Бүгінгі күннің бір талабы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табылады. Айталық, Жетісу жерінде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыс еш дабырасыз мемлекеттік саясатқа сай уақыт үдесінен шығып, тұрғындарға қуаныш сыйлауы соның жарқын көрінісі екені анық. Қашанда нақты ісімен көріне білетін өңір басшысы сәрсенбінің сәтті күнінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында 100 пәтер кілтін талдықорғандықтарға тапсырды. Нақтылай түссек, Талдықорғанның Шығыс шағын ауданында медицина қызметкерлеріне 60 коммуналдық пәтердің, ал Оңтүстік-Батыс шағын ауданында жалпы тұрғын үй алу кезегінде тұрғандарға 40 несиелік пәтер берілді.
Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасында айқындап берген негізгі басымдылықтың бірі халықтың денсаулығын жақсарту болып табылады. Бұл өз кезегінде қызметтің сапасын көтеріп, мамандарға жағдай жасауға оң әсерін тигізуде. Күні-түні тынбай еңбек ететін дәрігерлердің алаңсыз жұмыс жасауы – олардың жағдайының жақсы болуына да байланысты. Біз қай кезде де елі үшін, халықтың денсаулығы үшін аянбай тер төгіп жүрген медицина саласының қызметкерлерін құрметтейміз. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруда – еліміздегі жаңа экономикалық саясат бағыты инфрақұрылымдық нысандарды одан әрі дамытуға бағытталған. Осыған орай, Жетісу өңірінде құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Облысымызда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының барлық бағыттары қамтылып, биыл да жалғасып келеді», деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Қорыта айтқанда, бұл қадам мемлекеттің халыққа жасап жатқан жақсылығының жарқын көрінісі. Бүгінде тұрақты жұмыс орны болғанымен пәтер жалдап тұратын мамандар Талдықорғанда да баршылық. Міне, сондай білікті дәрігердің бірі облыстық кардиология орталығының хирургі Құрбанәлі Сәбденов «2010 жылы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін бітіріп, Талдықорғанға келіп мамандығым бойынша қызметке орналастым. Содан бері пәтер жалдап тұрдым. Бір балам бар. Екінші баламызды тосып отырмыз. Енді, міне, мемлекетіміздің халыққа жасап отырған жақсылығына жетіп, қос бөлмелі пәтер кілтін алдық», деді ол қуаныш құшағында тұрып.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.