Өткен сенбі күні Қазақстанға келген жұмыс бабындағы сапары аясында Түрік Республикасының Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болып ұйымдастыруымен қазақ және түрік зиялылары, көрнекті ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері алдында арнайы дәріс оқыды. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының «Бесік» залында өткен бұл алқалы жиынға, сондай-ақ, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, сенаторлар, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустар жетекшілері, ЖОО ректорлары мен БАҚ басшылары қатысты.
Ғибратты жиынды Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков мәртебелі мейманды атажұрт төрінде құттықтап, сапарының оң, қадамының құтты болуын тілеп, қазақ-түріктің түбі бір туыстығының терең тамырларын бажайлап айта келе, бұл кездесудің айшықты мән-маңызына тоқталды.
– Біз талай қиын кездерді артқа тастадық. Бірақ тілімізді және бауырларымызды ұмытпадық. Қожа Ахмет Ясауидің басына барған сайын тебіренемін. Қазақстан мен басқа дос елдер тәуелсіздік алғанда мұны әуелі жүрегімізбен, кейін мөрімізбен таныдық, – деген А.Дәуітоғлы жиналғандарды Қазақстан Тәуелсіздігінің алдағы 25 жылдығымен құттықтады. Одан соң тарих пен жағырафия ешқашан өзгермейтінін еске салды. Жібек жолының бойында ата-бабаларымыздың үлкен мемлекеттері бой түзегенін, Сараеводан Қытайға дейінгі аймақта тұратын халықтар түркі тілінде сөйлейтінін тілге тиек етті. Олай болса, қазіргі негізгі мақсаттардың бірі – достық пен туыстық аясында көлік және энергетика арқылы аймақтар мен елдерді бір-бірімен байланыстыру. Осы ретте, Түркияның кемежайлары Қазақстанның кемежайлары болады.
– 25 жыл бұрын Астанаға келген болсаңыз, шағын қалашық көрер едіңіз, – деді мәртебелі мейман. – Осы қалашықтың бүгінгідей жарқын сәулетке ие болуы түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының үлкен жетістігі. Бұл елдің үлкен мүмкіндіктері бар. Еуразияны бейбітшілік кеңістігі жасауымыз қажет. Осы ретте Түркия мен Қазақстан өз бағыты мен мақсаты бар тұрақтылық мекені. Қазақ пен түріктің әлеуетін қоссақ, айтарлықтай экономикалық жетістікке жете аламыз.
...Осы сипаттағы мазмұнды дәрісті жиналғандар ықыласпен тыңдады. Халықаралық Түркі академиясы профессорының мантиясы ретінде жабылған құндыз бөрікті қазақ шапаны Түрік Премьеріне бек жарасты.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».