Бұл жаңалықты естіп, ең алдымен облыс әкімі келді. Артынша «Жақсыны көрмекке» деп, Ауыл шаруашылығы министрі жетті. Содан кейін Алматыға келген шетелдік ғалымдар бұл туралы біреулерден естіген бе, әлде бір жерден оқыған ба, әйтеуір, олар қол созым жердегі Қордайға арнайы атбасын бұрып, орталықтың жұмысымен жақсылап танысып кетті. Содан жасыратыны жоқ, Қордай ауданындағы бұл екі қабатты ғимаратты аудан басшылары келген-кеткен лауазымды қонақтарға көрсеткісі кеп тұратын болды. Бас сұққан басшылардың бәрі мақтап жатса, басқаларға үлгі етіп жатса, неге көрсетпеске?!
Енді әңгіменің ашығына көшсек, бағанадан бері «Бұл не қылған көркем ғимарат болды екен?», деп тықыршып отырғаныңыз анық, құрметті оқырман! Бірақ бұл сіз ойлағандай үлкен сауда үйі немесе жылтырға мейлінше малынған мейрамхана, болмаса бұрқыратып өнім шығарып жатқан кәсіпорын емес. Бұл – кәдімгі ветеринариялық орталық. Оның несін алаулатып-жалаулатып отыр деуіңіз де мүмкін. Біз де алғашында солай ойлағанбыз. Алайда, Бақыт Байтөленің әсерлі әңгімесінен кейін бұл дер кезінде және ең алғаш болып қолға алынған тірлік екеніне, ауыз толтырып айтуға тұрарлық сауапты дүние екеніне көз жеткіздік.
– Әрине, басшылар елдің жағдайын білгісі келгенде ең алдымен денсаулық сақтау, сосын білім беру салаларын тәптіштеп сұрайды, – дейді бізбен әңгімесінде «Қордай аудандық ветеринария қызметі» КМК директоры Бақыт Байтөле.
– Меніңше осы екеуінен кейін міндетті түрде ветеринария саласының жағдайы сұралуы керек. Ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деп, жаннан бұрын малдың амандығын сұраған қазақ емеспіз бе? Сосын адам баласының амандығы алдындағы малының саулығымен тікелей байланысты. Ветеринарияның жұмысы өте ауқымды әрі қауіпті. Мамандар өте қауіпті ауруларды малдан адамға жұқтырмаудың шегінде жұмыс істейді. Ветеринария тез қимылдауды қажет етеді. Тез шешім қабылдап, бір әрекет жасамайынша ауру тез тарайды. Бірақ жасыратыны жоқ, мал дәрілеу ісі ауыл шаруашылығы саласының ішінде жүргендіктен көктем мен күз сайын берілетін ақпарлардың арасында елеусіз ғана айтылып, аса көп мән берілмейді. Осыдан кейін бұл салаға назар аудару үшін барлық талаптарға сай ветеринариялық орталық салу идеясы туындады. Алдымен осы аудандағы екі қалталы кәсіпкердің басын қосып, осындай ғимарат соғуға үгіттедім. Өмір бойы осы салада еңбек етіп келе жатқандықтан болар, олар маған сенді. Ұтылмайтындарына көздері жетті. «Бірақ құрылысты өзіңіз басқарыңыз», деді. «Мейлі», деп көндім. Сонымен құрылысты жобадан титтей де өзгертпестен, ғимаратты 3 ай 20 күнде бітірдік. 2014 жылдың тамыз айынан жұмысты жаңа ғимаратта бастадық. Енді бұл ғимараттың ерекшелігі неде? Жаңа нысанның жертөлесіндегі тоңазытқыштарға жарты жылдың дәрі-дәрмегі сыяды. Ұзақ уақытқа сақтауға болады. Сондай-ақ, барлық құрал-жабдықтар да осында тұр. Бірінші қабатта 100-110 адам сиятын мәжіліс залы бар. Осы уақытқа дейін талай шаруашылық басшыларын шақырып, малды қалай ұстау керек, жайылым, қора қандай болуы керек, қанша рет дезинфекция жасау керек, малды қалай дәрілеу керек екені бағытында семинар-сабақтар өткіздік. Шаруашылық бөлімінің меншігінде 30 млн. теңгенің көлігі, тіркемелері тұр. Одан бөлек құқықтық-кадрлық бөлімі барлық құжаттар, келісімшарттармен айналысады. Сондай-ақ, емдеу үстелі, операция үстелі, ординатор бөлмесі бар. Біздің мамандар малға түрлі операция жасайды. Өкпеге тұрып қалған қылтанақты алып тастайды. Сиырдың қарнын жарып, тек ет бағытында семірту үшін іштегі бұзауының тұқымын алып тастайды. Сосын бұл орталық қаншама малды емдеп, аурудың алдын алуда. Аудан аумағындағы шаруашылықтар, жеке секторлар, агрофирмаларда тіркелген 46 800 ірі қара малы, 413 100 қой-ешкі, 15 000 жылқы және тағы да басқа малдарды емдеп, бас-көз болып отырмыз. Шынын айту керек, дәл осындай мақсатта жаңадан соғылған орталық елімізде кемде-кем. Біз барлық мәселеде еліміздегі ауылшаруашылық институттарымен ақылдаса отырып жұмыс істедік. Содан болар облыс басшысы, тіптен, Ауыл шаруашылығы министрі осындай нысанды барлық аудандарға үлгі ретінде ұсынуды тапсырды. Шетелден келген мамандар да мақтап кетті. Бұл жерде аудандағы мал басының бәрі компьютердегі тізімге енгізілген.
