Меңдіғара ауданы орталығындағы «Балауса» қазақ балабақшасына баратын бүлдіршіндердің 70 пайызы өзге ұлт өкілдерінің балалары
Олеся Свибович таңертең қызы Юлянаны «Балауса» балабақшасына әкеліп, одан әрі жұмысқа кетеді. Балабақшаның төбесі көрінген соң-ақ қызы былдырлап қазақша сөйлей бастайды. Үйде стол басында отырғанда да Юляна ата-анасына «мама, папаның » орнына «апай» деп қалатыны бар. Алғашқы кезде оған үйдегілердің бәрі де ішегі қата күліп жүрді. Кейіннен баланың қазақша сөйлегеніне құлағы үйреніп, қайта оған өздері де қазақша жауап қайтаруға тырысады. Үш жастағы Юляна өзінің «Алтын күн» тобында екенін де үйде айтып отырады.
Балабақшаға кірісімен бүлдіршіндер тәрбиешілеріне қазақша амандасады. Тәрбиешілер де оларды «Сәләматсың ба?» деп қарсы алады. Балабақша табалдырығынан бастап, олар ойнайтын, демалатын, тамақтанатын бөлмелердің барлығы да қазақ тілінде безендірілген. Балабақша тәрбиешілерінің барлығы да қазақ тілді, қарым-қатынас, балалармен жұмыс, барлығы да қазақша жүреді.
– Мен қызымды қазақ тілді балабақшаға бергеніме өкінбеймін. Өйткені, мен баланың болашағын көбірек ойлаймын. Қазақстанда мемлекеттік тілді білмеген адам келешекте еліміздің толыққанды азаматы бола алмайды. Бұл қазақ тілін білмесең Қазақстанда тұра алмайсың деген сөз емес, әрине. Балам болашақта мемлекеттік тілді сайрап, біліп тұрса жаман ба? Ол қандай жұмысқа болса да іркілмей кірісетін болады. Сонымен қатар елінің патриоты болып өссін деген де тілегім бар, – дейді Олеся Свибович.
Меңдіғара ауданы орталығындағы «Балауса» балабақшасында бүгінде 8 топ бар. Соның біреуі ғана орысша, ал қалған жеті топта тәрбие қазақ тілінде жүргізіледі. Ал ондағы бүлдіршіндердің 70 пайызға жуығы қазақ емес, өзге ұлт өкілдерінің балалары. 90-шы жылдары облыстың өзге шалғайлары сияқты Меңдіғара ауданында да балабақшалар жабылып қалған болатын. Жұмыссыздық жайлап, әйелдердің көпшілігі үйде отырғандықтан, балабақша орнына келе қоймады. Қазір ауылдағылардың әлеуметтік тұрмысы әлдеқайда жақсарған. Қарманған жанға жұмыс та жоқ емес. Ауылды жерде «алма піс, аузыма түс» деп, еңсесін төмен салып, ешкім қарап отырмайды. Ал сәбиін балабақшаға бермей, жұмыс істеу, үйден ұзап шығу мүмкін емес. Осыдан төрт жыл бұрын аудан басшылары бюджет қоржынын қағыстырып, бұрынғы қирап қалған балабақша ғимаратын қалпына келтірді.
Бұрынғы балабақшаны танымастай етіп жөндеп, дайын еткеннен кейін ондағы тәрбие қай тілде жүру керек деген сұрақ тұрды. Ал Меңдіғара тарихында қазақ тілді балабақша болған емес.
«Біз орыс бола тұрып, қалайша балаларымызды қазақ бала- бақшасына беруіміз керек? Біздің құқымыз аяққа тапталды» дегенді айтқандар болмай қалған жоқ. Бірақ ата-аналарға балаларымыз мемлекеттік тілді білуі үшін істі балабақшадан бастауымыз керек деген түсінік жұмысын жүргізгеннен кейін, олардың басым көпшілігі балаларын қазақ топтарына өздері әкеліп тапсырды», – дейді Меңдіғара ауданы әкімінің орынбасары Сәңкібай Киікбаев.
Меңдіғара – Қостанай облысы өңіріндегі жердің сұлуы. Топырағы құнарлы, қайыңы мен қарағайын, мөлдіреген көлдерін жердің жаннаты дерсің. «Түлкі терісінен, үкі жүнінен жазады» деген ғой қазекем. Алдыңғы ғасырда Ресейден қара шекпенділер тоғытылғанда өзіміздің ағайын Меңдіғарадағы ата қонысынан шөл-шөлейт жерлерге ығыстырылған ғой. Меңдіғараның дәл орталығында салынғанына ғасырдан асып кеткен, сән-сәулеті келіскен шіркеудің өзі істің дәл осылай болғанынан хабар бергендей. Ал Кеңес Одағы жылдарында бұл селода негізінен өзге ұлт өкілдері тұрды, ал аудан және ондағы шаруашылықтар басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін қоймайтындығы туралы жазылмаған заң «жұмыс істеді».
Міне, енді осындай «тарихы» бар аудан орталығында қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғаған Тұрсынбай батырдың ауыздығымен алысқан тұлпарының үстінде, найзасын қолына қыса ұстаған ескерткіші орнатылды. Еліміз Тәуелсіздігін алғалы аудан өңірінде тұңғыш орнатылған еңселі ескерткіш те осы. Ал Тәуелсіздіктің жемісі – «Балауса» балабақшасы болашаққа ескерткіш.
– Бүлдіршіндер тілді тез үйренеді. Балаларға арналған шағын өлеңдерді көп үйретеміз. Вика, Миша, қане, Аяз ата туралы тақпақты айтып беріңдерші! – Тәрбиеші Гүлзейнеп Хасенова апайы сұраған өлеңді Виктория Штейнер деген үш жастағы қыз бала айта жөнелді. Тілінде мүкіс білінбейді. Оған Миша Ивахненко ілесті.
– Біздің балабақшада тәрбие жұмысының барлығы қазақ тілінде жүргенімен, өзге тілді шеттетуге жол беріліп отырған жоқ. Біздің бағытымыз – үш тұғырлы тілді қалыптастыру. Сондықтан балаларға аптасына екі рет ағылшын және орыс тілдері оқытылады. Мамандарымызды облыстағы педагогика колледждері мен Қостанай педагогика институты түлектерінен жасақтап алдық. Ұжымның барлығы дерлік жастар. Оларға деген сенімім зор, – дейді балабақша меңгерушісі Олдай Сүлейменова.
Меңдіғара ауылында бала- бақша кезегінде тұрғандар әлі де жеткілікті. Аудан әкімі Базыл Жақыпов 2011 жылы тағы бір мектепке дейінгі мекеменің қалпына келтірілетіндігін айтты. Ал онда да тәрбие жұмысының мемлекеттік тілде жүретіндігі басы ашық мәселе болып отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы,
Меңдіғара ауданы.