Біз сан жылдар бойы Ақ үйдің символына айналып кеткен Консепсьон Пиччиоттомен 2010 жылдың сәуірінде кездескен едік. «Кездескен» дегеніміз де артықтау, дұрысы аты аңызға айналған әжейдің өзінің үйреншікті тұрақты орнынан өзіміз тапжылмай барып, тауып алғанбыз. Мына сәйкестікті қараңыз, дәл сол тұста Вашингтонда ядролық қауіпсіздік жөнінде кезекті ғаламдық саммит өтіп жатқан болатын. Жаһандық жиында әлемнің әр қиырынан 47 елдің президенті мен халықаралық ұйымдардың басшылары бас қосты. Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация құрамында біз де бар едік.
Әлемдік саясаттың екі тізгін, бір шылбырын ұстаған Ақ үйдің қарсы алдында баяғыдай қасқайып тұр еді кемпір. Жақындап келіп, жөн сұрастым. Сосын қарияны ыңғайыма тартып, шүйіркелесуді ойладым. Соның алғы сөзінде өзімнің ядролық қарудан өз еркімен саналы түрде бас тартқан елден келіп отырғанымды баян еттім. Кәсіби амалым алдамапты, оны естіген бойда әжейдің жүзі жылып сала берді. Бір риза болғаным, атомды залалын тәрк еткен Қазақстан туралы, оның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайында Консепсьонның біраз мағлұматтары бар екен. Қолымдағы «Washington post» газетінің су жаңа санындағы Елбасымыздың бейнесін көргені сол еді: «Мен оны білемін», – деп кішкентай жұдырығынан бас бармағын шығарды, жақынын көргендей жымиды. Сексен жасқа қарай аяңдаған қарттың жадының мықтылығына тәнті болғанмын сонда.
Осынау 35 жылда әжей Ақ үйдің қарсы бетінде тұрып, бес президенттің заманын көріпті. «Рейганнан бастап, екі Джордж Буштың үлкені мен кішісін, соңғысы Барак Обаманың президенттік мерзімін көрдім. Олардың біреуімен де кездеспесем де, әлемнің әр тұсынан Вашингтонға қыдырыстап келген түрлі ұлт пен ұлыстармен кездестім, пікірлестім, суретке түстім. Бәріне өмірдің басты құндылығы – бейбітшілік екенін ұғындырдым. Әлем халқы қақтығыссыз, қантөгіссіз, ұрыссыз, талассыз ғұмыр кешкеннен асылы жоқ. Мені қаншалықты түсінгенін білмеймін. Бірақ мен өзімді миссиямды орындағандай сезінемін. Соны қазақ жұртына айта бар. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан бейбітсүйгіш Президенті мұны әу бастан-ақ түсініпті. Иә, ол көреген адам», – деді Консепсьон қоштасарда.
Мен Консепсьонның қазақ еліне аманаттаған ізгі сәлемін жеткіздім. Рас, ол АҚШ президенттерін көрген жоқ. Бірақ ақпарат құралдары, интернет беттері арқылы күні кеше ғана өмірден өткен кейуананың бейбітсүйер үндеулері әлемнің әр тарабына тарап жатты.
Қанат ӘУЕСБАЙ.
АСТАНА – ВАШИНГТОН –АСТАНА.