16 Ақпан, 2016

Жастардың жүзі жарқын

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_2720+Астанадағы Сәкен Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­те­хникалық универси­теті­нің оқытушылары мен студент­тері «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газетінің журналис­терімен кездесті. Бұл кездесу «Қа­зақ елінің ұлттық идеясы – Мәң­гілік Ел» атты тақырыппен өтті. Кездесуге «Егемен Қазақ­стан» газетінен акционерлік қоғам­ның президенті Сауыт­бек Абдрахманов, газет бас редак­торларының орынбасарлары Қор­ғанбек Аманжол мен Сейфолла Шайынғазы, осы жолдардың авторы қатысты. Оқу орнының ректоры, профес­сор Ақылбек Күрішбаев университет қауымына қонақтарды таныс­тыра келе оқу орнының қазіргі жағдайы туралы әңгіме қозғады. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Астанада құрылған тұңғыш жоға­ры оқу орны болып табылады. 2015 жылғы Тәуелсіз аккредитациялау агенттігінің сараптамасы бойынша университет республикамыздағы ең үздік бес жоғары оқу орнының қатарынан орын алды. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары арасында бірінші орынға ие болды. 2015 жылы университет білім беру бағдарламасының сапасы жөнінен де осындай тамаша табыстарға қол жеткізді. Оқу орнының 19 оқытушысы Қазақстанның ТОП-50 үздік оқытушылар тобына енді. Университеттің осындай табыс­қа жетуіне негіз қалап отырған бір фактор – оның басшылығының жасап отырған стратегиялық қимыл-әрекеттері деуге келеді. Мәселен, оқу орны аграрлық-инновациялық ғылымда дүниежүзінде бірінші орында тұрған АҚШ-тың Дэвис қаласындағы Калифорния уни­вер­ситетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов өз сөзін Мәңгілік Ел идеясынан бас­тады. Ұлттық идея дегеніміз – ұлттық сана-сезімнің жүйелі жинақталуы екен­дігін, сондықтан, ұлттық идеяның ха­лықты толғандыратын негізгі мәсе­лелерге жауап беретіндігін айтты. Газет редакторының орынбасары, ақын Қорғанбек Аманжол уни­верситет атын иеленіп отырған Сәкен Сейфуллин туралы өлеңін оқып берді. Кездесу барысында университет шәкірттері жүзінің жарқын екендігін байқадық. Шәкірттер атынан сөз алған Мейрамбек Бектұрғанов Астанадағы ең арзан асхана, ең арзан дәріхана, ең арзан дүкен осы университетте екендігін, студенттер үшін емхана жұмыс істейтіндігін, 1000 орындық жатақхана, ұстаздарға арналып көппәтерлі үй салынып жатқандығын айтып берді. Университет пен газет арасын­дағы байланыс беки түспек. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.