ТАРАЗ. 6 ақпан. Бүгінгі күні Жамбыл облысында 425 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде (258 балабақша, 167 шағын орталық) 45399 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында 53,3 пайызды, 3-6 жас аралығында 75,0 пайыз. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасының мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен 2020 жылдарға қарай 100 пайыз қамту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жекеменшік пен мемлекеттік әріптестігі негізінде өңірімізде жақсы тәжірибелер бар.
Атап айтқанда, Тараздың қәсіпкерлері «Інжу» атындағы 280 орындық балабақша мен 1-6 сыныптарға арналған мектеп-гимназия кешені толықтырып отыр. Үш қабатты зәулім ғимаратта балғындар үшін барлық жағдай жасалған. Бірнеше ойын бөлмелері, оқу сыныптары, музыка, бейнелеу өнері залдары, бассейн, пластиктен жасалынған ойын аландар және басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер бар.
Сондай-ақ, 330 орындық «Аю» балабақшасы ашылды.
2010 жылға дейін облыста 2 жекеменшік балабақша болса, бүгінгі күні 38 жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемелерінде 3513 бала тәрбиеленуде (36 балабақшада-3318, 2 шағын орталықта-195 бүлдіршін). Оның ішінде, 2014 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 11 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ашылса, 2015 жылы 10 балабақша ашылып, 542 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Тараз қаласында 23 балабақша мен 1 шағын орталық жұмыс істейді.
Мұндай белсенділік аудандарда да байқалады. Бүгінгі күні Байзақ ауданында 1 балабақша, Жамбыл ауданында 1, Қордай ауданында 8 бала бақша және 1 шағын орталығы, Мерке ауданы 2, Т. Рысқұлов ауданында 1 бала бақша ашылды.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет: egemen.kz