Университет • Бүгін, 08:35

Farabi university: ғылым, инвестиция және дамудың жаңа кезеңі

30 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Қазіргі жаһандық университеттер дәстүрлі білім беру моделі аясынан шығып, экономикалық әрі әлеуметтік прогресті қамтамасыз ететін ғылыми білім мен технологиялық инновациялар тоғысқан стратегиялық орталықтарға айналды. Әлем қарқынды өзгеріп келеді, сонымен бірге жоғары білім берудің логикасы да түбегейлі жаңарып жатыр. Бұл бетбұрыс еліміздің мемлекеттік стратегиясында да айқын көрініс тапты. Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады. Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет», деп атап өтті. Осы жағдайда университеттерге, әсіресе зерттеу университеттеріне ерекше тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Олар жаңа буын мамандарын даярлаумен қатар, ғылыми жаңалықтарды экономиканың нақты секторымен байланыстыратын зияткерлік платформаларды қалыптастыруға тиіс. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кейінгі бес жылда бұл жауапкершілікті стратегиялық басымдық деңгейіне көтерді.

Farabi university: ғылым, инвестиция және дамудың жаңа кезеңі

Академиялық дамудың институционалдық кезеңі

QS жаһандық рейтингінде 166-орын алатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық саясаты кейінгі бес жылда терең мазмұндық жаңғыртудан өтті. Университет заманауи кезеңнің негізгі сын-қатерлеріне басымдық берді. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулерді оқу үдерісіне интеграциялау, мамандар даярлау сапасын арттыру, инклюзивті білім беру ортасын дамыту әрі жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізу.

Бұл басымдықтар пәнаралық бағдар­ламалар мен дуалды білім беруді дамытуда, сондай-ақ заманауи оқу-әдістемелік кешендерді жобалауда нақты көрініс тапты.

Кейінгі жылдары Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да магистрлік және доктор­лық бағдарламалардың саны айтар­лықтай артты. Бұл – университеттің зерттеушілік миссиясының күшеюіне, ғылыми мектептердің дамуына, жо­ғары технологиялық экономиканың сұранысына берілген нақты жауап. Интер­националдандыру мен жаһан­дық академиялық кеңістікке шығу аясында университетте академиялық ұтқыр­лықты кеңейтуге, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартуға, сондай-ақ түлек­тердің халықаралық еңбек нары­ғындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған 105 ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Университет пәнаралық және иннова­циялық бағытты жүйелі түрде күшейтіп, бағдарламалық және биомедициналық инженерия, әскери криптология, су дип­ломатиясы, сейсмикалық қауіпсіздік сынды жаңа білім беру бағыттарын ашты.

ҚазҰУ-да жасанды интеллект бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі барлық деңгейді қамтитын кешенді білім беру жүйесіне айналды. Бұл бағытта жетекші еуропалық, қытайлық уни­вер­ситеттермен қос дипломды бағдар­ламалар жүзеге асырылып, журналистика, медицина және басқару салаларын қамтитын пәнаралық ықпалдастық дамып келеді. Университетте «Зияткерлік басқару жүйелері», «Бизнес-талдау және Big Data», «Роботтехникалық жүйелер» және басқа да білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлану үстінде.

Барлық факультетте жасанды интел­лект оқу жоспарларының құрамдас бөлігіне айналды. Негізгі курстармен қа­тар – «Жасанды интеллектіге кіріспе», «Жа­санды интеллект әдістері мен техноло­гиялары» пәндері оқытылып, сондай-ақ «Нейрондық желілер және терең оқы­ту», «Техникалық-зияткерлік қызмет: ин­же­нерлік міндеттерді шешу теориясы», «Басқару жүйесіндегі жасанды интел­лект» секілді тереңдетілген пәндер енгізілді.

Ғылымды оқу үдерісіне интеграциялау студенттерге жоғары технологиялық инфрақұрылымға, соның ішінде «Farabi Chem Science» кластеріне, роботтехника орталықтарына және суперкомпьютер­дің есептеу ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Оқу ордасының ерекше мақтанышы – шетелдік серіктестермен бірлесіп құрылған бірегей білім беру алаңдары. ҚазҰУ базасында жұмыс істейтін МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ядролық физика және қорғалған есептеу жүйелері саласында жоғары білікті мамандар даярлап келеді. Ал 2023 жылы ашылған Қытай Халық Республикасы­ның Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы электроника, материалтану және IT-технологиялар бағыттарына маманданған.

Қара шаңырақ білім экспортын да жаңа деңгейге көтерді. Бішкек, Ыстанбұл және Омбы қалаларында ашылған филиалдар ҚазҰУ-дың халықаралық байланыс ауқымын кеңейтіп, жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтты. Ал оқу үдерісіне енгізілген цифрлық шешімдер – генеративті жасанды интеллект, онлайн-прокторинг және интеллектуал­дық ассистенттер – заманауи университет моделін қалыптастырды. Түлектердің қолданбалы, зерттеушілік және цифрлық құзыреттерінің дамуы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырды. ҚазҰУ 1500-ден астам жұмыс берушімен ынтымақтастық орнатып, түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші жоғары деңгейге жетті. 

