14 Ақпан, 2016

Қазақстан құрамасы – Еуропаның қола жүлдегері (фото)

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

14-02-16-footzal-1

АСТАНА. 14 ақпан. Бүгін түнде Сербияның астанасы – Белградта өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы алаң иелері – сербтерді 5:2 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. Бұл туралы Vesti.kz порталына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Бас жаттықтырушы Какаудың шәкірттері осылайша тұңғыш рет құрлық біріншілігінің медаліне қол жеткізді. Үшінші орынның тағдырын шешкелі тұрған бұл матчқа екі жақ та сақадай-сай келді. Сербтер жергілікті жанкүйерлердің зор қолдауларына сүйенсе, қазақстандықтар өзінің тарихындағы ең алғашқы ірі халықаралық жарысынан жүлдемен оралуға бар күшін салды. Бұған осының алдында дисквалификацияға ұшыраған қақпашы Игитаның сапқа қайта оралуы да игі әсер етті.

14-02-16-footzal-2

Матчтың бірінші таймы екі жақтың да ашық футбол көрсетіп, батыл алға ұмтылулары арқылы көрермен қауымды қуанышқа бөледі. Бұл тұста қарсыластар бірінің шабуылын бірі іліп әкетіп, ілгері шапқылаумен болды. Алайда, олардың қайсыларының басым екенін анықтау қиын еді. Ал қақпа алдындағы ең алғашқы қауіпті сәтті сербтер туғызды. Олардың 34 жастағы ойыншысы Владимир Лазич 9-минутта қақпашымен бетпе-бет шығып, допты Игитаның үстінен асыра тастады. Доп сол бойы торға қарай кетіп бара жатқанда, оны соңғы мәурітте Лео қайтарып үлгерді. Осының артынша қонақтар да жақсы қарсы шабуыл жасай білді. Олардың бұрыштамадан жіберген добын Михаил Першин қақпаға шірене ұрды. Бірақ ол қақпа бағанынан қайтты. Ойын осылайша бірінші таймның соңғы минутына дейін арпалыспен жалғасты. Екі жақтың да гол соғатын талай сәттері болды, бірақ соның бәрінде де голкиперлер биіктен көрініп жатты. Ақырында біздің Дуглас қарсы жақ қақпасынан саңылау таба білді – 1:0. Ол мұнда сербтер дарбазашысы Миодраг Аксентиевичтің қателігін өте жақсы пайдаланып кетті. Екінші тайм енді қазақстандықтардың шабуылымен басталды. Ол және біздің жігіттердің тез есепті ұлғайта білулеріне жалғасты. Сөйтіп, 21-минутта Серік Жаманқұлов өте қатты соққымен Аксентиевичтің сол жақ «бүйірін» бүлк еткізді. Осымен турнирдегі алтыншы голын соққан футболшымыз есепті 2:0-ге жеткізді.

14-02-16-footzal-4

Осы голдан кейін сербтер тайлы-таяғы қалмай алға ұмтылды. Ал қазақтар қорғаныста қатып қалмай, бірінші мүмкіндік болған сәтте жылдам қарсы шабуыл ұйымдастыруға күш салды. Олар 29-минутта Александр Довгань шабуыл өтінде болған сәтте есепті ұлғайтудың бір мүмкіндігін жіберіп алды. Арада бір минут өткенде, Дуглас сол өкініштің орнын толтырып берді - 3:0. Бұдан кейін бұрынғыдан бетер ашынып кеткен алаң иелері қорғанысты мүлдем ұмытқандай болды. Олар дарбазашыны алтыншы ойыншыға ауыстырып, жаппай алға ұмтылып жатқан пәйтте меймандар тағы да осыдан оңтайлы нәтиже шығарудың жолдарын қарастырып жатты. Мұны және көп күтуге де тура келген жоқ. Біздің жігіттер осылайша 32-минутта есепті 4:0-ге бір-ақ апарды. Оны қарсы жақ қақпасының бос тұрғанын пайдаланған Игита алыстан ұрып түсірді. Қазақстан құрамасы кездесудің 36-минутында таблодағы есепті 5:0 етті. Бұл жолы да Дуглас мергендігімен көзге түсіп, ойындағы хет-тригін жасады. Ол қақпашымен бірге-бір шыққан сәтін мүлт жіберген жоқ. Осыдан кейін қазақстандықтар біршама босаңсып ойнады. Олар қалған 4 минутта сербтердің ашу-ызаларын біршама қайтарып алуларына мүмкіндік беріп қойды. Соның нәтижесінде алаң иелері екі доптың қарымтасын қайтарып үлгерді. Алдымен 38-минутта Стефан Ракич гол салды, сосын финалдық ысқырық естілуге екі секунд қалғанда, Слободан Райчевич мергендігімен танылды.

14-02-16-footzal-3

Осылайша Қазақстан құрамасы тұңғыш рет Еуропа біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Ал чемпионаттың алтын жүлдесі осының алдында, жартылай финалда Қазақстан командасын сүріндірген Испания құрамасының қанжығасына байланды. Испандар финалда ресейліктерді 7:3 есебімен ойсырата ұтты. Дамир Қожамқұл. Дерек, фото: vesti.kz.