Осы аптада әлемді дүрліктірген Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран ұшыруы болды. Жексенбіге қараған түні болған бұл оқиға, демалыс күні болса да, бұған назар аударатын талай елдің басшыларының дегбірін қашырып, ұйқысын бұзды. Барша елдің басын біріктіретін БҰҰ сияқты бас ұйымның басшылары да қауырт кеңес шақырды.
Бір бұл емес-ау, тіпті әлемдегі мықтылардың да қатарына қосыла қоймайтын Корея Халық-демократиялық республикасы дейтін бұл ел бұған дейін де жұртты талай дүрліктірген. Бірде ядролық қаруым бар десе, бірде соны сынақтан өткізгенін хабарлайды. Тағы бірде сондай қаруды алып ұшатын зымырандар жасағанын айтады. Тағы бірде соны сынақтан өткізгенін мәлімдейді.
Болса, болсын да, мұндай қаруы бар, оны жеткізетін зымыраны бар ел аз ба, деуге де болар еді. Расында, ядролық державалар, сондай қаруы бар елдер біреу-екеу емес. Олардағы сондай қарулар да ондап, жүздеп емес, мыңдап саналады. Бұлар жасырын болудан қалған. Бірақ соларда сонша қару бар екен деп дүрлігіп жатқан да ешкім жоқ. Ал Солтүстік Кореяда бір-екеуі бар екен, сынақтан өткізіпті дегенде, неге жұрт дүрлігеді, шулайды?
Әңгіме сонда. Бұл ел бар екенін айтып қана қоймайды, кімдерге қарсы сол қаруды кезенетінін де, қажет болса, жұмсап та жіберетінін айтады. Анау-мынау емес, алып елдерге азуын көрсетеді. Сол елдер бұлар өздерін басып алады, жойып-жібереді деп те қорықпайды. Артын ойламай, бұлардың әйтеуір бір бүлдіріп қалуға бара беретінінен қорқады. Олардың мұндай жосықсыз әрекеттерге баратынына жұрттың көзі жеткен. Халқының ішерге тамағы жоқтығына қарамай, сол халықтың ауызынан жырып алып, бұл ел қарулануға айтарлықтай қаржы жұмсайтыны әлемге аян. Ашаршылықтан біраз халқының қырылғаны да жасырын емес. Халықаралық ұйымдар талай рет бұл елдің халқына азық-түлік жинап беруді ұйымдастырғаны да белгілі.
Өз халқын аямайтын милитаристік хунтаның басқаларды да аямайтыны анық. Жетекші елдердің, халықаралық жетекші ұйымдардың дүрлігетіні де содан. Бұған дейін де БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бір емес, талай рет Пхеньянды шідерлегендей шешім қабылдады. Арандатушылық әрекеттерге баратын болса, түрлі экономикалық санкция жолымен бұдан да қаттырақ жазалайтындарын да ескерткен. Пхеньяндағылар екіжүзділікпен оны мойындағандай болып, артынша уәдеден тайып, жосықсыз әрекеттерге барады. Бұрынғысын былай қойғанда, биылдың өзінде қаңтардың басында сутегі бомбасын сынақтан өткізсе, енді міне баллистикалық зымыранды ұшырып, тағы да әлемге топырақ шашты.
КХДР басшылығының әрекетін әлем айыптап отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысында жұрттың бәрі айыптап сөйледі. Қатаң шаралар қажет деген сөз айтылды. Бұған дейінгі санкциялардан нәтиже шықпағаны алға тосылды. Сонда нендей шара қолданылмақ? Қиын сұрақ. Жапония парламенті мен АҚШ сенаты Пхеньянды айыптаған шешім қабылдады. АҚШ пен Оңтүстік Корея бұл елдің шекарасына жақын жерге Зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) жүйесін орналастырмақ. Оған Қытай мен Ресей қарсы. Пхеньянды ауыздықтайтын басқа жол бар ма?
Бүгінге дейін халықаралық қауымдастық та, әлемнің жетекші елдері де КХДР-ды райынан қайтару үшін экономикалық санкциялармен шектеліп келді. Соның өзі Солтүстік Корея халқына айтарлықтай ауыртпалық. Басқаны былай қойып, сол санкцияларды қатайтар болса, бұл бұрыннан тауқымет шеккен халыққа қиянат. Сол қиянатты жасап отырған елдің өз басшылары екені де даусыз.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.