Әлем елдерімен әріптестік

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2021–2025 жылдар аралығында интернационалдандыру саясатын мақсатты, жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырумен де ерекшеленді. Басты бағдар жаһандық академиялық қауымдастықпен ұзақмерзімді әріптес­тік орнатуға, ғылыми-білім беру үдерісте­ріне терең кірігуге, халықаралық беделді нығайтуға бағытталды.

Әлемнің 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен тұрақты серіктестік орнатылып, бес жылда 410 халықаралық келісім мен меморандумға қол қойылды. Олар­­дың қатарында Erasmus+ бағдарламасы аясын­­да іске асырылып жатқан 86 келісім, ­­сон­дай-ақ оқытушы-профессорлар құра­мы­ның ғылыми зерттеу және академия­лық қызметін қолдауға бағытталған шетелдік әріптестермен жасалған 60 шарт бар. Бұл ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға, академия­лық алмасуды кеңейтуге, ортақ жобаларды жүзеге асыруға жол ашты. Нәтижесінде, 60-тан астам қос дипломдық бағдарлама табысты жүзеге асуда. Әлемнің 54 елінен келген 7 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр.

2021 жылы шетелдік академиялық сапарларға 78 оқытушы қатысса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 849 адамға дейін өсті. 2025 жылы 722 оқытушы халықаралық тағылымдамалар мен тәжірибеден өтті. Академиялық сапарлардың географиясы Гарвард, Оксфорд, Сингапур, Токио, Сеул және өзге де әлемдік рейтингтерде жоғары орын алатын оқу орындарын қамтыды.

Интернационалдандыру саясаты шетелдік ғалымдарды тарту арқылы да дәйекті түрде іске асып отыр. Кейінгі бес жылда АҚШ, Еуропа, Азия елдерінен келген шетелдік профессорлар мен зерт­теушілердің саны артты.

Студенттердің халықаралық акаде­миялық ұтқырлығы да тұрақты дамып келеді. 2021 жылы шетелдік білім беру бағдарламаларына 250-ге жуық студент қатысса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1480 адамға жетті. Кейінгі жылдары ұтқырлық деңгейі жоғары сақталды: 2023 жылы – 534, 2024 жылы – 997, 2025 жылы 965 студент Жапония, Италия, Қытай, Германия және өзге елдерде білім алды. Ал магис­транттар мен докторанттар «University of Tsukuba», «Université Grenoble Alpes», «МИФИ», «University of Tokyo», «National University of Singapore» сияқты әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өтті. 

Инвестиция тартылды, ғылым жанданды

Кейінгі бес жыл ішінде ҚазҰУ сапалық серпіліске ұмтылып, ғылымды негізгі қозғаушы күш ретінде таңдады. 2022 жылы ҚазҰУ-ға «зерттеу университеті» мәртебесі беріліп, осы өзгерістер заңды әрі институционалдық тұрғыда бекітілді.

Зерттеу университеті мәртебесіне көшу – бұл тек құқықтық форматтың өзгеруі емес. Бұл академиялық саясаттан бастап, ғылым мен нақты экономика секторымен өзара іс-қимыл қағидаттарына дейінгі барлық ішкі үдерістердің түбегейлі қайта құрылуы. Бүгінде ҚазҰУ қызметі тек білім берумен шектелмей, өңірлік деңгейден әлдеқайда кең ықпалға ие халықаралық білім мен инновация хабына ұласты.

ЖОО құрылымында: 9 ғылыми зерттеу институты, 39 ғылыми орталық, 140 зертхана, 400-ден астам ғылыми жоба жұмыс істейді. Тек кейінгі жылдың ішінде ғылыми қызметтен түскен кіріс 16,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Қолданбалы зерттеулер басымдыққа ие болды, ғылым­мен айналысатын жастардың саны артты. Студенттік зертханалар мен стартап алаңдар кеңейді, жас ғалымдардың идея­лары нақты жобаларға ұласа бастады.

Осы ғылыми қауымдастықтың идеяларын зертханадан нақты нәтижеге дейін жеткізетін айрықша инфрақұрылым жүйелі түрде дамытылды. 90 жылдық мерейтой аясында инновациялық инфрақұрылымды дамытуға 110 миллион долларға жуық инвестиция тартылып, 50-ден астам жаңа заманауи зертхана іске қосылды.

п

Университеттің стратегиялық ұста­нымы «Farabi Hub» инновациялық өнім­дер мен жоғары технологиялық жоба­­лар орталығының қызметінен нақты көрі­ніс табады. Аумағы – 5000 шаршы метр, тартылған инвестиция – 20,55 млн дол­лар. «Farabi Hub» Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ғылымның ел дамуына қоса­тын үле­сін арттыру және ғылыми әлеует­ті жаң­ғырту жөніндегі тап­сырмаларына сәй­кес, 2024 жылы іске қосылды. ZTE, Ericsson корпорация­сы­мен, CNРS ұйы­­мымен (Франция), ­Қытай, Син­гапур, Германияның жетекші меке­ме­­лерімен бірлескен жобалар қолға алынды.

