Алматы қаласының тілдерді дамыту басқармасы ҚР Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2010 жылы шығарылған баспа және электронды өнімдердің тұсаукесерін өткізді. Шара барысында жұртшылық биылғы жылы жарық көрген балаларға арналған аудиокітаптармен, анимациялық фильмдермен, ресми іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлгілерімен, электронды нұсқаларымен, салалар бойынша терминдік сөздіктермен, тілдескіштермен танысты.
– Бұл аудиокітаптар мектеп оқушыларының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жарық көріп отыр. Республикада тұңғыш рет 3D-форматындағы графикалық тәсілмен жасалған анимациялық мультфильмнің басты ерекшелігі – оның ұлттық құндылықтарды насихаттауында. Соңғы заманауи техникалық құралдардың мүмкіншілігімен жасалған мультфильмнің бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді үйретуде, тіл ұстартуда ықпалы айрықша болмақ», – деп атап өтті қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ахетов Мамай. Оның айтуынша, ертеңнен бастап аталмыш кітаптар қаланың барлық кітапханалары мен балабақшаларына тегін таратылатын болады.
Жиын барысында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жасалған әрқайсысы 16 сағаттық «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудиокітаптар да таныстырылды. Тұсаукесерде сонымен қатар, кәсіби салалар бойынша жарық көрген терминдік сөздіктер мен тілдескіштер, іс құжаттарының үлгілері енгізілген кітаптар, сондай-ақ 30 сериядан тұратын «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты анимациялық мультфильм де көпшілік назарына ұсынылды.
«Тәрбиелік мәні зор бұл туындылар жеткіншектер зердесін дамытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз», – дейді Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов. Оның айтуынша, кәсіби салалар бойынша жарық көрген терминдік сөздіктер мен тілдескіштер, іс құжаттарының үлгілері мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға әдістемелік көмек ретінде берілмек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.