырып алады. Біздің қордың қызметкерлері осындай жандарға көмек беріп, қолдау көрсетеді. Яғни, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан арнайы бөлінген дәрігерлер біздің психологтармен бірлесіп, науқас жандардың жағдайын жасауға тырысады. Шынын айту керек, біздің қорға көбінесе жалғыз-жарым, ешқандай жанашыры жоқ жандар хабарласады. Адам баласын осындай қамығып жүрген сәтінде жалғыз қалдыру – қылмыспен пара-пар тірлік. Шынын айту керек, біздің психологтардың жәрдемі науқас жандардың өмір жасын аз да болса ұзартатыны анық. Бұл дегеніміз адамның жан дүниесін түсіну, сол арқылы төсекке таңылған жанға күш-қуат беру. Облыс әкімі К.Көкірекбаевқа көп алғыс айтамын, «Амазонка» қорының жұмысын жоғары бағалап, арнайы көлік берді. Жалпы, біздің елде үкіметтік емес ұйымдарға көп жәрдем көрсетіледі. Бұл біздің жұмысымызды да жеңілдетіп, ұжымдағы қызметкерлерді де жігерлендіріп, тірлігімізге үлкен серпін береді, – дейді Анжелика Сарьян.
Иә, шынында науқас жанға паллиативті көмек беру – әр адам баласының борышы. Ендеше, бұл қордың қызметі қолдауға әбден лайық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.