«Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы Әуезов аудандық филиалында азаматтардың өтініш-арыздарын жергілікті атқару органдарының қарауы жөніндегі аудандық партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Талқыланған тақырыптардың екеуі ашық қаралса, партияның ішкі жұмыстарына қатысты екі мәселе жабық есік жағдайында өтті.
Бірінші кезекте жергілікті тұрғындар партияның аудандық бөлімшесіне көбінесе қандай арыз-тілектермен келеді және осының нәтижесі нендей екені сөз болып, осы сұраққа қатысты партияның аудандық филиалының 2015 жылғы есебі тыңдалды.
Сондықтан, отырысқа аудан әкімдігінің, білім басқармасының, денсаулық сақтау саласы мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін салалар басшылары шақырылды. Ауданда салаға жетекшілік етіп отырған адамдардың барлығы 2015 жылға толыққанды есеп берді. Өткен жылы осы мекемелер бойынша көбінесе қандай арыз-шағымдар болды және олар қалай шешім тапты? Азаматтардың сұранысы қанша пайызға орындалды? Осы сұрақтарға жауап берілді.
Сайлау қарсаңында өткізіліп отырған отырыстың тағы бір мақсаты – осы саяси науқан алдында партия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, тәртіпті қатайта түсу. Өйткені, билік партиясы мұндай жауапты кезеңде өз беделіне де көп жұмыс істейтіні белгілі. Партия мүшелерінің жұмылатын кезі де осы.
– Біздің Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша партияның атына өткен жылы 1 мыңға жуық арыз-шағым, өтініш түсті. Пайызға шағып қарайтын болсақ, мәселенің көбі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарына қатысты болып келеді. Сол сияқты, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына байланысты түйткілдер көп. Оған қоса, азаматтардың өтініштері мен арыздарының бір бөлігі жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне жатады. Ал біздің міндет – тұрғындар тарапынан түсіп жатқан сұраныстардың шешімін табу. Партияға арызданып келген адамдардың істерін аяқсыз қалдырмауға тырысамыз. Жылдан-жылға партияға жүгінетіндер мен арыз саны да көбейіп келеді. Бұл – түк жұмыс атқарылмай жатыр деген сөз емес, керісінше, партияға азаматтардың сенімі өсті деген сөз, – дейді Әуезов аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Төлеуғали Тайтөлеев.
Ал жабық есік жағдайында өткен күн тәртібіндегі екі мәселеге келсек, заң бойынша жыл сайын партияның бақылау комиссиясының мүшелері ауысып отырады. Сонымен, оның екі мүшесі жаңарды. Сондай-ақ, партияның жаңа жылдағы тәртібі бойынша, комиссия төрағасының орынбасары тағайындалуы тиіс.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.