06 Ақпан, 2016

Үш мыңнан астам үміткер іріктелді

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-590Кеше «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында кезекті брифинг ұйымдастырылды. Онда партияның мәслихаттар депутаттарын таңдау жөнінде өткізген партия ішіндегі праймериздерінің қорытындылары туралы айтылды.   Баспасөз мәслихатына партия хатшысы Қаныбек Жұмашев пен партияның Орталық аппараты Ұйымдастыру-бақылау де­партаментінің директоры Жігер Қалиев қатысты. Мәлім болғандай, «Нұр Отан» партиясы мәслихаттар депутаттарын таңдау жөніндегі партия ішіндегі праймериздерді өткізіп, ішкіпартиялық сайлаудың қоры­тындысы бойынша депутат мандатына лайықты 3 мыңнан астам үміткерді анықтаған. Праймериз биыл екі пішімде өткен. Бірі сайлаушылар жиыны болса, екіншісі – бастауыш партия ұйымының жиыны. Праймериз – партияішілік сайлау үдерісі. Оның қорытындысы бойынша саяси партиядан мәслихат депутаттығына бір ғана кандидат таңдалады. Сондықтан да, праймериз мақсаты негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу болып табылады. 26 қаңтар мен 4 ақпан ара­лығында «Нұр Отан» партиясы еліміз бойынша 3335 праймериз өткізген. Партияішілік сайлауға 340 мыңнан астам нұротандық қатысқан. «Аудандық, қалалық, сонымен қатар, облыстық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Онда округтер дауыс береді. Сол округтерде орналасқан біздің бастауыш партия ұйымдары өздерінің үміткерлерін ұсынып, олардың арасында партияішілік сай­лау өткізіледі. Әрине, бұл партияішілік сайлауға қатысқан үміткерлер өздерінің мақсат-міндеттерін бағдарламаларда ұсынады. Бұл бағдарламалар бас­тауыш партия ұйымдарының жиналыстарында немесе сай­лау­­шылардың жиындарында талқыланып, дауысқа салынып, соның ішінен ең үздік ортақ үміткер шығарылады. Осылайша, партияның жарғысына сәйкес бірнеше сатыдан өтіп, партия атынан сол округ бойынша сайлауға ұсы­нылатын үміткер атанады. Бұл – дәстүрлі түрде өткізілетін шара. Бүгінгі таңда біз шараны аяқтадық. Ақпанның 12-сіне дейін барлық аудан, қала, сонымен бірге, облыстарда праймериздерде жеңіп шыққан үміткерлерді конференцияларда ұсыну жұмыстары жүргізіледі», – деді Қ.Жұмашев. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».