Таяуда Зайсан қаласының тұрғындары тайлы-тұяғымен спорт модулі жанынан бой көтерген еңселі, алыстан көз тартатын көрікті жүзу бассейні жанына жиналды. Шыңылтыр аязды сағынып қалған зайсандықтар 24 градус суықты елер емес, аспанда қалықтаған сазды әуен ырғағына еліктеп, орындарында тұрып тербеледі. Жиналғандардың жүзінде қуаныш, өйткені, олар бұл күнді асыға күткен. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың бастамасы бойынша жабық жүзу бассейнін салу жөніндегі игі ойды қала жұртшылығы, аудандық мәслихат депутаттары қолдады. БҰҰ ДБ құрылысқа 19 миллион қаржы бөлсе, облыстық, жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге қаржы табылды. Бұдан бір жыл бұрын ғимаратты салуды білікті де білімді азамат, «Нұр-Сервис» ЖШС басшысы Ербол Келгенбаев бастаған жігіттер қолға алды. Енді, міне, бір жылға жетер-жетпес уақытта жүзу бассейні іске қосылды.
Жабық жүзу бассейні Кенді Алтайдың аудандарын былай қойып, Өскеменнен басқа ірі қалаларда жоқ. Салтанатты жиынға БҰҰ жауапты қызметкерлері, ауданның белгілі азаматтары, облыс орталығынан спорт саласының майталмандары, қол күресінен әлемнің күміс жүлдегері, Азияның бірнеше дүркін чемпионы Нұрлан Қасымжанов, спорт шеберлері, аудан намысын республикалық, облыстық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген Мұрат Бітімбаев, Әділ Артығалиев, Файзолда Қойшыманов, Ақылбай Елеуов, Оралбек Жиенбаев, тағы басқалар келген екен.
– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында саламатты өмір салтын сақтау, адамдардың бос уақыттарын көңілді өткізу, спортпен шұғылдану жөнінде айтқан. Жүзу бассейнін салуға БҰҰ Даму бағдарламасы демеушілік жасады. Демек, балалар мен жастардың дене тәрбиесімен шұғылдануы, ел азаматтарының денсаулығы мықты болуы назарда деген сөз. Сіздерді қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін БҰҰ өкілі Мәлике Оралқызы, осы Ұйым филиалының Семейдегі кеңесшісі Әсима Серікбайқызы, ауданның құрметті азаматы, белгілі журналист Бекен Жапаров, тағы басқалар құттықтау сөз алды. Құрылысты салып берген «Нұр-Сервис» ЖШС-інің басшысы Ербол Келгенбаев жүзу бассейнінің жаттықтырушысы Бекзат Нұртазовқа символдық кілтті тапсырды. Аудан спортын ұзақ жылдар басқарған, «Сайхан» спорт клубының тұңғыш директоры Зайсанбек Қажанов ақ батасын беріп, жеткіншектерге табыс тіледі. Қол күресінің шебері Н.Қасымжанов жерлестерін құттықтап, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың құттықтау хатын оқып берді. Лента қию құрметіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, осы өңірдің тумасы Елдос Чикенов, жазушы-журналист Бекен Жапаров, спорт ардагері Шорман Мазақов ие болды. Жүзу бассейнін өз балансына алған «Сайхан» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дархан Абылханов қазір аталмыш клубта 700-ден астам баланың жаттығып жүргенін, енді су спортында да тамаша жетістіктерге жететінін айтып, қуанышымен бөлісті.
Ұзындығы – 25, ені 12 метрлік жүзу бассейнінде 15 бала суда жарысып, өнер көрсетті. Кіреберістегі кең дәліз, жуынатын, киім киетін, басқа да бөлмелерді Ербол Келгенбаев «Туған жерге –тағзым!» акциясы бойынша өз қаржысына салып, сыйға тартты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.
–––––––––––––
Суретті түсірген
М.САЛБАНОВ.