«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы болды. Бейнемәжіліс байланыс жүйесінде өткен жиынға «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Мәулен Әшімбаев төрағалық етті.
Белгілі саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаттары, ғылым мен өнер саласының өкілдері қатысқан жиынды ашқан М.Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 институттық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға байланысты бірқатар міндеттер жүктегенін еске салды. Осы орайда, партия Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға халықты жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тиімді бақылауды қамтамасыз ету, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерге басымдық беріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, М.Әшімбаев «Мирас» қоғамдық кеңесі өзінің алдағы отырыстарында осы реформаның «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағыты кеңірек талқыланатынын атап өтті.
«Біз бұл отырыста Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелерге сәйкес, жүзеге асыратын іс-шараларды қарауды көздеп отырмыз. Жалпы, Елбасымыздың жариялаған 5 институттық реформасы, «100 нақты қадамы» еліміздің, бүкіл халықтың алдына жаңа деңгейдегі стратегиялық мақсаттар қоятыны сөзсіз. Бұл үлкен бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемдегі аса 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосу. Ол еліміздің экономикасының, саяси жүйесінің барлық саласы мен барлық қырын қамтиды десек, артық айтқандық болмас. Бұл реформаның негізгі мақсаты – еліміздің Тәуелсіздігін күшейту және оны мәңгілік ету», – деді М.Әшімбаев.
Ол мұндай бастамаларды жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, бүкіл қоғамның, халықтың алдында тұрған міндет екенін, бұл ретте, реформаны жүзеге асыру шараларына зиялы қауым өкілдерінің қатысуын да жөн деп есептейтінін жеткізді. «Жалпы, 1 қаңтардан бастап, үлкен реформаны жүзеге асыру үдерісі басталды. V шақырылымдағы Парламент Мәжілісі 60-қа жуық заң қабылдап, осындай реформаларға құқықтық негіз қалыптастырды. Ендігі үлкен мақсат – Үкімет, Парламент Сенаты мен жаңадан сайланатын Парламент Мәжілісі, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым бірігіп, мемлекет алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру», – деді М. Әшімбаев.
Бұдан кейінгі кезекте сөз алған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты Қуаныш Сұлтанов Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған түйінді мәселелерге барынша назар аударылу керектігін жеткізді. «Адамда арман көп. Арман – адам өміріне, санасына тән ерекше құбылыс. Ал кез келген елдің, ұлттың, қоғамның басты арманы – еркін ел, тәуелсіз ұлт, мемлекет дәрежесіне жету екендігі де заңдылық. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер «100 нақты қадамға» байланысты қабылданған заңдық негіздерге сүйене отырып айтылды. Елбасы өзінің мақаласында, сондай-ақ, қабылданған заңдарды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілетіндігін жеткізді. Ал мемлекеттің жаңа сапасын кім жасайды? Оны халық жасайды. Халық өкілеттілігін берген Үкімет жасайды. Билік тармақтары жасайды. Ал еліміздің 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз дегендегі арманының бірден-бір мазмұны – ұлттық сананы қалыптастыру», – деді Қ.Сұлтанов.
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов Елбасы мақаласының өзегі қазіргі жағдайда елімізде тұрақтылықты орнықтыру және оны қамтамасыз ету екенін жеткізсе, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Әлеуметтанушылардың пікірінше, ұлттар да, өркениеттер де, мәдениеттер де адам сияқты. Олардың өсу кезеңі, кемелдену шағы болады. Бірақ, өркениеттер мен мәдениеттер, мемлекеттер адам ғұмырына қарағанда, ұзақ ғұмырлы болады. Алайда, олардың қысқа немесе ұзақ ғұмырлы болуы мемлекеттің арманына, оның ішкі ниеті мен қуатына байланысты. Егер бір елдің арманы болмаса, ол елдің ғұмыры да қысқа болуы мүмкін. Қазір Қазақстан жаңа арманмен, жаңа аңсармен, жаңа мақсатпен өзінің күн тәртібін белгілеп отыр. Демек, мұны мемлекетіміздің болашағын айқындайтын бағдары деп есептеуге болады», – деді.
Кездесу бейнеконференц байланыс жүйесі ретінде де өткендіктен, оған «Мирас» қоғамдық кеңесінің аймақтардағы мүшелері де тікелей қосылып, өздерін толғандырған мәселелер жөнінде әңгіме қозғады.
Ал жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласын насихаттау шараларын және «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».