2024 жылы Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген суперкомпьютер отандық ғылымға жаңа мүмкіндіктер ашты. Инвестиция құны – 23 млн доллар. Өнімділігі – 2000 TFLOPS. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеуге пайдаланылып отыр. Сондай-ақ суперкомпьютердің құрамында 400 CPU серверлерімен қатар, 30 GPU серверлері де бар. Айтулы ғалым және қоғам қайраткері, академик Асқар Жұмаділдаев ҚазҰУ суперкомпьютері­нің осы ресурстарын пайдалана оты­рып, күрделі математикалық есептерді жедел шығаруға қолдана бастады. Ғалымның ­айтуынша, бұрын бірнеше апта уақытты талап еткен күрделі модельдер қазір бір­неше сағаттың ішінде есептеліп отыр.

Сонымен қатар орталық базасында «Қазгидромет» РМК-мен ынтымақтастық аясында «Weather Research and Forecasting» моделін енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл өз кезегінде ел аумағында ауа райын болжаудың дәлдігі мен жеделдігін арттырады. Бұдан бөлек, «Farabi Supercomputer» орталығы «AI-Sana» бағдарламасын сәтті іске асыру үшін инфрақұрылымдық ядро болады деп күтіліп отыр. Инвестиция құны – 23 млн доллар.

2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында кәсіби кадрларды оқытуға және қайта даярлауға арналған «FARABI ROBOTICS» Индустрия 4.0 бойынша өнеркәсіптік роботтехника саласындағы инжинирингтік құзыреттілік орталығы құрылды. Дүниежүзілік банк бөлген грант – 1 млн доллар. Бұл алаң стартап жобалар үшін технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерделеу, сынақтан өткізу және тәжірибеде көрсету мүмкіндігін ұсынады. Бүгінде «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan», «Hyundai Trans Kazakhstan» сынды ірі өнеркәсіптік компаниялармен жасалған келісімдер орталықтың нақты секторға бағытталған тиімділігін айқын көрсетіп отыр.

Автоматтандыру, роботтандыру және цифрландыру бағыттары бойынша Гер­манияның Kuka өнеркәсіптік роботтары негізінде оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдар әзірленді. Меха­ника-математика факультетінің оқыту­шы-профессорлар құрамымен бірлесіп өнер­кәсіптік роботтарды интеграциялау, бағдарламалау, басқару және техника­лық қызмет көрсетуге арналған арнайы оқу курстары енгізілді.

Алайда университеттің стратегиялық көзқарасы тек ішкі нарықтың сұраны­сын қамтамасыз етумен шектелмейді. Роботтехника мен цифрлық техноло­­­­­ги­я­­­лар саласындағы білім мен ғылым­ды ха­лықаралық деңгейде интеграциялау мақ­сатында ҚазҰУ базасында Цифрлық технологиялар және роботтехника халық­аралық институты құрылды.

Институтты құру жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында келісілді.

«Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd.» компаниясы 3,38 млн доллар қолдау көрсетті. Халықаралық институт құры­лымында оқу және ғылыми зерттеу зертханалары, мультимедиялық аудиториялар, өнді­рістік және сервистік роботтармен жаб­дықталған тәжірибелік алаңдар біріктірілді.

Былтыр институт роботтехника, жасанды интеллект және өнеркәсіпті автоматтандыру салаларындағы қолданбалы жобаларды әзірлеуге бағытталған серпінді зерттеулерді жүзеге асырды. Жұмыс аясында өндіріс үшін жоғары білікті инже­нерлік кадрларды даярлау және бірегей технологиялық прототиптерді жасау жос­парланған.

Биыл жыл басында цифрлық инфра­құрылымды нығайту бағытында Ұшқыш­сыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы таныстырылды. ҚазҰУ мен отандық дрон операторларын оқыту орталығы – Aerial Solutions LLP арасында стратегиялық әріптестік орнатылды. Жаңа орталық заманауи дрон үлгілерін дайын­дауды, оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ инфрақұры­лы­мын қалыптастыруды, сондай-ақ қос дипломдық білім беру және кәсіби сертификаттау бағдарламаларын енгізуді көздейді.

Орталық базасында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен қолданбалы зерттеулер жүргізіліп, технологиялық әзірлемелер өндіріске бағытталады. Сонымен қатар дрон технологияларын нарыққа шығару, стартаптарды қолдау және инновацияларды коммерцияландыру жүйелі түрде дамытылмақ.

д

Биыл оқу корпустарының және жатақхана­лардың шатырлары жаңар­тылып, күн панельдері орнатылды. Құны 1 млрд теңге көлеміндегі жоба инвес­тор қолдауымен жүзеге асырылды. Қуаты 994 кВт болатын 1390 күн панелі жылына 3,39 млн кВт/сағ электр энергия­сын өндіреді. Бұл да өз кезегінде ҚазҰУ-дың энергияға қажеттілігінің 35 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 20 мың шаршы метр аумақты алып жатқан күн панельдерінің арқасында жыл са­йын 111 млн теңгеден астам қаражат үнемделеді. Мамандар­дың айтуынша, жалпы экономикалық тиім­ділігі 2 млрд теңгеден асады. Жаңғырту жұмыстары барысында шатырлардағы тозығы жеткен ескі жабындылар толық алынып, қоқыстар шығарылып, қара қағаз төселді. Жаңартылған суағар жүйе­лері орнатылып, жауын-шашынға қарсы қорғаныс күшейтілді.

