12 Ақпан, 2016

Әріптестік айдыны кеңейе береді

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Сухейл Матар әл-Кетбимен оның дипломатиялық қызметінің аяқталуына орай кездесті. Кездесу барысында Қазақ­стан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) ынты­мақ­тастығының бүгінгі жай-күйіне және келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелер тал­қы­ланып, күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды. Тараптар екіжақты сау­да-экономикалық және инвес­ти­циялық байланыстардың қазір­гі даму қарқынына қа­нағат- ­­та­натын­дарын білдірді. Өт­кен 10 жыл ішінде БАӘ-ден кел­­ген ин­вес­тицияның жалпы көлемі 2 мил­лиард доллар бол­ды. БАӘ Қазақ­станмен ара­дағы тауар айналымы бойынша Пар­сы шығанағындағы араб ел­дері арасында бірінші орында тұр. 2015 жылғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 97 миллион дол­лар болды. Қазақстанда туризм, көлік-экспедициялық сервис, тұтынушыларға қызмет көр­сету салаларында БАӘ капи­талының үлесі бар 50 кәсіпорын тіркелген. Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның араб әлеміндегі және Парсы шығанағы аймағындағы негізгі серіктесі екенін атап өте келіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын және еліміздің Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін, сондай-ақ, БАӘ Үкіметінің Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растағанына риза­шы­лығын білдірді. Г.Әбдіқалықова БАӘ алдағы уақытта да Қазақстанда ірі инвес­тор болып қала беретінін айтты. Астанадағы құны 1,6 миллиард долларды құрайтын «Әбу Даби Плаза» көп функциялы кешенінің құрылысы, ТМД және Қазақстан аумағында қызметін бастаған, капиталы 176 миллион доллар болатын «Al Hilal» Ислам банкі, «Falah Growth Fund» біріккен инвестициялық қоры – екі ел ынтымақтастығының жарқын көрінісі, деді ол. Мемлекеттік хатшы Қазақ­стан­- да ЭКСПО-2017 көрмесі аума­ғында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғанын, ол Ду­байдың халықаралық қаржы орта­лығымен тәжірибе алмасатынын айтты. «Астана» ХҚО Қа­зақ­станның қаржы инфрақұры­лымының өзегіне, бүкіл Орталық Азия өңірінің ірі іскерлік хабына айналуға тиіс, деді Гүлшара Наушақызы. Мемлекеттік хатшы кездесу соңында Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Сухейл Матар әл-Кетбиге зор денсаулық, жаңа қызметінде табыс тіледі. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».