13 Ақпан, 2016

Өрлеген өндіріс

829 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1406966987_kirpich Аймақта үдемелі индус­триялық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асқан жобаның бірі – керамикалық күйдірілген кірпіш шығару зауыты. «Максима логистикс Қазақ­стан» серіктестігі қолға алған ке­ра­микалық кірпіш шығаратын зауыт сәуір айынан бастап іске қосылды. Жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны украиналық «Красный октябрь» компаниясының технологиясымен жабдықталған. Бүгінде мұнда екі түрлі пішіндегі М125 маркалы керамикалық кірпіш шығарылады. Отандық өнім өндіруді қолға алған зауыт күніне шамамен 28 мыңнан астам керамикалық кірпіш шығарады. Қазір мұнда қырыққа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттағы қызу тірлік түнгі 11-де басталып, таңғы 7-де аяқталады. Себебі, бұл уақытта тоқ көзін пайдалану тиімді дейді мамандар. «Бұл кәсіпорынның қалыптасу кезеңіндегі қатаң экономикалық саясатының бірі деуге болады. Электр энергиясының сараланған тарифтерін қолдану шығынды едәуір азайтуға көмектеседі. Біз­дің зауыт осындай жоғары са­па­да керамикалық кірпіш өнді­ре­тін Қызылордадағы жалғыз кәсіпорын», дейді зауыт директоры Серік Бапалақов. «Максима логистикс Қазақ­стан» ЖШС зауыты толығымен автоматтандырылған. Адам күшін аса қажет етпейді. Жылына 15 миллион дана кірпіш өндіруге қауқарлы кәсіпорында бүгінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Шикізат арнайы каръерден алынып, зауытқа жеткізіледі. Содан кейін топырақ ұсақталып, ылғалдандырылады. Арнайы аппарат арқылы қалыпқа құйылып, кірпіш болып шығады. Ылғал кір­пішті арнайы техниканың кө­ме­гімен пешке салып, 870 гра­дуста қыздырады. Ыстыққа әбден күйдірілген керамикалық кір­піштің сапасы жоғары, ең бас­тысы, суыққа төзімді. Бағасы да көпшілікке қолжетімді. Күн санап көркейіп, құрылысы қарқын алған аймақта аталған өнімге деген сұраныс жоғары. Кә­сіп иесі алдағы уақытта өз өнім­дерін пайдаланып, зәулім нысандар тұрғызбақ ниетте. Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ, журналист. Қызылорда облысы.