12 Ақпан, 2016

Слесарь

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
00 Ел ішінде көп елене бермейтін қатардағы мамандықтың бірі –слесарь. Және бұл мамандықты меңгеру де оңай емес. Дегенмен, Рашид Алашбаев осы мамандық­ты таңдағанын әр кез мақтан тұтады. Осыдан 30 жыл бұрын Махамбет ауданындағы Алға орта мектебін бітіргелі бері өзі таңдаған маман­дығына адалдығынан айнымай келеді. Адалдық дегеннен шығады, алғашқы еңбек жолы бастау алған кәсіпорында табан аудармастан еңбек еткеніне 30 жылдан асты. Нақтылай айтқанда, 1985 жылы бұрынғы Петровский атындағы машина жасау зауытына алғашында слесарьдың үйренушісі болып жұмысқа орналасқан екен. Осы кәсіпорында бір жыл еңбек етіп, әскери борышын өтеуге аттаныпты. «Еңбек кітапшаңды осын­да қалдыра бер, кейін жұ­мысыңа қайта ораларсың», депті зауыттың сол кездегі директоры, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс әкімі лауазымында болған Сағат Түгелбаев. Айтқандай, Рашид екі жыл әскери борышын өтеген соң, еңбек жолы басталған зауытқа қайта оралды. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста ол еңбек ететін зауыттың аты да, заты да өзгерді. Қазір бұл кәсіп­орын «Атыраунефтемаш» ЖШС атауын иеленген. Заман талабына орай бұрынғы зауыттың құрал-жабдығы толығымен жа­ңарған. Тоқсан жылдық тарихы бар бұл кәсіпорында отан­дық экономиканың жетекші саласының бірегейіне айналған мұнай-газ өнеркәсібі үшін, соның ішінде, ұңғымаларды жөндеу, мұнай өндіру мен жинақтау және өңдеу секторына қажетті ең күр­де­лі қондырғылар шығарылады. Тіп­ті, құрылыс және жылу-энер­­­­гетикалық саласы да осы кәсіп­орынның өні­мін тұтынуға бет бұрды. Қазір аталған кәсіпорын­да ме­ха­ни­ка цехының слесарі Рашид Алаш­баевпен бірге отандық 260 маман тұрақты жұмыспен қам­ты­лып отыр. Зауыттағы әр маман өз ісін жауапкершілікпен ат­қарады. – Біздің өз ісімізге жауап­кер­шілікпен қарауымыздың бір­неше себебі бар, – деп түсін­діреді слесарь Рашид Алашбаев. – Бізде біріншіден, осы заманғы жаңа технология, еуропалық стандарт енгізілді. Бұл өнімнің сапасын арттыруға, екіншіден, тұтынушы тарапынан сұраныстың артуына ықпал ететінін түсінеміз. Өйткені, былтыр біздің кәсіпорында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ірі габаритті әрі ең ауыр, яғни салмағы 1 мың тоннадан асатын қондырғылар мен реакторларды шығару цехы іске қосылды. Дәл осы цехта алда­ғы уақытта диаметрі 9 метрді, ал ұзындығы 110 метрді құрайтын ірі колонналар құрастырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Атырауға сапары кезінде біздің кәсіпорынға келіп, жаңа цехтың жұмысымен кеңірек танысты. Әріптестеріммен әңгімелескенде, Елбасымен амандасып, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болдым. Рашид Алашбаев мұнда конс­­­трукторлар сызып бер­ген кес­кіндеменің көшірмесін металдан дайындап береді. Әрине, оңай емес. Әр кескіндеменің жүздік­пен, миллиметрмен өлшенетін тұс­тары бар. Өте дәлдікті қажет ете­­тіндіктен қателесуге болмайтынын түсінеді. Қателесіп те көрмепті, соның жемісі – 5-санат­ты слесарь. Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауы байыр­ғы кәсіпорынның келеше­гін ке­ңейтіпті. Өзінің болашаққа деген сенімін нығайта түсіпті. «Біз мем­лекеттің кәсіпорнымыз­ды қол­­­дауы­ның жемісін көрдік. Қазір еліміздің жарқын келешегі үшін еңбек етіп жүрміз. Өйткені, біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан экономикалық өркендеу қарқы­нын бәсеңдеткен емес. Бұған әлемдегі қаржылық дағдарыс әсер ете қоймайды. Бұлай деуіме еліміздің тек ТМД, тіпті Азия ел­дерінің ғана емес, сонымен бірге, жаһан мемлекеттері арасында лайықты орнын иеленгені дәлел бола алады», деген ойымен және бөлісті ол. Қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа толы Атыраудың машина жасау саласындағы біре­гей кәсіпорын – «Атыраумұнай­маш» серіктестігінің жапония­лық «Marubeni» және қытайлық «Sinopec» компанияларымен 1,6 млрд. теңгенің келісімшарты бар. «Бұл келісімшарт мұнайды терең өңдеу кешенін салып жатқан Атырау мұнай өңдеу зауытына әртүрлі жабдықтар дайындауды және жеткізуді көздейді. Біз мұны дер кезінде жасалған келісімшарт деп есептейміз. Өйткені, біз был­тырғы жылдың басында күр­делі экономикалық жағдайға байланысты ірі тапсырыстардың болмағанына алаңдап едік. Енді біз ойдағыдай жұмыс жасауды жалғастырып келеміз. Сонымен бірге, жаңадан 100-ге жуық жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік ал­дық. Жаңа жұмыс орындарына еңбекке тартылатын адамдар біздің «Marubeni» және «Sinopec» компанияларымен жасалған ірі келісімшартымызды орындауға атсалысады», дейді бұрын Еу­ропа және Батыс елдерінен та­сымалданған ірі габаритті және аса ауыр жабдықтарды шығаруды бастаған «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков. Иә, қай кәсіпорынның да жұ­мысы Рашид Алашбаев се­кілді қарапайым мамандық иелері­нің білгірлігімен жемісті болары даусыз. Айтпақшы, Рашид­тен осы кәсіпорыннан табан ау­­дар­­мауының себебін сұраған едік. «Мені де шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар жұмысқа шақырғанын жасырмаймын. Бірақ, барлық ұсыныстан бас тарттым. Себебі, бұл кәсіпорын мен үшін ыстық қой. Өйткені, осында 17 жасымда еңбек жолымды бастадым. Осында Борис Белкин, Қуандық Ерғалиев се­кілді ұстаздарымнан слесарь­лық мамандыққа машықтан­дым. Сол ұстаздарымның жолын жалғастыруды көздедім. Мұн­да еңбекақы да көңілден шығады, тұрақты төленеді. Мен өз Отанымды ғана сүйемін, демек, тек отандық кәсіпорында жұмыс істеп, елдің экономикасын көтеруге атсалысқым келеді», дейді отаншыл жігіт. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. –––––––––––––––– Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.