Тұрақты даму және табиғи ресурс­тарды ұтымды пайдалану ғылыми орта­лығында Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-эконо­ми­калық жүйелеріне кешенді зерттеу жүр­гізіліп жатыр.

Орталық Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жасыл өсу контек­сін­де Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-эко­но­микалық жүйелерінің тұрақты дамуы» бағдарламасы аясында жұмыс істейді. 2023 жылдың соңында факультет географтары Ғылым комитетінің 3,8 млрд теңге (7,57 млн доллар) көлеміндегі мегагрантын жеңіп алды. Бұл қаражат есе­бінен университеттер­ді, ғылыми зерт­теу инс­титуттарын және өнеркәсіптік кәсіп­орындарды қамтитын тоғыз ұйым­нан тұратын инновациялық-білім беру консорциумы құрылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ консорциумның үйлес­тірушісі болып белгіленіп, қосалқы жоба жетекшілері жұмыс топтарының тиімді қызметін қамтамасыз етті.

Орталық жобалары арнайы веб-ресурста кеңінен жарияланып, онда зерттеу нәтижелері, талдамалық материалдар мен есептер жинақталды. Аталған сайт тәжірибе алмасуға, ғылымды насихаттауға және коммуникацияны дамытуға арналған ашық платформаға айналды. Мұнда экспедициялар, семинарлар мен далалық зерттеулердің нәтижелері ұсынылып, студенттер мен жастар нақты жобаларға тартылады.

Орталық құрамына әрқайсысы өзіндік бірегей міндеттерді орындайтын 10 заманауи зертхана кіреді. Мәселен, профессор Владимир Чередниченко жетекшілік ететін климатологтер мен метеорологтер тобы климаттың өзгеруін модельдеумен айналысады. Олар Батыс Қазақстан өңірі үшін 2050 жылға дейінгі температура мен жауын-шашынның болжамдық карталарын жасап, облыстың климаттық өзгеруіне сценарийлік болжам ұсынды. Зерттеу нәтижелері бойынша ғасырдың ортасына қарай өңірдің орташа жыл­дық температурасы 0,4-0,6°C-қа, ал жаз айларындағы өсім 1,2°C-қа дейін жетуі мүмкін екені анықталды. Бұл деректер ауыл шаруашылығы мен су шаруашы­лығы салаларына арналған ұсынымдар­дың негізіне алынды.

«GlobalSky» зертханасында атмос­фералық ғылымдар саласының маман­дары алғаш рет Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары үшін ауа сапасын мониторингілеудің интег­рацияланған жүйесін әзірледі. Sentinel-5P спутниктік деректері мен жерүсті өлшеу­лерін пайдалана отырып, профес­сор Виталий Сальников жетекшілік еткен команда ауа ластағыштарының 86 мың­нан астам бақылау нәтижесін өң­деді. Жобада мұнай-газ және өнеркәсіп­­тік тораптарға шоғырланған созылмалы ­лас­тану аймақтары анықталып, 2050 жыл­ға де­йінгі ауа сапасының болжамдық сцена­рийлері жасалды.

Цифрлық картография және қолдан­балы геодезия зертханасының жұмысы да айрықша нәтижелер көрсетті. «GeoWest: өңірдің табиғи әлеуетінің цифрлық картасы» жобасы аясында спутниктік деректер, GNSS-түсірілімдер және дрондар көмегімен ландшафттар, экожүйелер мен әлеуметтік нысандардың жан-жақты картасы түзілді. Картада экологиялық туризм аймақтары, өнеркәсіптік аумақтар және қорғауды қажет ететін жерлер көрсетілген. Интерактивті карталар жергілікті билік пен бизнеске табиғатқа зиян келтірмей, инфрақұрылымды жоспарлауға септігін тигізеді.

Тұрақты туризм зертханасы 2020–2024 жылдар аралығындағы туристік ағын­дар туралы деректерді жинақтап, Ұлт­тық статистика бюросының мәліметтері мен мобильді қосымшалар деректерін бірік­тірді. Нәтижесінде, 2023–2024 жылдары туристік ағынның 27,4 пайызға артқаны, ал саладағы жұмыспен қамту деңгейінің 18 пайызға өскені байқалды. Мамандар экологиялық шектеулерді, көлік инфрақұрылымын және инвес­тициялық факторларды ескере отырып, 2030 жылға дейінгі туризмді дамытудың үш сценарийін ұсынды және туристік жүктемені цифрлық мониторингілеу жүйесін енгізді.

