16 Ақпан, 2016

Қарынбайдың малындай көріп жүр...

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Igor Shpilenok Киік деген жануар бар еді. Добал­дай тұмсығымен ауа тартып, басын жерге тұқыртып атқан оқтай заулағанда шапқан атқа жеткізбейтін. Сәкен Сейфуллин әнге қосқан киелі жануардың бір ғадеті, жол бойынан машина көрсе құйғыта шауып алдын кесіп өтпей тоқтамайтын. Құралайдың салқыны кезінде ауыл сыртына сыймай азан-қазан болып маңырап жататын. Маң далада босып жүретін сол миллиондаған киіктерді жұрт «бұл дүниесін өзіне қимаған сараң Қарынбайдың малы» дейтін. Сол сан миллиондаған киіктерден айырылып қалдық. Сайын дала бос. Ажалын, бүгінгідей айтып жүрген, улы шөптен емес, негізінен қырып тау­ыспаса көзінің қаны тарқамайтын екі аяқты жыртқыштардан келді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарындағы тоқырауда Қытайға мүйіз өткізіп пайда тапқандар жазықсыз жануарлардың тек текесін таңдап атып, етін алып кете алмай даланы қан сасытқан. Бүгінде маң даланың сәні киік жоқ. Енді екі аяқты жыртқыштар түнде жайылымда жүрген малға ты­ныштық беруді қойды. Көзке түртсе көргісіз түнде аң қарауға шыққандай мылтығын асынып жайылымға барады да, қоңдылауларын атып, қырып салады. Өз малындай мұқият сойып, жіліктеп ет базарларына сатып жібереді. Талайы ұсталды, сотты болды. Ауылдарда медиатор шалдар бар. Кешірімге алдындағы малын мал ұрлатқанға сыпырып берген, медиаторларға да ат мінгізген ұры екі-үш апта ұрты салбырап жүреді де, үйренген машығына қайта басады. Мақтааралда тұрғындардың жайылымда деп алаңсыз жүрген 18 бас ірі қарасын айдап әкетіп, Шымкентке келіп мал базарында сатып жіберген екеу ұсталды. Күдіктінің бірі бұрын сотты болған екен. Темір тордың ар жағы ащы сабақ болмағанға ұқсайды. Екеудің бұдан бөлек тағы үш ұрлыққа қатыстылығы анықталған. Даланың еркесі киік туралы бекер әңгіме қозғамадық. Оларды қырып тастағандар енді жайылымда жүрген төрт түлікті де Қарынбайдың иесіз малы көретін сыңайлы. Атып алады, айдап кетеді. Ұсталса ат-шапан айыбын төлейді. Қазір ұсталған екеудің үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабымен «Ұрлық» бойынша қылмысты іс қозғалды. Қамауға алынды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.