12 Ақпан, 2016

Ұлағаты ұлық жан еді

861 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
00 Жасыма, достар, жасыма, Еңбегі белгі басына. Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына. Кәкімбек САЛЫҚОВ. Өтіп бара жатқан уақыт! Табандатқан елу жыл ішінде әлденеше редактормен бірге, дәлірек айтсақ, со­лардың тікелей басшылығында қызмет етіп, қуаныш-қызығы, күйінішті реніші алмасып жатқан күндеріміз сол ағалармен бірге қоян-қолтық өткен еді. Солардың ішінде ерекшелендіре түсетін еңселі қалпымен, мадақтауға лайық мінез көр­кемдігімен маңдайы жарқырап алға шы­ғатыны бүгінде сексеннің сеңгіріне көтерілген Жанайдар Баймырзаұлы Мусин екендігін ерекше ілтипатпен қадай айтуды жөн көремін. Өйткені, Жанайдар Баймырзаұлы «ғұмыры бір күндік, сөзі мың күндік» газет үшін жаратылған жандай әдемі әсерге бөлей білген еді. «Газетіне қарап редакторын таны» дейтін қағидаттың ақиқаттығына ден қоя алсақ, сөз жоқ, Жанайдар Баймырзаұлы облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің қос шылбыр, бір тізгініне ие болған алғашқы күннен-ақ басылымның пәрменді қуатын қанаттандырып, беделді белесін биіктетіп, абыройын асқақтату жолын тынымсыз іздестірді, күн сайын газеттің жаңашыл үні мен сөзін жаңа арнаға салуға күш-жігерін жұмылдыра білді. Ең бастысы, шығармашыл ұжымның та­ным-талғамы мен қалам қарымын сол арнаға жетелеп апарып, бір жеңнен қимыл көрсетуге үнемі үндеп отырды. Журналистерді ізденіс үстінде еңбек етуге машықтандырды. Ендігі жерде кез келген қалам иесі өзін жалаң орындаушы емес, айтары айқын, сөзі салмақты, дара тұлғалық тұрпаты қалыптасқан қайраткер деп танитын халге жетті. Мұндай жерде жаңа ұсыныс, пікірлер, тың толғаныстар бас көтермей тұрмайды емес пе. Ендеше, аз ғана жылдар ішінде облыстық «Көк­шетау правдасы» газеті өзінің таралымы жағынан Арқа алабында алға озған ба­сылымға айналғандығына куә болдық. Газет бетінде бой көрсеткен тың айдарлар облыс бойынша зор еңбек сілкіністерін тудырды. Мәселен, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің кезінде газет көтерген бірнеше бастамалар бюро отырыстарында арнайы қаралып, қолдауға ие болып, қаулылар қабылданды. Соның бірі Володар ауданына қарасты Лавров совхозындағы Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов басқарған трактор-егіс бригадасы диқаншыларының «Көрші танабы – өз танабың» деген бастамасы газет бетінде айшықталып, дүйім облыс егіншілерінің еншісіне айналып кетіп еді. Облыстық «Көкшетау правдасы» га­зетінің Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл­шаруашылығы жетістіктері көрмесі­нің баспасөзге қатысты бөлімінен барып орын алуы, оның тәжірибесінің Одақ бойынша таралуы сияқты шын мәнісіндегі тарихи оқиға тағы да Жә­кең­нің жанкешті еңбегінің тағылымын танытқандай еді. Сол тұста ол ұжымды тас түйін жұдырықтай жұмылдырып, аса жауапты сынақтан сүрінбей өтуімізге жолбасшылық жасай білді. Дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей бұл әрекет көршілес облыстардағы