Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Жібек жолы» ралли-марафонының жаңа маусымына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда раллидің биылғы бағдары, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәліметтер, қазақстандық экипаждар және жобаға қатысты тағы басқа мәселелер сөз болды.
Шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов раллидің Қазақстан үшін маңызды жоба екеніне тоқталды.
«Халықаралық деңгейдегі осындай ауқымды сайыстарды өткізу отандық спорттың дамуына өз септігін тигізеді. Соның ішінде осындай раллидің орны ерекше. Себебі, ол тек белгілі бір қалада емес, еліміздің бірнеше өңірін қамтиды. Нәтижесінде авто-керуен өтетін жерлерде инфрақұрылымдар дамып, шағын және орта кәсіптің өркендеуіне мұрындық болады. Сондай-ақ, біздің әсем табиғатымыз бен тарихи жерлеріміз шетелдік қатысушылардың қызығушылығын оятатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде туризм саласының дамуына сеп болады», – дейді комитет төрағасы.
Елсияр Қанағатовтың сөзіне қарағанда, «Жібек жолы» раллиіне қатысушылар Қостанай, Астана, Балқаш және Алматы қалаларын басып өтеді. Оған Автомобиль спорты федерациясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау білдіреді.
Сонымен қатар, жиында «Жібек жолы раллиі» жобасының атқарушы директоры Сергей Гиря сайыстың биылғы бағдары мен қатысушылар санына тоқталды. Оның айтуынша, жоба 8 шілде күні Мәскеудің Қызыл алаңынан бастау алады.
«Жібек жолы» алғаш рет 2009 жылы ұйымдастырылды. Содан бері жоба әлемдік спортта өз орнын айқындап, көпшіліктің назарын аударды. Биылғы жарыс 16 күнге жалғасады. Бұл – ралли тарихындағы ең ұзақ мерзім. Мәскеуден басталған керуеннің мәресі – Бейжің қаласы. Ол жерге 24 шілдеде жетеміз деп жоспарлап отырмыз. Қатысушылар екі аптаның ішінде 10 мың шақырымды жүріп өтулері тиіс. Оның жартысынан көбі жылдамдықты талап ететін арнайы учаскелер. Сондықтан «Жібек жолын» ұзақ уақытта қысқа бағдарды жүріп өтуіне байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделуде», – деген Сергей Гиря биыл ралли-марафонға әлемнің әр елінен 120 команда қатысатынын айтты. Соның ішінде 15-ке жуық экипаж Қазақстанның намысын қорғайды.
Бұдан бөлек, атқарушы директор техникалық қолдау ретінде марафонға 16 ұшақ пен тікұшақ ілесіп жүретінін жеткізіп, «Мұндай шара жарыс жолындағы елді мекендердің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға таптырмайтын мүмкіндік. Мәселен, Балқаш сынды шағын қалалардағы әуежайлар жарыс кезінде күніне бірнеше ұшақтарды қабылдайтын болады. Бұл балқаштықтар үшін үлкен тәжірибе болары анық. Сондай-ақ, әлемнің бірнеше еліне тарайтын алдыңғы қатарлы спорт арналары раллиді тікелей эфирде көрсетеді. Осы ретте көрсетілімнің 30 пайызы жергілікті жердің табиғатына арналатынын атап өткен жөн», – деді.
Тағы бір айта кетер жайт, марафон кезінде Алматыға Еуропадан 1 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың басым бөлігін туристер мен журналистер құрайды. Демек, бұл ірі шаһар үшін қосымша табыс көзі болмақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, аталған ралли-марафоннан Қазақстан кем дегенде 3,5 миллион еуро табыс табады.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».