Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Астанада шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесіп, өңірге ауқымды инвестициялық қаржы тарту жолдары жайлы ойларымен бөлісті.
Алқалы басқосуды Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Әнуар Құржықаев ашып, Елбасы алға қойған міндеттерге сәйкес экономика, өнеркәсіп, әлеуметтік салаларға шетелдерден қаржы құюдың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды міндет саналатынын жеткізді.
Ерік Хамзаұлы 33 мемлекеттің дипломатиялық миссия жетекшілері алдында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында жаңа инвестициялық саясаттың негіздері белгіленгенін, Қазақстанның алдағы міндеттеріне орай экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, 10 жыл ішінде кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу, экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен қамтамасыз етілетін талабы алға тартылғанын атап өтті. Барлық инвестициялық жобалардың тікелей өңірлерде жүзеге асырылатынын ескерсек, аймақта инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Былтыр жалпы инвестициялар 154,5 миллиард теңгені құрап, өсім 28,3 пайызға жетті. Астық тасымалдайтын вагондар, пластикалық құбырлар, мұнай ұңғымалық сорғылар шығару, басқа да өндірістік жобалар игерілді. Өнеркәсіп саласындағы өсім қарқыны бойынша республикада алтыншы орынды иеленді. ҚАЗТЕХМАШ машина құрылысы зауытының тұрғызылуы облыс үшін үлкен оқиға болды. Кәсіпорын жем-шөп дайындайтын 59 техника, SAMPO ASIA маркалы 46 комбайн шығарды. Президенттің қатысуымен өткен телекөпірде тез дайындалатын тағамдар шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Сөйтіп, өңір осы өнім түрлерімен өзін толық қамтамасыз етіп, бір бөлігі шетелдерге жөнелтіледі. Қазір инвестициялық портфель мөлшері шамамен 200 миллиард теңгені құрайды. 12 жоба аясында шетел компаниялары тартылған. Индустрияландыру картасы шеңберінде бірінші бесжылдықта 32 жоба пайдалануға беріліп, 1400 жұмыс орны құрылса, екінші бесжылдықта жобалар саны екі есеге ұлғайған.
– Бізде мұнай-газ кен орындарының жоқтығына қарамастан, тартымды инвестициялық өсім қарқынын ілгерілетудің мүмкіндіктері зор. Инвестициялық тартымдылық бірінші кезекте аграрлық сектордың үлесіне, оның ішінде өңдеу саласына тиесілі. Екіншіден, пайдалы қазбалардың 232 кен орны барланып, 48 келісімшарт жасалды. Бұл бағытта әлемге танымал австралиялық «Илюко рестарс» компаниясы берік ынтымақтасып келеді. Облыс түсті металдарға да бай. Бұл ретте шетелдік қаржыгерлер үшін преференциялар қарастырылған. Инвестициялардың үлкен ағыны Қытай, Ресей, Австралия елдерінен келеді деп күтілуде, – деді Е. Сұлтанов.
Жиында қытайлық AILIU өнеркәсіп тобы TOTAL Impex компаниясымен бірлесіп, майлы және дәнді дақылдарды терең өңдейтін инвестициялық жобаны қолға алғаны белгілі болды. Ол жылына 80 мың тонна өсімдік майын, 200 мың тонна ұн, 200 мың тонна жем шығаруға қауқарлы. Ресейліктермен бірігіп салынып жатқан биогаз қондырғысының жобалық құны – 1,1 миллиард теңге. Өндіріс тәулігіне 9500 текше метер биогаз ала отырып, 40 тоннаға дейін шикізатты қайта өңдей алады.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында Швецияның, Финляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері Христиан Камилл мен Илкка Райсанен Қазақстан нарығына экспорттық тауарларды белсенді енгізуге Еуразиялық экономикалық одақ қолайлы жағдай жасап отырғанын, бұл орайда, өз елдерінің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға жан-жақты күш салатындарын, Қызылжар өңірімен әріптестік байланыс нығайып келе жатқандарын мәлімдеді.
Шетел елшілерімен ұйымдастырылған кездесуге Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.