Өткен жыл алыстағы ағайынды атажұртпен жалғастырып отырған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы үшін де жаман болған жоқ. Атқарылған жұмыстар, алдан күткен жақсылықтар бар.
Аяқталған жылда Алматыдағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы үйінде шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің «Атажұрт» баспа орталығынан 2015 жылы жарыққа шыққан кітаптары таныстырылып, тұсаукесер аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев жылды қорытындылап, алдағы іс-шаралар жайлы баяндаған еді.
2015 жылы қауымдастықтың «Атажұрт» баспа орталығы оқырмандарға негізінен шетелдегі қазақ диаспорасының тарихын, өмірін, қоғамдық және этникалық жай-күйін, тарихи Отанмен байланысын көрсетуге арналған шығармаларды ұсынуға күш салған. Оның ішінде барлығы 134 ұлт пен ұлыс өмір сүретін Ресейдің Саратов облысында өзінің адам саны, әлеуметтік орны жөнінен орыстардан кейінгі екінші орындағы этникалық топ болып саналатын қазақ диаспорасы туралы Геннадий Ташпековтің «Казахи Саратовской области: история и современность» атты кітабы осы кезге дейін зерттелмеген тың тақырыпты қозғауымен құнды. Еділ өзені бойындағы Саратов облысы қазақтарының тарихы мен тұрмысы бұрын қазақ баспасөзінде сөз болмай келген тақырып саналады.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ресей қазақтары туралы зерттеу еңбектерді алдағы кезде де жариялап тұруды жоспарлап отыр. Осыған дейін Ресейдің Элиста, Түмен және Қорған қалаларында орыс тілінде басылып шыққан «Астрахан қазақтары: ғасырлар тоғысында», «Түмен жеріндегі қазақтар», «Қорған қазақтары» тәрізді еңбектерді негізге ала отырып, «Ресей қазақтары» атты көлемді монографиялық еңбек жариялау жоспарлануда.
«Атажұрт» баспа орталығы бұрынғы жылдары профессор Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» кітабының 2 томын, жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», жазушы Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар», филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің «Ирандағы қазақтар» атты кітаптарын жариялап, диаспорология тақырыбының жандануына ізгі жол ашқан еді. Былтыр жарық көрген PhD докторы, журналист Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақтар» атты кітабы «Шетелдегі қазақтар» сериясымен жарияланған сол кітаптардың заңды жалғасы болды. Бұл кітап автордың сонау 1980 жылдары Еуропаның Польша, Чехия тәрізді елдерінде жоғары білім алып, ғылыммен және журналистік қызметтермен айналысқан кезінде Еуропа қазақтары өмір сүріп жатқан қалаларға арнайы барып, жүргізген сұхбаттары мен жинақтаған мол материалдары негізінде жазылған. Бұл кітапты Қытайдағы қазақ әдебиетінде жиі көрініс беретін Шығыс Түркістан қазақтарының аласапыранды өмірі тақырыбына жазылған кітаптардың жалғасы ретінде де қарастыруға болады. Кезінде гоминдандықтардың қысымына шыдамай Шығыс Түркістаннан ауа көшіп, талай ел мен белден асқан, жылдар өте келе Түркия арқылы Еуропаға таралған қазақтардың бүгінгі ұрпағы туралы кітапта қызғылықты баяндалады.
Қайрат Құлмұхаммедтің «Олжа», Мақсат Әлсейітовтің «Жетімсайдың бойында жетім ауыл» атты жыр кітаптарын жарыққа шығару арқылы «Атажұрт» баспа орталығы өлеңсүйер қауымның сұранысын біршама өтегендей сезіледі. Өзбекстанда посткеңестік кезеңдерде қазақ мектептерінің азая бастауына байланысты қазақ тілінде жазатын авторлар саны да айтарлықтай азайған Қарақалпақстаннан өлең кітабын жолдаған Мақсат Әлсейітовтің шығармашылығы назар аударарлықтай. Қытай елінде туып-өсіп, кейіннен атамекенге көшіп келген Қайрат Құлмұхаммедтің «Олжа» кітабы қалыптасқан ақындық нақышты байқатады.
Қауымдастық мемлекеттік тапсырыстан тыс басқа да баспа өнімдерін жариялап отыр. Солардың бірі әрі бірегейі «Қазақ диаспорасы және репатриация. 1991-2012» атты орыс тіліндегі ұжымдық монографиялық еңбек болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Талдау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлзағира Балтабаеваның белсене атсалысуымен жарық көрген осынау құнды ғылыми кітап алдағы кезде қазақ тілінде жарық көрмек.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.