Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру үшін ата-анасын сыйлайтын, Отанын сүйетін, мәдениетті, ел тарихын жақсы білетін, ел бірлігі, толеранттылық және халықтар достығын құрметтейтін, рухы бай, еңбексүйгіш, денсаулығы мықты, өз ана тілін және шет ел тілдерін меңгерген, сапалы білім алған, адамгершілігі мол, патриоттық қасиеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімдердің алдында тұрған ұлы міндет. Бұл идея барлық стандарттарда, оқу бағдарламалары мен оқу әдебиеттерінде іске асырылуы тиіс.
Білім сапасы қай елдің болмасын келешегі, оның өркендеп өсуі, мемлекеттік қауіпсіздіктің түпқазығы екені бесенеден белгілі. Еліміз өткен жылы бәсекеге қабілетті елдердің ішінде 42-ші орынды иеленген екен. Осылайша 2006 жылмен салыстырғанда өз рейтингін 14 сатыға жақсартқаны отандастарымыз үшін үлкен қуаныш. Мемлекетіміз 2050 жылға дейін бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі тиіс болса, онда білім беру сапасы да сол қатардан табылуы тиіс.
Білім беру саласына Елбасымыз үнемі назар аударып келеді. Онда жүргізіліп жатқан реформалар да Мемлекет басшысының қолдауына ие болып отыр. Сондай-ақ, Бес институттық реформа, «Ұлт Жоспарына» сәйкес үстіміздегі жылдың басынан бастап ұстаздар жалақысының едәуір көтерілуі білім беру қызметкерлерінің жұмыс қабілетін арттырып қана қоймай, үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр. «Инемен құдық қазғандай» деуге тұрарлық ұстаздар қызметінің еленуі тек біз үшін ғана емес, әрбір ата-ана үшін де үлкен қуаныш болғаны анық. Білім беру саласына жасап жатқан қамқорлығы, марапатты көңілі үшін Елбасына алғысымыз шексіз.
Жұлдыз НҰРЛЫХАНОВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі.
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Шамалған бекеті.