Құрметті ұстаздар!
Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысының Жарлығымен Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында білім саласына ерекше көңіл аударылды. «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде мемлекет дамуының негізгі кілті ретінде адам құндылығы мен білім екендігі басты назарда болды. Осындай оқиғалар қоғамдағы білімнің алатын орнын анықтап отыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Қазақстан білім саласында биік белестерді зор абыроймен бағындырды деп мақтанышпен айта аламыз. Алдағы уақытта біздің алдымызда тұрған басты міндет – білім саласын жаңа мазмұнмен және сапамен толықтыру. Мұндай игілікті әрі маңызды істің жемісін сіздердің кәсіби таланттарыңыз бен шеберліктеріңіздің арқасында ғана көре алатындығымыз баршаға аян. Сондықтан да, сіздерге жаңа оқу жылы шығармашылық табыс пен сәттілік әкелсін демекпіз!Құрметті ата-аналар!
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында біз Қазақстан тарихында алғашқы рет жарқын болашағымыз – балаларымыз үшін барша Қазақстан қауымын күш біріктіруге шақырған Педагогикалық форумды үздік мұғалімдердің, ата-аналар қауымдастығының, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өткіздік. Біздің әрқайсымыздың басты тілегіміз – бүлдіршіндеріміздің бақытты балалық шағы, лайықты білім алуы және сүйікті Отанымыздың толыққанды азаматына айналуы. Тек қана білімді және тәрбиелі ұрпақ Қазақстан халқының мақтанышы болмақ. Сондықтан сіздерге де ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін демекпіз. Жаңа оқу жылы баршамызға жетістіктер мен табыстар әкеле берсін!