15 Ақпан, 2016

Алматыда мүлік жариялаудың жаңа рекорды жасалды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-02-2016 mulik zharialauАЛМАТЫ. 15 ақпан. Алматыда мүлікті жариялауға байланысты заңға тиісті өзгерістер мен жеңілдіктер енгізілгелі бері бұл шараға қатысуға ынта танытушылар саны күн санап көбейіп келеді. Бұл туралы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жалпы бұқара халық мүлікті жариялаудың болашақтағы пайдасы мен 2017 жылдан бастап жалпылама декларациялау кезеңі алдындағы үлкен жеңілдік екенін жете түсіне бастады. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің аудандық басқармаларына мүлікті жария ету жөнінде 12 ғана өтініш түсіп, 807,8 миллион теңгенің ғана мүлкі жария етілген болатын. Ал биыл қаңтар айының өзінде ғана мүлікті жария етуге байланысты 30 өтініш түсіп, ақша мен жылжымайтын мүлікті қосқанда 34,2 миллиард теңгенің мүлкі жария етілді. Яғни, бір айдағы көрсеткіш бір жылдың көрсеткішінен 42 есе асып кетіп отыр. Бұл әрине, рекорд екені сөзсіз. Мұндай жетістікке қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің орталық аппараты мен аудандық басқармалары қызметкерлерінің жұмысты дұрыс ұйымдастыруы, жүйелі насихат жүргізуі және көпшілікке арнап жиі семинарлар мен «ашық есік» күндерін өткізуі нәтижесінде қол жеткенінде дау жоқ. Сондықтан да мүлікті жария ету акциясы жыл аяғына дейін күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Мүлікті жария етуге мүдделі субьектілер үшін мемлекеттік кіріс органдарының есігі әрдайым ашық. Айнаш Есали. Дерек, сурет: Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.