Үкімет Мемлекет басшысының кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау үшін биылғы жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспарын әзірледі. Ол 4 бағытты қамтиды.
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкіметтің кезекті отырысында осы мәселе қаралды. Мәлім болғандай, дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспарының бірінші бағыты – ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қолдауға негізделген. Екіншісі, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау жөніндегі шараларды кеңейтуді көздейді. Үшінші бағыт, шағын және орта бизнесті және экономиканың негізгі салаларын қолдауға арналса, ал төртіншісі – іскерлік белсенділік пен халықты жұмыспен қамтуды қолдауды қарастырады. Отырыс барысында он екі баяндамашы кезектесе сөз алып, шаралар жоспары кең ауқымда талқыланды. Үкімет мүшелері әрбір бағыт бойынша қандай шаралар атқаратындықтарын жеке-жеке баяндады.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев өз кезегінде 2016 жылы Ұлттық қордан қосымша қаржы тартпастан, Қазақстан экономикасын қолдау мақсатында 1 трлн. 278,4 млрд. теңге бөлінетінін мәлімдеді. «Оның ішінде 2017 жылғы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының 3 млрд. долларынан 1 млрд. долларды 2016 жылға ауыстыру нәтижесінде алынған 360 млрд. теңгені қосқандағы 554,5 млрд. теңге бар. Сондай-ақ, 2016 жылғы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Ұлттық қордың қаржысымен бағамдық айырма арқылы 194,5 млрд. теңге жинақталды», деді Е.Досаев.
Министрдің айтуынша, Үкіметтің арнайы резервінен 123,9 млрд. теңге бөлінеді. Ұлттық холдингтерге БЖЗҚ есебінен 600 млрд. теңге бағытталады. Сондай-ақ, министр баяндамасында 2016 жылдың наурызынан бастап Қазақстан экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесіне көшетінін атап өтті.
«Мұнай-газ секторы мен тау-кен металлургиялық кешенді қолдау үшін пайдалы қазбаларды өндіруге жеңілдіктерді ұсыну, 2016 жылдың 1 наурызынан әлемдік бағаға байлай отырып, экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, мұнай-газ секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін экспорттық-кедендік баж салығы мазуттың тоннасына 30 долларға дейін төмендетілді», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мұнайға байланысты меже бойынша, яғни барреліне 25 доллардан төмен әлемдік баға кезінде экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі 0-ге теңеледі, ал барреліне 25 доллардан жоғары баға аясында экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі тиісті межеге сәйкес айқындалады. «Осы арқылы, мұнайға әлемдік бағаның өсуімен экспорттық-кедендік баж салығы көлемі де артады», деп түсіндірді Е.Досаев. Сонымен қатар, 1 мамырдан 1 қыркүйекке дейінгі аралықта бір тоннаға 15 еуро мөлшерінде мазутқа маусымдық баж салығының мерзімін белгілеу ұсынылуда.
Е.Досаев тұрғын үй құрылысы туралы да біраз мәліметпен бөлісті. Оның хабарлауынша, дағдарысқа қарсы қосымша шаралар 2016 жылы баспананы пайдалануға беру болжамын екі есеге арттырады. Жедел ақпарат бойынша өңірлер бойынша жобалардың алдын алу пулы қалыптастырылды. Бюджетті нақтылағанға дейін тізім пысықталып, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Қабылданған шаралардың арқасында жоспар бойынша ескерілген 2016 жылға 516,5 мың шаршы метр баспананың орнына, биыл 1,5 млн. шаршы метр тапсырылады және 2017 жылы 540 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде ІЖӨ өсіміне 0,5 пайыз деңгейінде үлес қосады және 70 мыңнан астам қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі мен талаптарына енген өзгерістерді ескере отырып, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгертулер енгізіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдың 1 маусымына дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының жаңа стратегиялық жоспарын даярлау аясында бөлек бөліммен Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жаңа тұжырымдық қадамдар әзірленеді», деп нақтылады Е.Досаев. Сондай-ақ, министр биыл Астана мен Алматыда бір шаршы метр тұрғын үйдің құны 240 мың теңгеден аспайды, ал қалған өңірлерде 200 мың теңге деңгейінен жоғарыламайды деп сендірді.
«Құрылыс салушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталатын болсақ, тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жер телімінің және мемлекеттік сараптамамен жобалау-сметалық құжатнаманың болуы, 20 пайыздық жеке капиталының қатысуымен кірісуі қамтылған», деді министр. Аталған бағыт бойынша 2016 жылы 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Үкімет отырысына Алматыдан тікелей онлайн байланысқа шыққан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ақша-несие саясаты бағытын кеңінен сөз етті. Оның хабарлауынша, Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуін жалғастыра береді. Бұл қазіргі сәтте барынша оңтайлы режім. Бұл бір жағынан алтын-валюта активтерін сақтауға, екінші жағынан отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта теңгенің күнделікті айырбас бағамы іргелі факторлардың өзгеріске ұшырауы негізінде қалыптасып отыр. Ал оған Ұлттық банктің қатысуы барынша азайтылған және негізгі трендтердің өзгерісінсіз күрт құбылу орын алған кезде ғана ахуалды ретке келтіруге бағытталған.
