16 Ақпан, 2016

Қамкөңіл жандарға жасалған қайырымдылық

1408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC_0165-1Облыс орталығындағы «Атамекен» мейрамханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Біз біргеміз!» атты қайырымдылық акциясы өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, меценаттар, кәсіпкерлер, еріктілер және 150 белсенді мүмкіндігі шектеулі азамат қатысты. Жетімін жылатпаған, қамкөңіл жандарын қа­тар­дан қалдырмайтын, қайы­рымдылығын аямайтын ата-бабадан келе жатқан имандылық ісінің жалғасып, дәстүрге айналып келе жат­қаны көңіл мар­қайтады. Акцияның мақсаты – мүм­кіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, олардың өздерін қоғам­ның толық­қанды мү­шесі ретінде сезі­нулеріне жағдай туғызу болып табылады. Бұл акция осы бағыттағы бағалы бастама ғана емес, қайтарымды қайырымдылық шара ре­тінде де құнды. Осы ар­қылы қаншама қамкөңіл жандардың жүрегіне ізгілік нұры құйылады, олар­ды өмірге талаптанды­рады десеңші. Өңірде осы акция өткі­зіліп келе жат­қан 16 жылдың ішінде спорт, мә­дениет салаларын­да, қоғам­дық өмірде же­тістіктерге жеткен 3 мыңнан астам ере­сектер мен балалар қа­йырымдылық шуағына бөленген екен. Акцияда ал­ғаш болып сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы акцияны он алты жыл бойы ұйымдастыруға ұйыт­қы болып келе жатқан «Ақ­төбе қалалық сал ауруларына шал­­дыққан азаматтарды қолдау ор­талығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құ­­ралай Бәйменоваға риза­шылығын білдіре келіп, облыста 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұратынын, оның екі мыңға жуығы 16 жасқа дейінгі балалар екенін жеткізді. Акцияны ұйымдастырудағы ең басты мақсат – осындай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету, көңіл­дерін көтеріп, қол­тықтарынан демеп, жақ­сылық жасау екенін атап өтті. «Рас, мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға Үкімет, қо­ғам тарапынан қамқорлық жасалып, көмек көрсетілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік мә­се­ле­лерге айрықша көңіл бөліп келеді, мүм­кіндігі шектеулі жандарға тұрақты қолдау көрсетілуде. Жәр­демақылары өсіріліп, оларды жұмысқа орналастыру қолға алынуда. Басқа да жеңілдіктер қарастырылуда. Бүгінгі өткізіліп отырған акция соның дәйекті дәлелі екені сөзсіз», деді Бердібек Машбекұлы. Өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты шаралар басталып кеткенін, оған әркім хал-қадерінше үлес қосуы керектігін еске салып, жиналғандарды бү­гінгі шарамен құттықтады, осы акцияны қолдауға келген «Нұр-Мұқасан» дуэті, әнші Ақылбек Жеменей және «Мұзарт» тобына ри­­зашылығын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімі пе­шенелеріне жазған тағ­дырдың тауқыметін мойымай көтеріп, өз салалары бойынша үлкен табысқа жет­кен, еліміз егемендік ал­ған жылы дүниеге келген бір топ жасқа азаматтық ұс­танымдары үшін «Тәу­елсіздік құрдастары» номи­на­ция­сы бойынша Алғыс хат пен ақшалай сыйлық тапсырды. Ал акцияға қатысушы­ларды белсенді өмірлік көз­қарастары үшін құттықтау тілегін арнаған облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрлыбек Мұ­қанов мүмкіндігі шектеулі жан­дардың еңбек етуге деген құл­шынысы зор екенін, қазір өз істерін ашып, табыс тауып жүрген мүгедек жандардың қатары арта түскенін ай­рықша атап өтті. Ол да өз кезегінде же­ке кәсіп­кер­лікпен айналысып жүр­ген мүмкіндігі шектеулі 8 аза­матқа «Өз ісінің шебері» номинациясы бойынша Ал­ғыс хат пен сыйлықтар ұсынды. Сондай-ақ, акция аясында «Менің мүмкіндігім мол», «Жанымыздағы жандар», «Ардагер» номинациялары бойынша мүгедектер қоғамының белсенді мү­шелері мен мүмкіндігі шек­теулі балалардың ата-аналары марапатталды. Ша­рада осы имандылық істің бастамашысы Құралай Бәй­­менова жыл сайын қа­йырымдылық акциясын өткізуге тұрақты түрде де­меу­шілік жасап жүрген кә­сіпкер-меценаттарға «Қа­йырымдылық жасау мә­дениеті» номинациясын табыстап, ыстық ілтипатын жет­кізді. Олардың арасында «Рамазан» ЖШС басшысы Орынбасар Мусин, «Қазақ­станның халық банкі» АҚ Ақ­төбе филиалының ди­рек­торы Апуажан Төле­ге­нова, «Хабар сервис» ЖШС басшысы Мұхтар Әбіл­қайыров, «Сәулет Құ­рылыс Сервис-2007» ЖШС директоры Нұржамал Таң­қаева сынды меценаттар бар. Акция барысында белгілі кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын басшылары өз­дерінің әлеуметтік жо­баларын ұсынып, сол ар­қылы мүгедек балалардың «Еврогрейд-2016» халық­аралық музыкалық фес­тиваліне қаты­суына, мүм­кіндігі шектеулі азамат Т.Ма­таевтың үйіне пандус салып беруге және мүге­дек­­терді жұмысқа орна­ластыруға қолдау көрсе­те­тіндерінен хабардар етті. – Мен мүгедектігіме қара­мастан автокөлік жүр­гізіп, қалалықтарға такси қызметін көрсетіп, өз нәпақамды өзім айырып жүрмін. Қоғамдық жұ­мыс­тардан да қалмаймын, спортпен айналысамын. Тек үйімде пандус болмай қиналып жүр едім. Соған қажетті қаржыны бөлген «Динар-Электромаш» ЖШС басшысы Сергей Вишнякқа алғысым шексіз, – дейді Темірбек Матаев. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақтан». Ақтөбе облысы.