17 Ақпан, 2016

«Қарағайдың қарсы біткен бұтағы»

919 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Сайлаубек ЖұмабекұлыБір күні Сайлаубек Жұмабек ағамен ойда-жоқта қызметтес болдым. Өйткені, ол «Қазақ әдебиеті» газетінен мен істейтін «Ара» журналына жауапты хатшы болып ауысты да, білдей бір бастығым болып шыға келді. Бастығымыз екеуміздің арамыз өте жақсы, інілі-ағалы болып қызмет еттік. Бұрын мұндай журналда істемеген, алғашында аздап қысылды, қиналыңқырады. Артынан үйреніп кетті. Өйткені, жазған сын кітаптарының тілі «Араның» тілімен, тақырыбымен ағайындас еді. Кілең фельетондар ғана жариялайтын «Араның» ішкі кухнясына тез-ақ сіңісті. Қанша айтқанмен талантты адамдар бәрін де тез қабылдайды емес пе, Сайлаубек аға да «Араға» жылдам төселді. Бір күні Қал-ағаң, бас редактор Қалтай Мұхамеджанов өзін жиі-жиі шақыратын Орталық Комитетке кетті. Партия құлап, «Ара» журналы «әне жабылады, міне жабылады» деген қауесеттің өршіп тұрған кезі. Екіұдай ойда қалып, біз редакцияда күтіп отырмыз. Түс қайта Қал-ағаң келді. Жүзінде жеңістің белгісі бар. Сәкең екеуміз кабинетіне ілесе кірдік. Сөйтсек, «Ара» жабылмайтын болыпты. Оны қалай алып қалғаны жөнінде Қал-ағаң қысқа ғана әңгімелеп берді. Екінші хатшы Ануфриев болатын. Соған айтыпты. «Қағаз жоқ, қағаз жоқ дегенді көп айтасыздар. Бізге «Араны» шығаруға ет, май орайтын, дүкендердегі жатып қалған сары қағаздар да жетеді. Сонымен-ақ шығара береміз. Бізге сол қағаз да жетеді, содан бізге беріңіздер, бәрібір онымен орайтын, ет те, сары май да жоқ қой», депті. Тауып айтылған ащы шындықты уәжге тоқтаған Орталық Комитеттегілер «Араның» ғұмырын тағы біраз мерзімге ұзартып берген еді. Осындай адамдармен қызметтес болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын. Сәкең бала секілді еді. Не айтсаң да сене салады, айт­қаныңа көніп жүре береді. Сол мінезі оны қарапайым да адал етіп көрсететін. Жұмысқа тым ерте келеді. Терезені ашып, кабинетті бір желдетіп алады да үйреншікті жазуына кіріседі. Біз жұмысқа барғанша ол біраз нәрсе жазып тас­тайтын. Келе, бізге оқып беріп, артынан пікір тыңдайтын. Шерағаң туралы «Жұлдызы нұрлы суреткер» дүниеге осылай келген шығарма болатын. Шерағаңның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылып бітті. Оның әрбір жолын, абзацын қайта-қайта оқығың келе береді. Публицистік сарында жазылған еді. Шерағаңның болмысын, сурет­керлік қасиетін айнытпай берген толғамды туындының шоқтығы биік еді. Қайта-қайта парақтай бергің келетін. 60 жылдық тойға осы кітапты оқып, «қаруланып», дайын күйде барғанымыз есімде. «...Бұл аз десеңіз, ананың емірен­ген әлдиін, туған жер табиғатының тылсым мейірін, күнделікті тұр­мыс-тіршіліктің тайқымаңдай тау­қыметін көп көрген; қыспақшыл да өктемшіл өмірдің көтензорлық салмағынан қалқалап қорған болатын құдіретті әкенің қамқорлығын аз көрген; жан жаралайтын небір қаталдықтардың әрқилы сынағын бастан көп кешірген; сағы сынбаған сирек ұрпақтың бір өкілі – біздің Шерхан ағамыз. Бұлай дейтін бірден-бір басты себебіміз сол, 1932 жыл­ғы ашаршылықтың зарда­бын жөргегінде-ақ сезінген; онан қала берді «халық жаулары» қаптап та­был­ған 1937 жылғы алатай нау­қанның – топалаң зобалаңның ла­ңын; іле-шала Ұлы Отан соғысы­ның 1941-1945 жылдардағы қан­сыратқан, зар қақсатқан аждаһа шеңгелін көзімен көрген» деген баға береді Шерағаңа. Несі бар, иланатын және мойындайтын уәж. Кейін «Ара» журналы жабыл­ды да, оның орнына Қаржы минис­трлігінің қамқорлығымен респуб­ликалық «Ара» газеті шыға бас­тады. Оның ашылуына да Сәкең көп жүгірді, есіктерді тоздырып жүріп дегеніне қол жеткізді. Ақыры «Араны» ашты да оған біраз уақыт бас редакторлық етті. Ол кезде мен сол газеттің жауапты хатшысы едім. Қазақ теледидарында істейтінмін. Екі жұмысты қатар алып жүруге келісім берді. Еңбек жолымыз сосын Қазақстан Жазушылар ода­ғында жалғасты. Әдеби кеңесші қыз­метін қатар атқардық. Салиқалы, өзінің жұмысын ғана білетін азамат ретінде есте қалды ол ағамыз. Сонда жүргенде Қалаубек Тұрсынқұлов жайлы «Қазығұрттың перзенті» атты қаламгер шығармашылығын терең зерттеп, әділ баға беретін кіта­бын жазып, бітірді. «Сырлы әуен» деп аталатын кіта­бына соңғы сөз орнына берілген «Қарағайдың қарсы бұтағы» деп аталатын лебізде халық жазушысы Шерхан Мұртазаның сөзі былай дейді: «Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов аға­мыздың алдымен сұрайтын адам­дарының бірі – Сайлаубек Жұмабек. Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сон­да Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен? Демек, мәселе басқада. Ол Сай­лау­бектің шығарманы, жалпы әде­биетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүк­песіз, риясыз, тек өзіне тән ту­ра­шылдықпен айта білетіндігі. Бірақ «Турасын айтсаң, туғаныңа жақ­пайсың» деген де бар. Шын сын­шының тағдырын Құдай солай жаратқан. Бірақ, өйтіп үркектеп қалған Сайлаубек жоқ, қарағай тектес. Сынса да шарт сынады. Әсте иіл­мейді. Есесіне түзу. Көп сыншылар иілгіш, икемдел­гіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту өте қиын. Ал өтірік мақтау – өз сорың. Оны Абай баяғыда айтқан: «Сенбе жұртқа тұрса да сені мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап...». Қазір қазақ әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан, динозаврлар дәу­і­­­рі­нен қалған жалғыз тұқым сияқ­ты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таңғаларлық ер­лікпен тең. Бірақ еңбекті, ерлікті елеп жат­қан кім бар? Бәрібір бүгін болмаса, ертең еле­неді. Табан ақы, маңдай тер текке кетпес. Елу деген ердің жасы, ерлік іс­тердің жасы. Қарағай туралы бірдеңе деп қалдық. Қасиетті қарағай тек түзу ғана емес, мәрт қана емес, ол әрі көп жа­сайды және мәңгі жасыл болып тұ­рады. Сайлаубекке қарағайдың сол қа­сиеттері жұғысты болсын». Міне, ер Сәкеңе берген халық жазушысының бағасы осы. Одан артық қалай айтарсың? Өкініштісі сол, Шерағаң айтқан қарағай «көп жасайды» деп еді, ұзақ жасай алмады. Қысқа ғұмырында жалт етті де, жоқ болды. Бірақ оның жазған шығармаларының ғұмыры ұзақ. Сайлаубек Жұмабекұлы жай­лы сөз болғанда, оның қаламы­нан туған «Сын әуені» атты кіта­бына соқпай кету мүмкін емес. Онда еліміз тәуелсіздік ал­ған он жыл ішінде мерзімді баспа­сөз бет­терінде жарияланып, жұрт­шы­лық назарын аударған мақа­лалары топтастырылған. Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы жайлы жазылған «Тарихқа тағзым, тәуелсіздік тұ­мар­­лары мен тәбәріктері» атты бірінші бөлімі мен «Тәуелсіз әдебие­тіміздің тарландары», «Тәуелсіз әдебиетіміздің хас суреткерлері», «Тәуелсіз әдебиетіміздегі менің буыным» атты бөлімдері қомақты кітапты ажарландырып тұр. Сол кітаптағы «Тәуелсіз әдебие­тіміздегі менің буыным» бөлі­мінде замандасы, ақын Темірхан Ме­детбекке айтары былай аяқталады: «Сонымен, сөз соңында ақын Темірхан Медетбек – өзінің творчествосы арқылы Мон­теньнің: «Нет лучшей судьбы для человека чем хорошо выполнить свое предназначенье», – деген немесе оған қоса Эмерсонның: «...токи Вселенского бы­тия проходят сквозь меня; я часть бога или его частица», деген қанатты сөздерін мақтанышпен толық қайталай алатын ірі ақын». Міне, көрдіңіздер, Сайлаубек Жұмабек қандай ой айтып, пікір білдірсе де оны нақты дәлелдей алатынын көрсететін мықты қаламгер. Ол проза немесе поэзияны ғана сөз етпейді. Біз сөз етіп отырған «Сын әуені» жинағында тіпті сатира туралы да сөз етеді. Ондағы «Қазақ күлкісінің олимпі» деген шығармасында қазақ күлкісінің мэтрі Оспанхан Әубәкіров жайында толғана жырлайды және ол туралы кесек-кесек ойлар айтады. «Оспанхан Әубәкіров! Иә, бұл есім ауызға түскен сәтте ең әуелі біздің көз алдымызға бәз-баяғы ғажайып Тазша баланың қиын­нан қиыстырар тапқырлығы; әйгілі Алдар көсенің алып та шалып жығатын әжуа-әскиясы; құдіретті Бейімбет туындыларындағы күл­кінің майлы