әріптестерімізді таң-тама­ша қалдырғаны әлі есте. Жанайдар Мусинмен он сегіз жыл қатар жүріп қызмет атқарғандағы көңіліме нұрын шашқан тағы бір тамаша қасиетін айналып өтуге болмас. Ол оның ерен намысшылдығы, өз газеті мен ұжымының үнемі маңдайы жарқырап озық жүруін алабөтен армандауы еді ғой. Көкшетау облыстық орыс тілді «Степ­­­ной маяк» газеті елу жылға толып, «Құр­­­­­­мет Белгісі» орденімен наградталуы Жәкеңе кәдімгідей ой салды. Ол қарабайыр қызғаншақтық емес, «Қазақ тілді газет неге кем болмақ?» деген намыстан туған толғаныс болатын. Ол дереу Мәскеу, Алматы, Омбы қалаларына сұрау салып, Көкшетау өңірінде қазақ тілді басылым болмады ма екен деумен болды. Ақыры, Ленинградтағы «Кітап палатасында» бір болса сонда болады дегенді естіп, екі тілге де жүйрік газеттің жауапты хатшысы Нұрхан Ысқақовты аттандырды. Жұмысына ықтиятты Нұрхан жарты айдың ішінде қуанышпен оралды. Қолында жартылай жәдитше, жартылай латын қарпімен басылған «Колхоз жолы» газетінің бірнеше нөмірінің көшірмесі бар. 1930 жылғы газеттің №1 санында ақын Жұмағали Саинның құттықтау өлеңі жарияланыпты. Ұжым қуанышында шек болмады. Сол 1980 жылы газетіміз «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше әріптесіміз орден, медальдармен марапатталды. Осы жолдардың авторына «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген мәртебелі атақ берілді. Іскер басшының ұйымдастыра білу ше­­берлігі мен ұжымға деген зор жана­шырлығының арқасында газетіміз одан әрі шығармашылығы жағынан жетіліп, ұжым бірлігі мен беделі биіктей түсті. Тың шабытпен арқаландық. Біз күні бүгінге дейін редакторымыз Жанайдар Бай­мырза­ұлы Мусинді құрметпен, шынайы алғыскерлік сезіммен еске алып отырамыз. Редактор ретінде Жанайдар Баймыр­заұлын басқалардан мойны озық алға шы­ғарған басты қасиетін осы тұста айтайық. Ол оның ерен еңбекқорлығымен еншілес еңселі қаламгерлігі болатын. Кең тыныс­ты көркем очерктерді былай қойғанда, он жол хабар жазбайтын редакторларды да көзіміз көрді ғой. Ал Жәкең болса, үнемі жазу үстінде отыратын-ды. Сөйт­сек, ол көркем шығарма жазуға да ден қойған екен-ау. Оның алғашқы «Үміт» атты әңгімелер жинағында бас құраған дүниелері келе-келе кең тынысты, ірі полот­налы кесек шығармаларға айналды. Соның нақты дәлелі «Ақ алаң», «Туған үй­дің түтіні» романдары және деректі «Жер шоқтығы – Көкшетау» еңбегі болды. Редакторлық қат-қабат жұмыста жүрсе де осындай кесек дүниелерге қалам тартуы Жанайдардың шығармашылықта­ғы шырайлы сәттері еді. Кезінде жерлес жазушы Сәкен Жүнісов өзінің «Ізденіс іздері» атты мақаласында «Ақ алаң» романына бойлап барып талдауға аса тереңдеп бармаса да, бірсыдырғы құлаққа ілер пікірлер айтқаны есте. Әсіресе, «роман геройларының соғыс апатынан зақымданған ауылдағы жаралы жандар» екендігіне ерекше ден қоя отырып былай деп ой түйіндейді: «Ж.