«Нарық қатысушылары айырбас бағамының артуына, сонымен қатар, төмендеуіне қатысты құбылмалылыққа біртіндеп үйреніп келеді. Бұған қоса, оның серпінін айқындайтын факторларды да жақсы түсіне бастады», деді ҰБ төрағасы. Д.Ақышевтің сөзіне қарағанда, осының арқасында Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің өтімділігін қамтамасыз етудегі рөлі күшейді. Бұған қоса ол теңгемен салынған депозиттер үлесінің артуы күтіліп отырғандығын алға тартты. 2016 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық банк жеке тұлғалардың ұлттық валютамен сақталған депозиттеріне берілетін сыйақы ставкасының ең жоғары мөлшерін 10 пайыздан 14 пайызға дейін көтеріп, шетел валютасындағы депозиттердің ставкасын 3-тен 2 пайызға дейін төмендетті. Бұл теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыруға, біздің елдің азаматтарының жинақтарын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жайт экономиканы несиелеу үшін банктердегі теңге өтімділігін қамтамасыз ететін болады.
«Мұндай жағдайда Ұлттық банк ақша нарығына арналған пайыздық саясат тетіктерін жетілдірумен жұмыс істеуін жалғастырады», деді ҰБ төрағасы.
Ұлттық банк міндеті – 2016 жылы инфляция дәлізін 6-8 пайыздық қалпына келтіру. 2015 жылғы теңге бағамын түзету әсері бағаға тікелей пропорционалды ықпал етпейді. Ұлттық банк басшысының айтуынша, теңге бағамының әлсіреуінен өткен жылдың қорытындысында инфляция 13,6 пайызды құраған. «Инфляцияның 6-дан 8 пайызға дейінгі белгіленген дәлізге оралуы бірлескен күш-жігерді қажет етеді және Ұлттық банк пен Үкімет іс-қимылының үйлесімділігіне тәуелді болады», деді Д.Ақышев.
Қазақстан Үкіметі теңгенің ағымдағы бағамын нақтыланған республикалық бюджетке бекітеді. Бұл жөнінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. «Әрине, бағам бүгінгі деңгейді есепке ала отырып нақтыланады», деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2016 жылы мемлекеттiк бюджеттiң дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған шығындары шамамен 600 млрд. теңгеге ұлғаяды. «Бұл жаңа жағдайларда бюджеттiк саясаттың контрциклдiк тұжырымдарына сәйкес келедi», дедi министр. Сондай-ақ, Б.Сұлтанов бюджеттi бiрiншi нақтылау теңгерiмдi болады дедi. Оның 240 млрд. теңгесi – Ұлттық қордан бөлiнген мақсатты трансферт, 124 млрд. теңге – жұмыспен қамтудың, бизнестiң жол карталары, агроөнеркәсiп секторы мен ҚТҚЖБ салымдарының өтемақысын төлеу бойынша шығындарды өтеу үшiн бекiтiлген бюджетте қарастырылған арнайы қорды қайта бөлу. Қаржы министрлiгi басшысының мәлiмдеуiнше, 20 ақпанға қарай тиісті заң жобасы әзiрленедi деп жоспарланып отыр.
Инвестициялар және даму министрi Әсет Исекешев 2016 жылдың бiрiншi жартыжылдығында жолдардың құрылысы мен қайта жөндеуге қатысты халықаралық қаржы институттарымен қарыз туралы 11 келiсiмге қол қойылғандығын хабарлады. «Екiншi жартыжылдықтан бастап осы қарыз есебiнен бiрқатар жоба жүзеге аса бастайды. Қалған жобаларды 2017 жылдан бастап жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2017-2019 жылдар кезеңiнде 200 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ», дедi Ә.Исекешев. Министрдiң айтуынша, барлық отандық өндiрiстер iске қосылады. «Цемент, жол битумы, энергоматериалдар, темiр-бетон өнiмдері мен басқа отандық өндiрiстер толығымен iске қосылады», дедi министр.
Үкімет отырысында одан әрі Энергетика министрі В.Школьник, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев баяндама жасап, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қосымша сөз сөйледі.
Отырыс қорытындысында Премьер-Министр ағымдағы аптаның барысында бюджетке түзетулерді даярлауды тапсырды. Мұндай шаралар кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында атқарылмақ. «Алдағы сейсенбіде қабылдау үшін осы аптадағы мақсат – бюджетке өзгертулерді даярлау. Яғни бұл жұмыстар қаржының барынша тезірек экономикаға бағытталуы үшін қажет», деді К.Мәсімов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».