– Яғни, аудандағы мал туралы мәліметтердің бәрі қаттаулы тұр дейсіз ғой...
– Иә, халықаралық талаптарға байланысты мал басының бәрін сырғаландырып, бәрі компьютерде тіркеулі тұр. Ай сайын, тоқсан сайын сатылғаны, өлгені есептен шығарылып, жаңадан сырғаланғандары тіркеуге алынады. Бұл істі шаруашылық басшылары да, өзіміз де жүргізе береміз. Тіпті, қай малға қандай вакцина, қанша рет салынғаны туралы да ақпараттар тұрады. Егер ол дәріленбеген болса, сатуға рұқсат беруге құқымыз жоқ. Қазақпыз ғой, үйге қонақ келсе, қой соямыз. «Үйдегі қойлар сырғаланған екен» деп, қол қусырып отырмайтының белгілі. Енді жыл сайын мал басын түгендегенде «Мына сырғадағы малдар қане?» деп, мал иесінен сұраймыз. Сонда олар не сойғанын, не сатқанын айтады. Соған қарап ол малдарды есептен шығарып отырамыз. Дәл осылайша жылқы малын чипке қою мәселесі де біздің өңірде дұрыс жолға қойылған. Чип дегеніміз де сырға сияқты. Жылқының барлық анықтамасы жазулы тұрады. Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Қарасу ауылдарының тұрғындары жылқы бордақылау ісімен өте жақсы айналысады. Осыдан кейін чипі жоқ бірде-бір малға анықтама берілмейді.
– Әйтсе де жаны мен малы мидай араласып жатқан қырғыз елінен келер қауіп жоқ емес қой...
– Иә, іргемізде қырғыз елі жатыр. Жасыратыны жоқ, көрші елден жылқылар контрабанда, басқа да жолдармен өтеді. Қырғыздардан өтіп жатқан мал арзан. Ол жылқыны «Пәлен базардан сатып алдым», деп ауылдық округтің кітапшасына кіргізетіндер де көп. Сөйтіп, бізге құжаттарын көрсетіп, чип салдырып, ақырында өзінің ақ-адал малы боп шыға келеді. Ең сұмдығы, ол жақтан келген жылқылар да ауру болуы мүмкін. Бұл – өте өзекті мәселе. Өйткені, қырғыздарда көптеген мал ауруының алдын алу жұмыстары жүргізілмейді. Шекарада қаншама малдар ұсталынып жатыр. Шекарашылар бізге өтінішпен шығып, біз арнайы құрал-жабдықпен барып, жылқы тіркелген бе, жоқ па екенін тексеріп береміз. Чип бір жағы мал ұрлығына да тосқауыл болуда.
– Маман ретінде тағы қандай мәселелер мазалайды?
– Әрине, соңғы жылдары бұл саланы материалдық-техникалық жабдықтау мәселесіне қатты көңіл бөлінуде. Бұл дұрыс та. Ауданда ветеринария саласында 20-ға жуық жеңіл көлік бар. Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков Қордайға келген сапарында «Нивамен» тойға барып жүрсіңдер ме?» деп сұрады. Жасырып, қайтемін, «Әрине», дедім. Тау мен тасқа шапқылап жүрген мамандар ара-арасында көлікпен той-томалаққа барып қоятыны да жасырын емес қой. Әйтсе де жыл өткен сайын жұмысқа деген талап өте күшейіп келеді. Бізді мазалайтыны – кадр мәселесі. Жақсы маман малға операция жасай білуі керек. Бірақ бізде бұл мәселе өте нашар. Жас мамандардың білімі көңіл көншітпейді. Сондықтан осындай орталықтар жастардың білімі мен тәжірибесін ұштай түседі деп ойлаймын.
«2015 жылдың сала көшбасшысы» және «2015 жылдың үздік басшысы» ұлттық сертификаттарына ие болған Болат Байтөленің сөзінен малды емдеудің де машақаты көп екенін аңғардық. Әйтсе де өз бақытын еңбектен іздеген, өз мамандығын сүйіп, сол үшін барын да, нәрін де берген Болат Байқонысұлының тыңнан түрен салған бұл тірлігі көпке үлгі-өнеге болатыны анық. Ендеше, Қордайға қонақ болып келсеңіз, Болат Байтөленің орталығына міндетті түрде бас сұғып шығыңыз. Малдың арасында өскен, төрт түлік малдың қадірін біліп өскен ағайын бұл орталықтың ерекшелігін бірден байқайды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.