Астанада «Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтайшылары мен «ҚазАгро» холдингі және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдерінің қатысуымен жалпы жиналыс болды.
Онда 15 жылдан бері еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуда тынымсыз тер төгіп келе жатқан несие серіктестіктері қызмет ауқымын кеңейтіп, өз қатысушыларын несиелеуге жасаған жаңа жүйенің әлі де ширатылатын және жетілдіріле түсетін тұстарын жан-жақты талқылады. Шараның дөңгелек үстел форматында өткен бөлімінде жаңа жүйені таныстырған қауымдастық төрайымы Альмира Сағатоваға үш тараптың жетекші мамандары түрлі сұрақтар қойып, ол шаруа қожалықтарын қаржыландырудың жаңа жүйесіндегі пайдалы тұстарды мақұлдап отырды. Әр істе шашыраңқы әрекет етіп жүрген қожалықтардың басын біріктіріп, қаржыландыру мен ауыл шаруашылығына қажетті заттармен дер шағында қамтамасыз ету істерін үйлестіретін жаңа жүйе тараптардың ойын дөп басқан сияқты.
Себебі, жаңа жүйе әрісі Германия мен Польшаның, берісі Ресей мен қырғыз елінің саладағы қаржыландыру тәжірибелерін зерделей отырып, өз елімізге пайдалы тұстарын іріктеп алып жасалғаны көрініп тұр. «Бұл жерде Германияның тәжірибесіне көбірек назар аударып, тиімді жерлерін үлгі еткеніміз жөн деп білемін. Өйткені, құрылғанына жүз жылдан асқан корпорация қазіргі таңда тек ауыл шаруашылығын ғана несиелеумен шектеліп қалмай, елдегі экономиканың өзге де салаларын қамтып жатыр. Біз де алдымызға осындай үлкен мақсат қойып, әрекет етсек жөн болар еді. Ондай биік мақсатқа құлаш ұруға мемлекет жол ашып, барлық дерлік жағдайды жасап отыр. Ендігі қалған іс – жүйені барынша жетілдіріп, ауыл шаруашылығындағы жұртты бір мақсатқа жұмылдыра білу және жаңа жүйеміздің жемісін қысқа уақытта елге ұсына алу», деді төрайым.
Күн бойына ұласқан шарада қауымдастықтың өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспары пысықталды. Сөйтіп, таяу уақытта мемлекеттік органдар мен мүдделі құрылымдардың талқылауына шығарылатын несие серіктестіктерін дамытудың айтылған жаңа стратегиясы ұтымды ұсыныстармен толықтырылды. Жалпы 15 жыл ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдауымен еліміздің 13 облысындағы 163 ауданда 171 несие серіктестігі құрылыпты. Олардың аудандарды қамту үлесі республика бойынша 93 пайыздан асқан. Дәл бүгінгі күні НС жүйесі 12 мыңға жуық ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің басын біріктіріп отыр. Былтырдың өзінде серіктестіктің қатарына 2240-тан астам жаңа қатысушы тартылыпты. Осы кезге дейін НС жүйесіне келген қожалықтарға 160 млрд. теңгеден астам несие ақша беріліп, 120 мыңға жуық ауыл шаруасының жұмыс орны сақталып, қосымша қызмет көздері ашылған.
Қауымдастық жетекшісі Альмира Сағатованың пікірін алға шығарар болсақ, серіктестіктің бүгінгі үлкен мақсаты – НС жүйесінің стратегиялық даму бағдарламасын озық елдердің саладағы тәжірибесі негізінде жасап, уақыт талабына сай дамытуды көздейді. Ол үшін НС-тың бірыңғай стандарттары мен ережелерін енгізбек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытумен қатар, несиелеу бюросына қатыспақ. Бұлармен бірге қожалықтар арасында ынтымақтастыққа бағытталған сақтандыру қорларын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Құрылымдағы жалпы жиынның соңы мерекелік шараға ұласты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жетекшілері құрылғанына 15 жыл толған НС жүйесінің қатысушыларына грамоталар тапсырды. НС рейтингілеу жүйесі бойынша Ақмола облысындағы «Целиноград» НС пен Солтүстік Қазақстан өңіріндегі «Есіл» НС көшбасшы деп танылды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша ең үздік серіктестік жүлдесі Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Яссы-несие» НС-қа берілді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».