Су ресурстарын зерттеумен айналысатын ғалымдар өңірдегі 60-тан астам су нысанында – Ор, Ырғыз, Ембі, Жем өзенде­рін­де және Солтүстік Каспий жағалауын­да экспедициялық жұмыстар жүргізді. 320-дан астам су сынамасы 42 көрсеткіш бойынша, соның ішінде ауыр металдар мен органикалық ластағыштар тұрғысынан зертханалық талдаудан өтті. Теңіз, Қара­шығанақ және Жаңажол өнеркәсіптік орталықтары маңында созылмалы ластану аймақтары анықталды. Алынған деректер негізінде су экожүйелерінің экологиялық жағдай карталары мен 2050 жылға дейінгі болжамдық сценарийлер әзірленді. Бұл су ресурстарын ұтымды пайдалануға және оларды тазарту бағдарламаларын енгізуге ықпал етті.

Ландшафттар мен топырақтың деградациясын зерттеу де маңызды бағыттардың бірі болды. Ландшафт деградациясын геоақпараттық талдау және топырақ экологиясы зертханаларының қызметкер­лері ұшқышсыз ұшу аппараттары мен спутниктік деректерді пайдалана отырып, табиғи кешендердің тұрақтылы­ғын бағалады. Зерттеу нәтижелері бо­йынша өңір аумағының шамамен 37 па­йызы жоғары антропогендік жүктеме­ге ұшырағаны анықталды. Ғалымдар эко­ло­гиялық тәуекел аймақтарының кар­таларын жасап, жерді рекультивация­­лау, эрозияның алдын алу, топырақ құнар­лылығын қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берді.

Әлеуметтік және экономикалық геогра­фия саласында да ауқымды жұ­мыс­тар атқарылды. Зерттеушілер тобы әлеу­меттік, экономикалық,эколо­гиялық параметрлерді қамтитын 50-ден аса индикатор негізінде Қазақстан өңірлері­нің тұрақты дамуын мониторингтеудің интеграцияланған жүйесін жасады. Өңірлердің тұрақтылық рейтингі құрас­тырылып, осал аймақтар анық­талды, инвестициялық жоспарлау, инфра­құры­лымды дамыту және азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар берілді.

PolyU-KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы 2024–2025 жыл­дары аймақтардың тұрақты дамуы, әлеуметтік үдерістер мен туристік қыз­метті зерттеуге бағытталған пәнаралық ғылыми жобаларды жүйелі түрде іске асыруда. Зерттеулер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) бірлескен ғылыми ұжымдары аясында жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы «PolyU-KazNU Joint Research Projects» бағдарламасы шең­берін­де жалпы қаржыландыру көлемі 1,01 млн Гонконг долларын құрайтын төрт халық­аралық ғылыми зерттеу жобасы іске қосылды. Қазір жобалар бел­сенді орындалу кезеңінде: Қазақ­станда және Орталық Азияның бір­қатар елдерінде ауылдық және таби­ғи аумақ­тар бойынша бастапқы және қосал­қы деректер жинақталып, құры­лым­далған эмпирикалық деректер қорлары қалыптастырылды.

Зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі – жергілікті халықтың қатысуына негізделген туризмді дамыту. Бұл бағытта ауылдық үй шаруашылықтарының табыс құрылымы, туристік сектордағы жұ­мыспен қамту нысандары және тұрғын­дардың туристік маусымға тартылу деңгейі кешенді түрде талдануда. Сонымен қатар институционалдық, экологиялық және демографиялық факторларды ескере отырып, ауылдық аумақтардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының баламалы сценарийлері әзірленуде. Туристік сыйымдылықты бағалау барысында кеңістіктік талдау және цифрлық іздерді өңдеу әдістері қолданылып, ресми статистикаға іліне бермейтін таби­ғи аумақтардағы нақты әрі жасырын туристік жүктемелер айқындалды.

Жекелеген зерттеу бағыты әлеумет­тік саясат мәселелеріне және әлеуметтік тұрғыдан осал жастарды қолдау тетік­теріне арналған. Бұл шеңберде Орталық Азия елдері мен Гонконгтегі әлеуметтік қызмет көрсету жүйелеріне салыстырмалы талдау жүргізіліп, жастарды қолдау­дың институционалдық үлгілері мен салааралық өзара іс-қимыл механизмдері зерделенуде.

Халықаралық жобалармен қатар, орта­лық тарапынан Қазақстан Республика­сының ұлттық гранттық қаржыландыру конкурстарына үш өтінім әзірленіп, тапсырылды. Аталған жобаларда машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып қалалық және ауылдық туризмді модельдеу, сон­дай-ақ отандық қоғамның әлеумет­тік құры­лымын кешенді талдау көзделген.

Қазақстан-Қытай бірлескен «Қашық­тықтан зондтау және қолдану технология­сы» зертханасы 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университет ғылымын және инфрақұрылы­мын дамыту тапсырмасын жүзеге асыру бағытында ашылды. ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және геогра­­фия институтының 1,95 млн доллар ­гранты тартылды.

Орталық Азиядағы климаттық өзгеріс­терді, құрғақшылық, жердің құнарсыз­дануы, су тапшылығын зерттейді.