Мусин адам бойындағы психологиялық қат-қабат ерекшеліктерді дұрыс айқындаумен қатар, ауыл өміріндегі небір қасіреттердің сырын терең талдаумен бірге, дала тіршілігінің табиғат бейнесінің әдемі суреттерін оқу­шы көз алдына дәл елес­тетеді». Шынында да Жанайдар Мусин жазушы ретінде адамдар бойындағы бірін-бірі қайталамайтын, тіпті, теріске шығып, текетіреске барып жататын әрекеттерін жазу үстінде табиғат сипаттарын да сол мінез, пейіл, әрекетпен шендестіре суреттеуде тамаша суреткерлік қалып танытады. Өзінің бауырбасты Зерендісінің сұлу табиғатын, қалың жынысты ормандарын, көлдері мен бұлақ бастауларын, тау-тас­тарын ерекше шабытпен жырлайды, жан сүйіктісіне айналған абатты өлкеге ерекше сезім нұрын себездете төгуден айнымайды. Оның бұл мөлдір сезімі «Жер шоқтығы – Көкшетау» деректі хикаятында айқын көрініс тапты. Осы орайда менің досым болған көр­некті ғалым Рымғали Нұрғалиевпен Жәкеңнің туған өлкесі – Зерендіні аралап келген тұстағы бір әңгімесі есте қалыпты. Рымғали Жанайдардың дөңгелене біткен ақсары жүзіне сүйсіне қарап тұрып: – Жәке, жолдас болған екі күнде айтқан әңгімең, туған жерің, елің туралы болды. Көкшетау, Бурабай туралы айт­қан аңыздарың бір төбе. Бүгін, міне, жарты күннен асып барады, туған жерің Кеңөткел, оның төңірегіндегілер туралы небір хикаяларды тіліңнің майын ағыза отырып баяндадың. Бұл елін, жерін жанындай сүйетін, елдің, жердің тағдыры толғандыратын, туған жерінің табиғатына түскен жараның оның да маңдайына шөгір болып қадалатын азаматтың ғана қолынан келер іс, – дегені есте әрі курстас досының Жанайдардың елін, жерін ерекше зор құрметпен қастерлей білетіндігін тап басып тани алғандығының айғағы болатын. Біз редакторымыз Жанайдар Му­син­нің арқасында Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұр­шайықов, Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов тәрізді ірі қалам қайраткерлерімен танысуға, сан рет редакцияда кездесуімізге, дәмдес болуымызға тура келді. Осылардың бәрінде де редактор Мусин, қаламгер Му­син дәрежесінде пікірлесіп, әңгімеге өріс ашып отыратын, қадірлі ағаларын қалай құрметтесе, олар да Жәкеңді солай, мол ықылас-пейілімен қадір тұта­тындығын аңғаратын едік. Әсіресе, қазақтың ақжал тұлпарын­дай тегеуірінді де текті ақыны Ғафу Қайыр­бековпен кездесулеріміз естен кетпес ғанибетті кезеңдер болғандығын сағы­нышты сезіммен еске аламын. Бәдеш жеңгеймен Ғафаң соңғы жылдарда Бурабай шипажайына жыл аралатпай келіп тұратын еді. Алматыдан шықпай жатып Жәкеңе телефон шалатын. Ал, Жәкең мені шақырып алып қарсы алу қамына кірісетінбіз. Ғафаңмен кездесу естен кетпес ғажап әдеби, мәдени кешке айналып жүре беруші еді. Қанатты ақын шабыт үстінде небір жыр жауһарларын шашудай-ақ шашып, аста-төк ерке де ерекше қылықпен баршамызды баурап алатын. Кей сәттерде Қасым ақынның әндерін де зор шабытпен шырқап салып, Бурабайдың Айнакөлін тербетіп, бал қарағайларын жел­піндіріп кететін. Әсіресе, ұстазы Қасым ақынның «Дариға қызын» әндеткенде ерекше әсерленіп, Көкше күмбезін биіктете түсетін еді, жарықтық! Айналайын, Жанай-жан, Дәмдес болдық талайдан, деп тебірене жырласа жырлағандай да еді, Ғафаң. Мен де бірде ақын Бурабайға келгенде туған ауылым Қарағашқа, ондағы ақын Жақан Сыздықов пен әкем Қажыбайдың қара шаңырағын ұстап отырған ағам Шәкітайдың үйіне қонаққа Жанайдар екеуін алып келдім. Кейіннен «Қазақ әдебиеті» газетіне Ғафаңның жолжазба естелігі жарық көрді. Көкшетау облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Қ.