Бұрындары өңірдегі еңбекпен түзету мекемелерін жұмыспен қамтамасыз ету міндеті «Қызылжар-Еңбек» ЖШС-не жүктеліп келген. Алайда, серіктестік дағдарыс қыспағына шыдай алмағандықтан банкроттыққа ұшыраған. Осындай қысылшаң тұста Үкімет арнайы қаулы қабылдап, әріптестікке шағын және орта бизнес өкілдерін тарту, олардың мүмкіндіктерін пайдалану, бас еркінен айырылған жандарды оқыту арқылы қосымша кәсіпке даярлау секілді түйінді мәселелерді реттеп берді. Мұндай шешімді тығырықтан шығудың амал-әдістері ретінде қабылдаған Қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің басшылығы дереу іске кіріскен. Жазасын өтеушілерді нарық сұранысына лайық мамандыққа әзірлеу, жүйелі жұмыспен қамту шаралары кең өріс алып, семинар-оқулар ұйымдастырылған.
– Өңір аумағында орналасқан 6 еңбекпен түзету мекемелерінде екі мыңға жуық адам жазасын өтейді. Еңбекке жарамдылардың 54 пайызы нәпақаларын адал айырады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. 10-ға жуық кәсіпкермен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында киім тігу, ағаш өңдеу, темір қаңқаларын құрастыру цехтары жұмыс істейді. Алда 400 сотталушы 5 мамандық бойынша білімдерін жетілдіретін болады. Ол үшін курстар саны көбейтіліп, кәсіптік-техникалық колледждермен қарым-қатынас нығайтылады, – деді Қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі бас маман Қанат Сүлейменов.
Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқандардың қилы тағдырына алаңдап, алғаш қол созғандардың бірі – «Щеголев» жеке кәсіпкерлігі. 2012 жылы ЕС–164/4 түзету мекемесінде моншаға қажетті бұйымдар шығаратын цех ашып, 10 жұмыс орнын құрған. Былтыр жұмысшылар саны 120-ға жеткен. Евгений Щеголевтің айтуынша, оның мұндай қадамға баруына мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтар түрткі болған. Ғимараттарды жалға алу ақысы тегін. Басқадай да жеңілдіктер қарастырылған. Енді тігін цехын іске қосуды мақсат етіп, қажетті құрал-жабдықтар Ресейден әкелініпті. Абақты ішінде орналасқан кәсіби лицейде оқып жатқан 25 қыз-келіншек тігінші мамандығын алып шығады. Бұдан тысқары 10 адам ауылдық жерлерге аңшы, балықшыларға арнап киімдер тігумен айналысады. Жөке тоқу өндірісі де жолға қойылған. Кәсіпкердің ендігі бір ойы – жылыжай құрып, гүлдер, ағаш көшеттерін өсіру. Бір қуантарлығы, өнімдер еліміз бойынша тарайды.
– Әйелдер колониясындағы 200 сотталушының 90 пайызы еңбекпен қамтылған. Бос уақыттарын білім алуға болмаса еңбектенуге жұмсайды. Жыл өткен сайын қол қусырып отырушылар қатары азайып келеді. Бостандыққа шыққаннан кейін де бір қажетіне жаратары анық. Маңдай термен тапқан еңбекақылары сот шешімімен белгіленген қарыздарын өтеуге жұмсалады. Қалғандарын отбасына жібере ме, әлде жеке қажетіне жарата ма, болмаса есепшотта сақтай ма – еркі,– дейді бөлімше бастығы Мая Рамазанова.
Бүгінде 125 жазасын өтеуші кәсіби-колледждердің шәкірттері есебінде тігінші, тас қалаушы, сылақшы, газбен дәнекерлеуші мамандықтарына баулынуда. Арнайы кабинеттерді жабдықтауға былтыр 1 миллион 862 мың теңге жұмсалса, биыл 2 миллион 185 мың теңге бөлінген.
Департаментте қысқа курстарды аяқтаушыларды жұмысқа орналастыру бірінші кезектегі мәселе саналады. Өзара келісімшарттарға сәйкес «Саликов» жеке кәсіпкерлігі – 26, «Лайф» ЖШС – 10, «Ысқақов» жеке кәсіпкерлігі 7 адамға жұмыс тауып берген. Айыртау ауданында орналасқан түзету мекемесінде 4 жеке кәсіпкер ағаш материалдарын өңдеумен айналысып, 30 адам еңбекке тартылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.