13 Ақпан, 2016

Жаңа тарифтің тиімділігі мол

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100 Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде берілген Елбасының тапсырмалары еліміздің әр өңірінде, әр саласы бойынша ретімен орындалып келеді. Бұл ретте аталған қадамдар аясында өз тарапынан жұмыс жасау барысымен таныс еткен Энергетика министрлігінің есебі мынадай. Межелі уақыт бойынша Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер қауымына баспасөз мәслихатын өткізген Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Мемлекет басшысы аталған министрлікке қатысты қандай нақты тапсырмаларды айқындағанын атап өтті. Айтар болсақ, 2015 жылдың мамырында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев «Бірыңғай сатып алушы» моделін, сондай-ақ, белгіленген және ауыспалы бөліктен құралған жаңа тарифтік механизмді енгізу мен аймақтық электр жүйелік компанияларды ірілендіру жөнінде айтқан болатын. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» шеңберіндегі 50, 51, 52-қадамдар бойынша электр энергетикасы саласын қайтадан құру, электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу тапсырмалары белгіленген. Бұл ретте аталған міндеттерді орындау мақсатында өткен жылдың 12 қарашасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес электр энергиясына қатысты қолданылып жүрген тариф екі бөліктен тұратын болады. Біріншісі – электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығынды қайтаруды қамтамасыз ететін электр энергиясына тариф, ал екіншісі – салған инвестицияны қайтаруды қамтамасыз ететін қуатқа қатысты тариф. Тарифті екі бөлікке бөлу қазақстандықтар үшін электр қуатына тарифтің жоғарылау қаупін тудырмайды. Айқындықты қамтамасыз ету мақсатында нарыққа қатысушылардан және сарапшылардан құралған, коммерциялық емес ұйым мен нарық кеңесін енгізу жоспарланып отыр. Жүйелік оператор жыл сайын стансаларды аттестаттаудан өткізіп отырады. Бірыңғай сатып алушы барлық көтерме бағамен сатып алушыларға қуатты орташа бағамен сатып отырады. Бұл механизм энергияның бірыңғай емес бағасын теңестіреді. Сонымен қатар, маңызды мәселелер қатарындағы бір облыстағы тұтынушылар үшін электр қуатына тарифтердің әртүрлі болуын атап өту керек. Оған энергия таратушы компаниялардың айтарлықтай көп болуы себеп. Айтар болсақ, ондай 130 шақты компания бар. Міне, сондықтан да, бір өңірдің өзінде баға бірдей болмауы мүмкін және ол бір облыс ішінде ғана емес, сондай-ақ, әртүрлі көшелердегі тарифтердің түрлі болуына алып келеді. Бұл мәселені шешу үшін энергия тарататын компанияларды ірілендіру жұмыстары алға қойылып отыр. Яғни, электр энергиясын тарату кезіндегі бірнеше энергия тарататын компаниялар арқылы соңғы тұтынушыларға тарифтердің каскадты өсуіне алып келуді жою арқылы тарифтерді деңгейлестіруге мүмкіндік пайда болмақ. Мен жоғарыда айтып өткенімдей, аталған заңның ережелерін іске асыру мақсатында ұлттық оператордың қызмет етуі, нарық кеңесі, бірыңғай сатып алушы ережелерін қамтитын 9 нормативтік-құқықтық акт қабылданып, тіркелді. 2019 жылдан бастап электр энергиясы нарығындағы электр энергетикасы субъектілерінің тиімді жұмысы үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданып отыр, деді вице-министр. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».