Зертхана ғалымдары бүгінде табиғи және экологиялық қауіптерді баға­лау­ға бағытталған кешенді ғылыми зерт­­теулер жүргізуде. Зерттеулерде қа­шық­­­тан зондтау деректері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жоғары дәлдіктегі LiDAR-түсірілім мен жасанды интеллект әдістері кеңінен қолданылуда. Мәселен, тау бөктері аймақтарындағы сырғыма қауіп-қатерін бағалау және басқару бо­йынша интеграцияланған ғылыми тәсіл әзірленіп, тәжірибеде сыналды. Ғарыштық және аэро-түсірілімдер нәтижесінде 125 сырғыма анықталып, олардың 59 пайызы жоғары және аса жоғары қауіпті санаттарға жатқызылды. Зерттеулер жер көшкінінің 78 пайыздан астамы антропогендік факторлармен, атап айтқанда гидрологиялық режімнің бұзылуы мен реттелмеген құрылыс жұмыстарының салдарымен байланысты екенін көрсетті. Жасанды интеллект негізінде аумақтық жоспарлау мен қала құрылысына арналған гео­дина­микалық қауіп карталары әзірленді. Ұсы­нылған инженерлік, мони­торингтік және институционалдық шаралар қауіп­ті аймақтардағы тәуекел деңгейін 60-70 па­йызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар зертхана шеңберінде Арал теңізінің құрғаған табанының экологиялық трансформациясын ұзақ­мерзімді мониторингілеу жүргізілді. Landsat және Sentinel-2 спутниктік деректері негізінде 2000–2025 жылдар аралығында су айдынының ауданы 97 па­йыздан астамға қысқарғаны анықтал­ды. Бұл өңірде тұрақты аридтік режімнің қа­лып­тасуына және беткі ылғалдылық­тың күрт төмендеуіне алып келді. Өсім­дік жамыл­ғысының артуы табиғи қалпы­на келу емес, шөлдену үдерістерінің кү­шеюін көр­сетті. Құрғаған табанның топы­рақ жа­мыл­ғысы негізінен сорланғаны анықталды.

Зерттеу нәтижелері негізінде сек­сеуіл отырғызуға жарамды аумақтар айқын­далып, топырақтың тұздану деңгейі жерді қайта құнарландыру шаралардың тиімділігін шектейтін негізгі фактор екені дәлелденді. Алынған нәтижелер Арал өңіріндегі табиғатты қорғау және эко­жүйелерді қалпына келтіру бағдар­ламаларын ғылыми тұрғыда негіздеуге бағытталып отыр.

Келесі стратегиялық бағыт – «Farabi Chem Science» кластері. Инвестиция – 6,50 млн доллар. Кластер құрамына тоғыз зертхана кіріп, экология, энергия көздері, дәрілік химия, мұнай химиясы мен материалтану салаларында зерттеулер жүргізеді. Мұнда аналитикалық химиядан бастап, электрохимиялық өндіріс технологиялары, наноматериалдар, полимерлі, бейорганикалық материалдар, дәрілік заттар мен медициналық жабдықтар әзірлеу жүзеге асырылады. Ғалымдар металл мен ағаш конструкциялары үшін отқа төзімді жабындардан бастап, синтетикалық және өсімдік шикізаты негізіндегі медициналық гидрогельдер мен таңғыштарға дейін жаңа өнімдер жасап жатыр.

Мәселен, бұл зертханалар оптика және электроника сияқты алдыңғы қатарлы салаларда сұранысқа ие литий трибораты (LBO) негізіндегі қымбат жасанды кристалдарды өсіру технологияларын әзірледі. Натрий-иондық және магний-иондық аккумуляторларға жаңа материалдар дайындалды, бұл өнім дәстүрлі литий-иондық батареяларды алмастыра алады. Сонымен қатар немістің Lanxess фирмасымен, ресейлік «Сибур» және польша­лық «Synthos» фирмаларымен бірлесіп нит­рил бутадиен каучугін гидрлеу үшін жаңа ­катализаторлар жасалды.

«Ғылым қоры» 1,99 млн долларға қаржыландырған гальваникалық цехында халықаралық стандарттар бойынша шығарылатын әртүрлі мақсаттағы коррозияға қарсы, сәндік, тозуға төзімді, ыстыққа төзімді және басқа жабындар жасау үшін электрохимиялық технологиялар кешені әзірленді. Сондай-ақ табиғи тастан беріктігі жағынан жоғары және құрылыс пен өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын полимерлі композиттерді алудың технологияларын сәтті әзірлеп, өнеркәсіпке енгізді. Ал медицина саласында оқытушы-профессорлық құрам Қазақстаннан алынған синтетикалық және өсімдік шикізаты негізіндегі он шақты дәрі-дәрмектің, соның ішінде жаралар мен күйіктерді тиімді емдеу­ге арналған полимерлі гидрогельдер негізіндегі инновациялық маскалар мен таңғыштарды жасағанын атап өтуге тиіспіз. Хирургиялық тігістер мен импланттар үшін бактерияға қарсы жабындарды жасаудың маңызы зор. Бұл өнімдер шетелдік аналогтерден анағұр­лым тиімді, сонымен қатар үш есе арзан. Жаппай қолдануға қолжетімді және ел­дегі медициналық қызметтердің сапа­сын жақсартады. Бұдан бөлек, орталықта ­білім алушы жастар біліктілігін жетілдіріп, ­стартап жобаларын іске асырып, мол тәжірибе жинақтамақ.

