12 Ақпан, 2016

Меркі мүмкіндікті мүлт жібермейді

437 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
00 Осыдан бір-бір жарым жыл бұрын Жамбыл облысы әкім­дігінде өткен үлкен жиындарда Меркі ауданы үнемі сыннан көз ашпайтын. Облыс көрсеткішінің әрбір цифры көкірегінде сайрап тұратын аймақ басшысы Кә­рім Көкірекбаев Меркінің әрбір кемшілігін қадап-қадап айтып, аудан әкімін қуырып жіберуші еді. Бұған дейін мұндай үлкен басшылық қызметте бақ сынап көрмеген Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов алғашқы кезде абдырап, шаруаны қай тұсынан бастарын білмей, біраз дағдарып қалғаны рас. Әйтсе де, «Адамды жылы сөз емес, сын ширатады» деген рас екен. Облыс әкі­мінің қатаң талап қойып, құр айқайға баспай, дұрыс сынап, дұрыс бағыт көрсете білуінен болар бүгінде Меркінің шаруасы дөңгеленіп, жыл қорытындысы бойынша аудандар ішінде алғашқы орындардан көрінді. Енді әкімдікте өткен үлкен жиындарда Меркінің мерейі тасып, аудан әкімі Б. Көпбосыновтың даусы жарқын-жарқын естілетін болды. Шынында соңғы кездері ақ бас Ала­таудың етегін жайлап жатқан Меркі ауданында ауыл шаруашылығы саласында үлкен тірліктер атқарылуда. Соның бірі ретінде өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген «Меркі ет» ЖШС-ні айтуға болады. Бұл бағытта Рысқұлов ауылында орналасқан «Меркі ет» ЖШС-не қарасты бұрынғы ет комбинатын қайта жаңғыртып, ет консервісін және шұжық өнімдерін шығару жоспарлануда. Қуаттылығы жылына 250 тонна шұжық пен 262 мың консерві шығаруға жететін бұл жобаның құны 620 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. 25 адамды жұмыспен қамтитын бұл жобаның тұсауы осы көктемде кесілмек. Айтпақшы, шикізат дайындау мақсатында бір мезгілде 3000 бас ірі қара малын бордақылайтын арнайы алаң іске қосылып, жылына шамамен 4 500 бас ірі қара малын бордақылап немесе 1100 тонна ет өндіру жоспарланып отыр. Меркідегі ауыл шаруашылығы саласы­ның жетістігі мұнымен бітпейді. Жақында осы аудандағы «Олжа» шаруа қожалығында 3 мың басқа арналған озық инфра­құрылымы бар борда­қылау алаңы іске қосылды. Аталған шаруа қожалығында өткен жылы 3 461 бас бұқа борда­қыланып, 879,3 тонна сапалы сиыр еті өңдірілді. Жалпы алғанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданның 4 шаруа қожалығы 54,0 млн. теңге несие алып, 293 бас сиыр, 12 бас бұқа, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4713 қой, «Құлан» жылқы шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 272 бас жылқы сатып алынып, жоспар артығымен орындалды. Ал «Меркі асыл тұқымды зау­ыты» АҚ-қа қарасты «Агростан» ЖШС үлкен бір тірлікті қолға алды. Олар жалпы құны 100 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыс­тарын жүргізіп, жылына 5500 бас қой және 220 бас жылқы бордақылау кешенін іске қосты. Сонымен қатар, құмды аймақтағы қой қыстауларының инфрақұрылымын жаңарту мақ­сатында Канада елінің техно­логиялық үлгісімен жасалған 18 дана малшы үйін және 18 дана мал ұстайтын арнайы қоралар соқты. Жақында «Агростан» тағы да 3000 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңы құрылысын бастады, жоба құны 740,0 млн. теңгені құрайды. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парының 60-қадамында «сүт және сүт өнімінің өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту» бойынша үш жылда атқарылатын міндеттер нақтыланса, 61-қадамда «ет өндірісін дамыту міндеті» қойылған. Осыған байланысты ауданда заманауи үлгідегі сиыр фермаларын ұйымдастырып, сүт өндіру және өңдеу кооперацияларын дамыту іс шаралары атқарылуда. Аймақтық сүт кластерін құру бойынша аудандағы 40 шаруа қожалығы бірігіп, «Меркі өнімдері» кооперативі құрылды. Бүгінгі таңда аталған кооперативке 1000 бас сиыр малын сатып алуға барлығы 600 млн. теңге, атап айтқанда, облыстық бюджеттен 300 млн. теңге және облыстық кәсіпкерлер палатасынан 300 млн. теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы 1,0 млрд. теңге сүт өңдеу зауытының құрылысын жүргізуге бөлінді. «Бірлік болмай тірлік болмайтынын» жақсы ұғынған шаруа­шылықтардың бірі – «Бахор». Бұл шаруа қожалығы «Ырыс» бағдарламасы бойынша несие алып, Ресейден сүтті бағыттағы 100-ден астам сиыр сатып әкел­ген. Қазір асыл тұқымды сиырлар жерсініп, алғашқы төлін берді. Және бұл сиырлардың әрқайсысынан тәулігіне 25-30 литрге дейін сүт сауылады. – Кооперацияға бірігудің мемлекетке де, шаруаларға да әкелер пайдасы орасан. Жекелеген шаруа­лар үшін бұл – үлкен мүм­кіндік. Біріншіден, сүт көлемі артады. Сүт көбейген соң зауыт жұмысы жүреді. Сүт өнімдерін де шығара бастаймыз. Бұл көп деңгейде пайда табудың көзі бол­мақ. Оның үстіне мемлекеттен әрдайым қол­дау болары анық. Несие алу, малға жемшөп дайындау сияқты мәселелерде мемле­кеттің көмегі көп, – дейді «Бахор» шаруа қожа­лығының төрағасы Бахтияр Хасанбаев. Ал Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың айтуына қарағанда, егер жоспар жүзеге асса, сүт көлемі 2-3 есеге артады. Ал сүтін жеке зауыттарға арзан бағамен өткізіп отырған фермерлер өнім құнын ұжым болып белгілеп, табысын өздері алатын болады. Әрине, әр істің өз қиындығы, өз бейнеті болады. Әйтсе де, Меркі әр мүмкіндікті құр жібермей, бұл салада қанатын кеңге жайып келеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. –––––––––––––––– Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.