А.Тәукенов аппаратына Ж.Мусинді хатшы, Н.Ысқақовты жалпы бөлім меңгерушілігіне қызметке алды. Әттең, Жәкең көп жүре алмады. Көкшетаудың асыл перзенті алпысына да жетпей дүниеден өтті. Қазір біреудің өлімін біреуге жаба салатын жабайы мінезге мұрындық соқтырмайық десек те, Жәкеңмен он сегіз жыл үзеңгілес қызметте бірге жүріп, оның қиянаттан қамыққан кездері аз болмағандығын бір білсе мен білгендеймін. Жанайдардың мезгілсіз қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Ардақты ағасы Баян Жанғаловтан бастап күңірене шер толғады. Ғафу ағасы: – Жанайдар! Жанайдар! деп жан дауысың Жаңғыртып тұрады ұзақ әр тау ішін. Япыр-ау, қайран сабаз қайда кеттің – Мен түгіл, жел тоқтайды, тартады ішін. Бір сұмдық естігенім – шын болар ма? Жүргендей ұя таппай күн қонарға. Көзіне елестейді өмір шатқал, Тар жолда құлаған ат, сынған арба. Қадірі қалу үшін есте небір, Ер еді үзілетін тепсе темір. Жанындай сүюші еді өз өлкесін, Кең еді Арқа – кеуде, Көкше – көңіл! – десе, Ақын інісі ретінде біз де: – Адам өлді, Тұрыңдар. Қайғырыңдар. Өмір барда өлім бар, Қайғы-мұң бар. Оралмасын сезсек те ортамызға, Тірілте алмаса да қайғырулар. Парыз біткен өтелсін, ақтық рет, Табытын жаспен шылап, қайғырыңдар, – деп күңірендік. Қорғанбек ақын інісі: Есімде аға, есімде аға, маған да құшақ жайғаның, Алтынның сары буындай болып жүректің төрін жайладың. Көңілің толып, ыразы болып ұғысқаным да есімде, Ұрысқаның да, ұмтылып алға тырысқаным да есімде. Ұзақ па өмір... тұзақ па өмір... екен-ау өмір қас-қағым, Аға, сен соны білгендіктен, бәлкім, қаранар қимыл бастадың. ...Отырушы едің жазылып маңдай, жарасып маңғаз маңқиып, Бойламадық-ау, ойламадық-ау кетер деп бір күн жан қиып. ...Ағажан саған, ағажан саған, асырып айтып не дейін, Сұңғыла шешен өзің едің-ау бүлкілдеп кетсе көмейің. Тұлпар едің-ау... тұрманыңды сенің бүтіндеп бағып көрейін, Сағындырған аға, сені тірі деп сеніп өтейін, сенейін, – деп тебіренеді. Замандасы Нұрмияш ақын: – Бақұл бол енді аяулым, Қатыгез қара бояу күн. Қанатсыз қыран ұшпайды, Дәрменсіз қара жаяумын. Қайран Жәкең, қайдасың? Асырды-ау ажал айласын. Көңілге нұр құя ма, Күн белдеуден тайғасын, деп мұңда­нады. Міне, Жанайдар Баймырзаұлы туған Көкшесіне осыншалықты қымбат та қадірлі еді. Көкшетау қаласының орта­лығында ертеректе өзі де білім алған, бұл күнде Ж.Мусиннің қадірлі есімін ием­деніп отырған Қазпедколледж таяу­да өзінің ширек ғасырлық тойын атап рес­публика танып, біліп отыр. Таяуда колледж ұжымы Жанайдар Му­синге ескерткіш белгі орнатты. Бұл, сөз жоқ, Жәкеңдей абзал азаматтың өлмес ғұмыры басталғандығының ажарлы белгісі. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы. Көкшетау.