ҚазҰУ-дағы «ZooStan» Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми зерттеу орталығы 2024 жылдың мамыр айында ашылды. Лабораторияны құру туралы келісім Францияның жетекші ғылыми мекемесі – CNRS пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында жасалды. Фран­ция үкіметі бөлген қаражат – 1,05 млн доллар.

«ZooStan» халықаралық зертханасы­ның соңғы зерттеулері Орталық Азияның ерте тарихи кезеңіне қатысты түсініктерді түбегейлі кеңейтті. Өзбекстан аумағындағы Обь-Рахмат ескерткішінен алынған сүйек қалдықтарына жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде зерттеу тобы осы өңір үшін 80 мың жыл бұрынғы кезеңде белгісіз болып келген сүйектен жасалған еңбек құралдарының сериясын анықтады. Технологиялық және морфологиялық ерекшеліктері бойынша бұл құралдар homo sapiens-ке тән өндірістік мәдениеттің қалыптасқанын дәлелдейді және Орталық Азиядағы адам қызметінің күрделілігі бұрын ойлағаннан әлдеқайда жоғары болғанын көрсетеді.

2025 жылғы далалық зерттеулер аясында ZooStan ғалымдары Шығыс Памирдің биік таулы аймақтарында кешенді археологиялық жұмыстар жүр­гізіп, өңірдің табиғи-мәдени дамуына қатысты жаңа деректерге қол жеткізді. Нәтижесінде, теңіз деңгейінен 2800-4300 метр биіктікте өсімдік құрамына қатыс­ты деректер базасы қалыптастырылып, олар археологиялық материалдармен ­салыстырылды. Сонымен қатар плейстоцен мен ерте голоцен кезеңдерін­дегі мұздық белсенділіктің реконструк­циясы жасалып, адамның табиғи ортаға бейімделу стратегиялары айқындалды.

Маңызды нәтижелердің бірі ретінде 2025 жылғы далалық маусымда жартас суреттері бар қосымша 14 археология­лық нысан анықталды. Олардың ішінде Торагба ескерткіштер кешені ерекше қызығушылық тудырады. Бұл аумақта қызыл жосамен салынған бейнелері бар жеті грот пен бір үңгір тіркеліп, нүктелік композициялардың бір кеңістік­те шоғырлануы олардың біртұтас кешен, ықтимал қасиетті орын болғанын көрсетеді.

5,7 млн доллар тартылған орталықтың бірі – Ми институты нейроғылым сала­сын­дағы іргелі, қолданбалы зерттеулерді жүйелі түрде дамытып, алынған ғылы­ми нәтижелерді практикалық қолда­нысқа енгізуге басымдық беріп келе­ді. Институт базасында заманауи зертха­налық инфрақұрылым қалыптасқан, функционалдық магнитті-резонанстық томография мүмкіндіктерін пайдалану арқылы психофизиологиялық, нейробиологиялық зерттеулердің толық циклі қамтамасыз етілді.

Институт қызметінің негізгі нәтиже­лері нейропсихиатриялық, нейро­дегенеративті ауруларды ерте диагнос­тикалау мен алдын алуға бағытталған. Жүргізілген зерттеулер депрессиялық күйлер, когнитивтік бұзылыстар мен ми ісіктері жағдайындағы нейрондық желі­лердің жұмыс істеу ерекшеліктерін сипат­тайтын психофизиологиялық және нейрофункционалдық көрсеткіштерді айқындайды. ЭЭГ және МРТ деректе­рін кешенді талдау негізінде мидың жас­қа байланысты өзгерістерін бағалау, деменцияның бастапқы белгілерін ерте анықтау және когнитивтік төмендеудің алдын алу тәсілдері кеңінен зерттелуде. Мәселен, қолданбалы зерттеулер аясында жүйке-психикалық аурулар­дың биомаркерлерін анықтау, депрессия мен суицидтік мінез-құлықтың нейро­психологиялық алғышарттарын зерделеу, сондай-ақ нашақорлыққа бейім­ділік тәуекел топтарын айқындауда нәтижелер алынды. Бұл әзірлемелер клини­калық практикада бастапқы диаг­ностика, ем тиім­ділігін бағалау және аурудың қайта­лануын болдырмау мақсатында қолдануға ұсынылып отыр.

Институт ғалымдары қартаю үдеріс­терін зерттеу шеңберінде когнитивтік функцияларды сақтау мен өмір сапасын арттыруға арналған диагностикалық критерийлер мен когнитивтік тренингтерді әзірлеп жатыр. Сонымен қатар созылмалы ауырсыну синдромдарын емдеуде ботулиндік нейротоксиндерді қолдану бойынша ұсыныстар дайындалды.