жілігі – Мырқым­бай­дың мағына­лы-мәнді мыс­қыл­дары; егемен еліміздің түкпір-түк­пірінде айтқыштығымен ауыз­дан түспейтін әрі өз аттарымен жү­ріп жататын әр алуан әйгілі шан­шар­лардың шағып алатын шуақ­ты шымшымалары; яғни бәрі-бәрінің 1960-1985 жылдар беде­лінде Оспанхан Әубәкіров туынды­ларына шоғырланғаны және бір сапада тоғысқаны; жомарт түрде жинақталғаны; сөйтіп, бір шұ­ғыла шашар өзгеше сұлулыққа, көр­кем келісімге – жемісті күлкіге ай­налғаны келе қалады! Мәуелі-миуа­лы күлкінің көркем құбылысқа айна­луының алтын тамыры осында жатыр». Бұдан біз нені байқаймыз? Сай­лаубек Жұмабек тек қана көр­кем шығарманы ғана түсініп, тал­дамай­ды. Ол күлкі жайында да ой қозғайды. Қазақ күлкісінің атасы болған Оспанхан Әубәкіровтің шығармашылығы жайында сыр толғайды. Бұған, әрине, иланасың, әрі таңғаласың. Демек, Сайлаубек Жұмабек «тек қана сықақ­шылар істейді» деген ұғымдағы «Ара» журналында бекер істемеген екен деп ойға қаласың. Сол ойыңды Оспанхан Әубәкіровке берген бағасы нықтай түседі және бекітеді. Поэзия жайында да терең-те­рең, сүбелі ой айтады. «Жан нұ­рына шарпылған жырлар» деген дүниесінде ақын Күләш Ахметова жайында ой толғайды. «Үлбіреген дүниелердің үйлесімі – Күләш поэзиясы осыны мейлінше ерек, мейлінше жүйелі көрсетеді... ...Қарапайым нәрсе әрі үлбірек, әрі төзімді келеді. Қарапайым нәрсе әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Қарапайым нәрсе әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Үлбірек нәрсе де әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Үлбірек нәрсе де әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Бұған Күләш Ахметованың отыз жылға жуық шығармашылық жолы мен еңбектері дәлел» деген тұжырымы қандай қымбат, қандай терең! 1997 жылы «Алатау» баспасынан шыққан «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр» деп аталатын жинағының беташар сөзінде былай делінген: «Белгілі сыншы Сайлаубек Естай­ұлы Жұмабектің есімі қалың оқыр­ман қауымға жақсы таныс. Оның 1990-1997 жылдар беле­сінде республикалық баспасөз бет­те­рінде әдебиет жөнінде, әсі­ре­се, қырғыз халқының ұлы сурет­кері Шыңғыс Айтматовтың шығар­ма­шылығы туралы мақалалары, сондай-ақ, оның үстіне «Алматы ақшамы» газетінде тұрақты түрде үзбей жарияланған Бұқар жырау, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тахауи Ахтанов, Ос­панхан Әубәкіров, Жұмекен Нәжі­меденов, Асқар Сүлейменов, Сей­дахмет Бердіқұлов, Қалихан Ысқақов, Зейнолла Серікқалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Темірхан Медет­бек, Мархабат Байғұтов, Кү­ләш Ахметова және тағы бас­қа қаламгерлер туралы жазған пор­треттері мен эссе­лері, мақалалары өткір де әділ пікірлерімен, байыпты талдауларымен, жаңаша көз­қарастарымен, ойлы тұжы­рымдарымен көпшіліктің көңілінен шыққан, әр ­алуан әдеби ортада жо­ғары қолдау мен ілтипатқа бөленген болатын. Енді сіздердің қолдарыңызға тиіп отырған «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр...» атты жаңа кітап – лирик ақын әрі драматург Нұрлан Мыр­қасымұлы Оразалының отыз жылдық (тұңғыш кітабы 1977 жылы шыққан) шығармашылық жолы туралы азды-кем сөз етеді». Осы пікірге алып-қосар еште­ңеміз жоқ. Сайлаубек аға еңбекқор еді, таза еді. Сол қасиеттерінің ар­қасында өмірге мықты-мықты шығармалар әкелді. Оған аянбай тер төгіп, оқыр­мандар оқитын дәрежеге жеткізді. Белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабектің есімі оқырман қауымға «Сын пернесі», «Ғабит Мүсірепов», «Жұлдызы нұр­лы суреткер», «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр, «Қазығұрт пер­зенті» атты сын кітаптары арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Қазақстан Жазушылар ода­ғының халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері. Ең бастысы, Шер-ағаң баға берген «Қарағайдың қарсы біткен бұтағы» екенінде сөз жоқ. Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ, жазушы. АЛМАТЫ.