13 Ақпан, 2016

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
nn Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роухани арасындағы келісім аясында екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жақында газетімізге Инвес­ти­циялар және даму министрі (ИДМ) Әсет Исекешев бастаған қазақ­стандық делегацияның Иранға барып келгені туралы жазыл­ған болатын. Осы сапар барысын­да Иранның бірқатар ресми өкіл­дері­мен өткізілген кездесулер және жүзден аса ирандық компаниялармен болған екіжақты келісімдер алдағы уақытта бірлескен жобалар ретінде өзінің жемісті нәтижелерін беретін болады. Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінің мәслихат залында осы сапар барысында ұйым­дастырылған бизнес-форумға қатысқан бір топ лауазымды адамдар оның нақты қандай нәти­желерге қол жеткізгені туралы айтып берді. Баспасөз мәслихатына қатысқандар арасында ИДМ-нің Индустриялық және өнеркәсіптік даму комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов, «Бәйтерек» ҰБХ басқармасының мүшесі, атқарушы директоры Ерсайын Хамитов, ЕАДБ Астана­дағы өкілдігінің басшысы Ерлан Бай­дәулет, «Қазгеология» АҚ бас­қарма төрағасы Ғалым Нұржанов болды. Баспасөз мәслихатында екі ел­дің бизнес өкілдері бірнеше бағыт бойынша жұмысты белсенді жүргізу жөнінде келіскені айтылды. Соның ішінде сауда және инвестиция бағыты бойынша жұмыстарға барынша басымдық берілетін болыпты. Қазақстан мен Иран іскер топ­тарының кездесуі барысындағы екінші шешуші бағыт – көлік және логистика саласындағы ынтымақ­тастық. Бұл ретте, Елбасының бас­тамасымен өмірге келген Ұлы Жібек жолы бағдарламасы тұғыр ретінде қарастырылмақ. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда салынып, пайдалануға берілген теміржол тораптары арқылы Қытай мен Иранды байланыстыратын транс­кон­тиненталдық дәліз арқылы алғаш­қы жүк тиеген пойыздың Иранға келуі соның айқын дәлелі болмақ. Сонымен бірге, кездесулерде әуе бағыттарының жиілігін арттыру, екі мемлекет банктері арасында шетел валютасымен өзара есеп айырысу жөніндегі мәселелерді жедел шешу, визалық режімді жеңілдету және басқа өзекті мәселелер талқыланған. Бизнес-форум және «сауда миссиясы» шеңберіндегі келіссөздер барысында қазақстандық KAZNEX INVEST ұлттық агенттігі, «Бәйтерек» ҰБХ және ҰКП ұсынған нақты жобаларды іс жүзіне асыру мәселесі кеңінен талқыланған. Бұл отырыстарға 250 қазақстандық және мыңға жуық ирандық компания өкілдері қатысқан. Екі мемлекеттің жетекші іскер топтарының өкілдері бас қосқан осы ауқымды бизнес-кездесулерде тараптар негізінен екі шешуші бағытқа баса назар аударды. Ол – Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру және екі елдің жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін ашу. «Бәйтерек» холдингінің бас­шы­лығы ирандық компания же­текшілерімен Қазақстан өнім­дерін экспорттау және жобаларды қаржыландыру мәселелерін тал­қылады. Сонымен бірге, қазба байлықтары және тау-металлур­гия кешені саласындағы ынты­мақтастық байланыстар мәселесіне ерекше басымдық берілді. Бизнес-форум аясында Қа­зақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігі «Қазгеология» АҚ және IMIDRO (Иранның тау-кен өнеркәсібін дамыту және жандандыру ұйымы) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Иранға қазақстандық локомотив, электровоз, рельс, жүк және жолаушылар вагондарын сату мәселелері жан-жақты қарастырылған. Атап айтқанда, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС компаниясынан 70 электровозды, «Локомотив құрастыру зауыты» ЖШС-нен 75 магистралдық тепловозды, «Ақтөбе рельс арқалығы зауы­ты» ЖШС-нен 130 мың тонна көлеміндегі рельстерді және «RAILWAYS SYSTEMS» компаниясынан 5000 бірлік жүк вагонын ирандық рынокқа жеткізу мәселелері талқыланған. Сондай-ақ, ирандық дилерлер қазақстандық 1000 автокөлікті сатып алуға ынта білдірген. Келіссөздер қоры­тындысында энергетика, мұнай-газ, коммуникациялық жабдықтар азық-түлік өнімдері мен басқаларды жеткізу келісімдеріне де қол жеткізілген екен. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Сурет: http://rus.azattyq.org/