Практикалық маңызы жоғары тағы бір бағыт – кәсіби және білім беру қыз­метін психофизиологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету. Зерттеулер нәтижесінде кәсіби іріктеу тетіктерін жетілдіруге, зияткерлік жүктемені оңтайланды­руға, шаршаудың алдын алуға, сондай-ақ білім алушылардың когнитивтік және эмоционалдық жағдайын бағалауға арналған әдістер ұсынылды. Бұл нәти­желер инклюзивті білім беруді жүйелеп, дарынды балалармен жұмысты жолға қояды. 

ҚазҰУ-дың жаңа келбеті

Farabi University-дің тұрақты дамуы тек академиялық, ғылыми жетістік­термен шектелмейді. Студенттер мен қыз­меткерлер үшін қауіпсіз, жайлы әрі инклюзивті орта қалыптастыру – ҚазҰУ стра­тегиялық саясатының маңыз­ды құрамдас бөлігі. Осы бағытта кейінгі ­жылдары кампус инфрақұрылымын ке­шенді жаңғырту жұмыстары жан-жақты жүзеге асырылды.

Алдымен студенттердің тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілді. Нәтижесінде, екі жатақханада күрделі жөн­деу, 12 жатақханада ауқымды жөн­деу жүргізіліп, бөлмелер, оқу залдары мен дәліздер толық жаңартылды. Кіре­беріс­тер мен қасбеттер ретке келтіріліп, жарықтандыру желілері заманауи та­лап­тарға сәйкестендірілді. Санитар­лық құралдар толық жаңартылды. Жалпы алғанда, 7 мың шаршы метр аумаққа линолеум төселіп, 1000-нан астам есік жаңадан орнатылды. Жатақханалар заманауи душ кабиналарымен жабдықталып, 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы қойылды. Сонымен қатар 4000 төсектік орын жиынтығы сатып алынып, 600-ге жуық қолжуғыш және 150 асүй раковинасы жаңартылды.

Қалашық аумағында және оқу кор­пустарының кіреберістерінде қоршау­лары бар пандустар орнатылып, та­ктильді ­мнемосхемалар мен дыбыстық бағ­даршамдар қойылды. Бұл шешімдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтардың еркін қозғалуына жағдай жасады. Сонымен қатар инженерлік желілер де кезең-кезеңімен жаңартылып, 18 өрт гидранты ауыстырылды, 91 канализациялық құдық пен ұзындығы 8 шақырым құбыр желісі жуылып, тазартылды.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыс­та­ры университет дамуының жаңа кезе­ңі­мен сабақтасып отыр. 2022 жылғы ­1 мау­сым­да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім ордасына жасаған сапары ҚазҰУ қалашығын дамытудың стра­тегиялық бағытын айқындады. Мемлекет басшысы ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңіне арналған Бас жоспарды қолдап, бекітті.

Осы жоспар аясында әрқайсысы 1070 орынға арналған, жалпы аумағы 32 мың шаршы метр болатын үш жаңа жеті қабат­ты оқу корпусының құрылысы бас­талды. Жатақхана тапшылығын жою мақса­тында 10 мың орынға арналған сегіз жаңа жатақхананың құрылысы қолға алынды.

Сонымен қатар мәдени және спорттық инфрақұрылым да жаңғыртылуда. Бүгінде Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына техникалық тексеру жүргізіліп, спорт кешені жаңғыртылып жатыр.

Оқу орнының 90 жылдығы аясында қайта жөндеуден өткен стадион пайда­лануға берілді. Футбол алаңына жасанды газон төселіп, жүгіру жолы жаңартылды, 3000 орындық трибуна мен жаңа жарық жүйесі орнатылды. Стадион УЕФА мен ФИФА талаптарына толық сәйкес келеді, ал жасанды жабынды мен дренаж жүйесі әлемдік Топ-3, Орталық Азиядағы Топ-1 стандарттарына сай.

Сондай-ақ кампусты көгалдандыру және жасыл желекті кеңейту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Кампус аумағында 1 340 Қырым қарағайы мен Алтай шыршасы және 300-ге жуық алма, шие, өрік ағаштары отырғызылды. Бұған қосымша, «Сиверс» алмасының 100-ге жуық көшеті отырғызылып, жаңа жасыл аймақ «Ғалымдар бағы» деп аталды.

2025 жылы ҚазҰУ аумағындағы 6000 шаршы метрден астам аллея мен алаң қайта жаңғыртылып, жаңа гранит плиталар төселді.

Қорытындылай айтсақ, кейінгі бес жылда ҚазҰУ даму мен жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып, зерттеу универси­теті ретіндегі институционалдық әлеуетін нығайтты. Ғылыми инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту, инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және академиялық модельді жаңғырту жоғары оқу орнының ұлттық басымдық­тар мен жаһандық үрдістерге сай дамуы­на мүмкіндік берді. Алдағы уақытта ғы­лым, білім, технологияның өзара ық­палдастығын күшейту арқылы ҚазҰУ елі­міздің тұрақты дамуына қызмет ететін жетекші зерттеу университеті ретіндегі рөлін одан әрі бекіте түспек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры

Соңғы жаңалықтар

Сыр бойына жүгері де жерсінеді

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Цифрлық мәдени мұра

Мирас • Бүгін, 08:30

Үй емес, музей дерсің!

Мирас • Бүгін, 08:20