«Жыл басталды дегенше тендер «жыры» басталады» десейші» деген екен біреу... Сол айтпақшы, кеше ғана өткен жылды қорытындылап, қол жеткізген жетістігімізді алақайлап айтып жүргенде тендер деген «тентектің» жыл сайынғы хикаясы басталып та кетіпті. Мемлекеттік сатып алу ісін қанша меңгердік десек те жыл сайын әр нәрсе себеп болып, кей кездері қаңтарда қолға алынған конкурстардың қыркүйекке дейін созылып, адамды салпылдатып қоятыны бар. – Содан болар «тендер тез өтсе, тірлік те тез бітеді. Мемлекеттік сатып алу ісі уақтылы әрі әділетті өтсе, құрылыс та өз мерзімінде әрі сапалы аяқталады», деген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қайбір күні осы тендер жұмысын пысықтап, бірқатар басшыларды тығырыққа тіреді. Шынында, сонау қара күзге дейін созылатын құрылыстардың қалай басталып, қалай бітетінін осы конкурстардың қай уақытта өтуінен-ақ біле беруге болатын сияқты. Құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен нысанда қайбір сапа болсын?!
Биыл Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 11,6 млрд. теңгені құрайтын 203 лот бойынша сатып алу жоспарын әзірлепті. Оның ішінде 10,1 млрд. теңгені құрайтын 155 лот бойынша келіп түскен өтінімдердің барлығына конкурстар жарияланды. Бұл 76,4 пайызды құрайды. Өтінімдер ұсынылмаған лоттар саны – 48. Арқаны кеңге салған Жамбыл мен Жуалы аудандары 5 лоттан, Сарысу – 8 және Т.Рысқұлов ауданы 4 лотқа өтінімдер ұсынбаған.
– Конкурс өткізу барысында мына кемшіліктер жыл сайын, тіпті жүйелі түрде кездеседі деп айтуға болады, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев. – Олар, мемлекеттік сатып алу веб-порталына ақпаратты дұрыс орналастырмау, яғни сомасын, атқарылатын жұмыс мерзімін дұрыс енгізбейді. Құрылыс жұмыстары жобаларының электронды нұсқасы толық болмайды және дер кезінде ұсынылмайды. Сондай-ақ, тапсырыс берушінің электронды сандық қолтаңбасы болмайды.
Осының салдарынан 2015 жылдың желтоқсан айынан бері тапсырыс берушілер, яғни Шу қаласындағы «Балдәурен» балабақшасының және Жуалы ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшыларының және бірде-бір маманының электронды сандық қолтаңбасының болмауынан мемлекеттік сатып алу жоспары веб-порталға орналастырылмай, конкурс жарияланбауда.
Әрине, бұған аудан әкімдерінің де айтары бар. Олардың уәждеріне қарағанда Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімдерінің бұл мәселедегі мәліметтері екі түрлі екен. Басқарма басшысы «конкурстардың әлі біразы жарияланбады» деп, қара аспанды төндірсе, аудан басшылары «құжаттардың бәрін ұсындық, бірді-екілі ғана конкурстар қалды» деп, бұл тірлікті біттіге санап отыр. Әйтсе де басқарма басшысы Р. Байтелиевтің «Құжаттарды жиып әкеп, басқармаға өткізе салумен іс бітпейді. Мемлекеттік сатып алу веб-порталда жарық көрген кезде ғана жарияланған боп есептеледі», дегені сенімді шықты. Осыдан-ақ, аудандық әкімдіктегілердің әлі де мемлекеттік сатып алу ісін жақсы меңгермегендіктері байқалады.
Қалай айтсақ та, Жамбылдың шаруасын жап-жақсы-ақ дөңгелетіп келе жатқан облыс әкімі К.Көкірекбаевтың бұл саланы қамшылап, тезге салып, тездетуінің жемісін күзде көретін боламыз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.