«Бабасы еккенді баласы орады» деген нақылды облыс орталығында тұратын Абдулмажит Айсирахуновтардың отбасына қарата айтсақ, бек жарасады. Өзі, зайыбы Валентина Шамрай, ұлдары Ринат пен Роман, келіні Людмила бәрі де тіс дәрігерлері. Бір сөзбен қайырсақ, күрмеуі қиын медицина – бұл әулетке ортақ сала. Олай дейтініміз, Абдулмажиттің ата-анасы, ағасы да ақ халатты абзал жандар болған.
Үш ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәрігерлер әулетінің бастауында Абдулмажиттің ата-анасы тұр. Әкесі Мәжит пен анасы Назифа елге белгілі дәрігерлер еді. Әсіресе, анасы жайлы әңгіме бөлек. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері атанды. Денсаулық сақтау саласында тапжылмастан 60 жыл мінсіз қызмет етті. Әкесі терапия саласының тәжірибелі маманы-тұғын. Өмірден мезгілсіз өтіп, бар ауыртпалықты жан анасы арқалады. Назифа апайдың еңбекқорлығы балаларына дарыған. Абдулмажит пен ағасы Рашид жастайынан ата-ана жолын жалғап, дәрігер болуды қалады.
Абдулмажиттің туып-өскен жері – Алматы облысы. Ұйғыр азаматы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін 1983 жылы тәмамдағаннан кейін Алматы қаласының белді емдеу мекемелерінің бірінде жап-жақсы қызмет ұсынылады. Бірақ ол еңбек жолын Алатау бөктеріндегі шаһарда емес, Есілдің жағалауында орын тепкен Петропавл қаласында бастауды ұйғарады. Содан бері қырмызы Қызылжар жеріне орнығып, саналы ғұмырын медицинаға арнап келеді.
Қос жас маман облыстық стоматология емханасына жұмысқа орналасып, сыпайы мінездерімен, іске алғырлығымен ұжымның құрметіне бөленді. 1987 жылы алғашқылардың қатарында жекеменшік стоматология кабинетін ашып, қазір клиникаға айналды. Онда өзі, зайыбы және екі ұлы еңбек етеді.
Мекеме облыс орталығынан шеткерілеу қоныстанған 20-шы шағын ауданда орналасқан. Стоматологияға дүниеден ерте өткен асқар таудай әкесінің атын қою арқылы кішігірім ескерткіш қоюды перзенттік парыз санаған.
Айсирахуновтар әулеті жекеменшік емдеу мекемелері үшін де бәсекелестікке қабілеттілік, кәсіби шеберлік басты үрдіс деп есептейді. Бүгінгі күні жаңбырдан кейін қаулай өскен саңырауқұлақтарша қаптап кеткен медициналық мекемелерден оқ бойы озық тұру үшін үнемі білімдерін шыңдап, тәжірибелерін молайту үстінде. Осы орайда олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында медицина саласына қатысты «Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту» деген тапсырмасымен толықтай келіседі. Абдулмажиттің ойынша, бәсеке жоқ жерде алға басу, даму, ілгерілеу мүмкін емес. Десе де, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға, зейнеткерлер мен студенттерге стоматологиялық ем-домның қолжетімді болғанын қалайтынын да жасырмайды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
ұстаз.
Солтүстік Қазақстан облысы.
––––––––––––
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.