18 Ақпан, 2016

Жыр алыбының жарқын бейнесі

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
жамбыл_лого[1]Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан» телеарнасы 4 сериялы тарихи драма әзірледі. Фильм «Қазақстан» арнасында 28 ақпанда, яғни ақынның туған күнінде көрермендер назарына ұсынылады. Ұлы ақын болашаққа мол мұ­ра қалдырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосты. Жам­был көп қырлы тұлға. Ақын­дығымен қатар, айрықша шешен­дігімен де жұртқа танылып, аты аңызға айналған. Поэзиясының әр­дайым қарапайым халық­пен сабақтастығы үзі­лмеген. Фильмде оның шығар­ма­шылығы мен өмір жолы то­лықтай көрсетіледі. Шығармашылық топ басты рөлд­і сомдауға көп уақыт бойы ірік­теу­лер жүргізіп, нәтижесінде танымал актерлер арасынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер Байғали Есеналиевке таңдау жасаған. Байғали Есеналиевтің айтуынша, ұлы тұлғаның бейнесін сомдау оңай емес. Басқа себептерін айтпағанда, жауапкершілігі де өте үлкен. Түсірілім кезінде де, фильм экранға шыққан соң да басты назарда тұрады, баға да бас кейіпкер келбетінің сомдалуы бойынша беріледі. «Ұлы ақының рөлінде ойнауға ұсыныс түскенде, бір сәт ойланбаппын. Кастингке келсем, Жамбылдың образын жамылған көптеген танымал үміткер-актерлердің фотолары ілулі тұр екен. Іштей, «Олардан озып жүлде алу қайда?», – дегем. Десем де барған соң бағымды сынап көруге бел будым. Мен үшін сәтті күн болды, өтіп кеттім. Режиссер сырт келбетіме қарап «біраз салмақ тастау керек деді», деп еске алды Байғали Есеналиев. Картинада сонымен қатар Айгүл Үлкенбаева (Дина Нұрпейісова), Ілияс Тұрманов (Лаврентий Бе­рия), Әйгерім Сәменова (Күләш Бай­сейітова), Жоламан Әміров (Жабай), Ергенбай Әбуов (Сүйінбай), Нұрбек Мұқыш (Кенен Әзірбаев), Боранбай Молдахметов (Мұхтар Әуезов), Қанат Жүнісов (Сәкен Сейфуллин), Кентай Ақүр­пеков (Темірбек Жүргенов), Бақыт Беделхан (Бауыржан Мо­мыш­ұлы) және тағы да басқа белгілі актерлер ойнайды. Телесериалдың негізгі көріністері табиғаты әсем Алматы облысының Үш­қоңыр баурайында, Жамбыл об­лысы мен Мәскеуде түсірілді. Фильм­де тарихи тұлғаның өмірбаяны ғана емес, ХХ ғасырдың өзі өмір сүрген тұсындағы ел жағдайы да сурет­телген. Сонымен қоса, бұған дейін көп айтыла қоймаған, ақын өмі­рінен алынған қызықты деректер де көрсетіледі. Соның бірі – Жамбыл мен Бұрымның бір-біріне деген махаббаты жайлы. Түсірілім тобы декорацияларға, актерлердің кос­тюмы мен образдарына баса назар аударған. Сол арқылы Жамбыл өмір сүрген дәуірдің толықтай шындығын көрсетуге тырысқан. «Лавэ», «Жеңіс семсері», «Қазына» және тағы басқа кинотуындыларымен танымал фильмнің режиссері Әнуар Райбаев: «Біз түсірген «Жамбыл» атты көркем фильм 4 бөлімнен тұрады. Қазақ сөз өнерінің «суырыпсалма» үрдісін жаңа арнаға бұрып, жаңаша мазмұн дарытқан Жамбыл атамыз, қарапайым қара сөздің майын тамызып, талай айтыста жеңіске жеткен, ел алдында беделді еді. Жұдырықтай жүрегіне Жетісу мен Алатауды былай қойғанда, бүкіл әлемді сыйдыра білген дана ақынның елге қалдырған аталық, даналық сөздерін туған халқы қашанда аузынан тастамайды. Жүз жасаған әулиенің «мың өліп-мың тірілген» қазақ баласына жүрген жерінде берген батасы жай кетпепті. Оған арманы мен ой өрісі көкке өрлеген қазіргі ұрпақ – біздер және біздің өміріміз куә! Мақсат – Жамбыл атамыздың «адами» тұлғасы мен қадір-қасиетін басқа қырынан көрсетіп, өнеге тұнған бейнесін сомдау», дейді осы орайда. Аян ӘБДУӘЛИ.