Елімізде кәсіпкерлікті қолдау бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл ретте Мемлекет басшысының ұдайы назарында болып отырған осы саланы дамыту ел экономикасын тұрақтандыруға сеп болмақ. Осы орайда мемлекетіміздегі көпшілік көңілінен шығып жүрген, кәсіпкерге көмек пен кеңес беретін, идеяға қолдау жасайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс ШОТАНОВТАН кәсіпкерлікті қолдаудың жай-жапсарын сұраған едік.
– Төлеміс Садықұлы, бүгінде ел кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі қамқорлықты сезіне бастады. Әсіресе, қазіргідей қысылтаяң тұста отандық бизнеске айтарлықтай көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт. Осы ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті сервистік қолдау жүйесі туралы оқырмандарымызды кеңінен хабардар етсек дейміз. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл шара бизнес өкілдерінің барлығына жаппай көрсетіле ме, әлде іріктеу бола ма? Әрі оның нақты қандай көмек екендігін білсек.
– Рас, бүгінгідей аумалы-төкпелі тұста бизнес өкілдеріне кәсіпкерлікпен айналысу оңайға тимейтіні анық. Десек те, дәл осындай күрделі уақытта өз кәсібін бастауға бел буып жатқандар аз емес. Айта кету керек, бизнесті сервистік қолдау шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіледі. Ал құрамында мамандандырылған кәсіби кеңесшілері көп ірі компаниялар мұндай қызметке зәру емес. 2015 жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет қаулысы мен негізгі тапсырыс беруші – Ұлттық экономика министрлігі арасындағы келісімшартқа сәйкес «Бизнесті қолдаудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шарасын жүргізіп келеді. Өткен жылы біз бизнеске сервистік қолдау көрсету, ақпараттық кеңес беру, кәсіпке оқыту секілді негізгі үш бағыт бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсеттік. Қазір сервистік қолдаудың инфрақұрылымы толықтай қалыптасты деуге болады, яғни, еліміздің әр аймағында ұлттық палата мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл орталықтар бизнес өкілдерінің жұмысын барынша жеңілдете түсті деуге болады.
– Аталған орталықтарда көрсетілетін қызмет түрлерін таратып айтсаңыз.
– Жоғарыда айтқанымдай, негізінен үш бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Олар сан-салалы мәселелерді қамтиды. Мәселен, консультациялық қызметтер: бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті тиімді жүргізу, қаржылық және құқықтық, сыртқы нарықта бизнесті жүргізу бойынша кеңестер беру. Салық саласы бойынша кеңестер, оның ішінде, салық салу жүйесіндегі жеңілдетілген салықтық декларацияларды дайындау. Білім саласындағы қолдау бағдарламалары бойынша жұмыс істеп тұрған әрі әлеуетті кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудағы негізгі функциялар мен бизнесті басқару бойынша арнайы курстар, тренингтер, семинарлар жүргізу. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен ақпараттандыру. Қазір аталған орталықтар жанынан «Бизнес-мектептер» ашылуда. Онда жас кәсіпкерлер іскерлік негіздерін оқып, облыста немесе ауданда нақты бір жобаны жүзеге асыруға бағыт алуда. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлерді қолдау орталықтары кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті әрбір азаматымызға жан-жақты әрі сапалы қызмет көрсетуге әзір.
– Біздің білуімізше, бұрын бизнесті тіркеуден бастап, оған тиісті рұқсаттама-құжаттарды алу мәселесі, тағы да басқа әкімшілік кедергілер көп болатын. Содан да болар, кейбір кәсіпкерлер арасында әлгіндей әурешіліктен тезірек құтылып, мәселені жылдам шешу үшін тиісті адамдардың «қолын майлап» қою керек деген кереғар түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр?
– Сұрағыңыз орынды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуын тежейтін әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту, алдын алу бағытында көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Бұл мәселелер заң жүзінде реттеліп те жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының негізгі мақсаты да сондай келеңсіздіктерді болдырмау. Яғни, әкімшілік органдармен қатынасты барынша азайтып, олардың тарапынан орын алуы мүмкін жемқорлық мәселесіне жол бермеу. Сонымен қатар, қандай да бір түсінбестік орын алмас үшін өзіміздің кеңесшілердің жұмысын да үнемі қадағалап отырамыз. Кәсіпкерлер арасында арнайы сауалдама жүргізіліп, орталықтың қызметіне көңілі тола ма, сын-ескертпелер немесе ұсыныс-тілектері бар ма, соның барлығын зерттеп, біліп отырамыз. Сондай-ақ, әрбір азамат Ұлттық палатаның байланыс орталығына хабарласып, өз мәселесін айта алады. Яғни, кәсіпкерлер үшін жұмыстың неғұрлым ыңғайлы әрі жылдам болуын назарда ұстаймыз.
– Осы жұмыстың нәтижелері туралы не дер едіңіз?
– Мәселен, өткен жылы 30 мың кәсіпкерге 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді. 212 мың кеңес берілді. Тіпті, жоспарды асыра орындап отырмыз. Мұның барлығы тапсырыс берушіге әзірленетін құжаттармен расталады. Айта кету керек, бұл тек бір бағыт бойынша, яғни сервистік қызмет көрсетудегі көрсеткішіміз. Басқа да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелеріміз баршылық, мысалы, бизнеске оқыту бойынша жеткен жетістіктер жетерлік.
– Осы оқытуға қатысты бір сұрақ қойсам деп отырмын. Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтады, ұлттық бизнестің де бұғанасы бекитін уақыт болған секілді, ендеше, әлі күнге дейін жұртқа кәсіпкерлік әліппесін ежіктеп үйретіп жатқанымыз қаншалықты дұрыс деген сауалға не дейсіз?
– Мен аталған мәселемен осыған дейін айналысқан институттардың жұмысына баға беруден аулақпын. Дегенмен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бұл бағыттағы жұмыс жүйелене түсті деуге болады. Біріншіден, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру туралы тапсырмасын орындап отырмыз. Қазір бұл көрсеткіш 25 пайыздан асты. Екіншіден, біз үнемі сұранысқа қарай әрекет етеміз. Ал бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлердің ақпараттық-кеңестік қызметтерге, оқуға деген сұранысы жоғары екені байқалады. Дағдарыс кезінде түрлі қиындықтарға қарамастан, жеке бизнесін ашуға ниеттілердің саны арта түсуде. Бірақ еліміздің нарық заңдарымен өмір сүріп отырғанына 25 жыл болса да, бизнесті неден бастау керек екенін әлі күнге дейін білмейтіндер көп деуге болады. Бизнесін енді ғана мемлекеттік тіркеуден өткізген кәсіпкер бухгалтерлік есеп жасау, бизнес жоспар құру, конкурстық құжаттамалар әзірлеу, алғашқы айналымдық қаражаттың жетіспеушілігі немесе құқықтық сауаттылық бойынша көптеген мәселеге тап болады. Қысқасы, аяғынан тік тұрып кеткенше көптеген мәселеде кеңесші қызметі қажет болатыны рас. Міне, Ұлттық палата жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы осындай түйткілдердің түйінін ағытуға сеп болады.
– Жалпы, бұл жұмыс қалай жүргізіледі? Оқыту курстарынан өткен кәсіпкерге мемлекет тарапынан көмек алуға оның септігі тие ме?
– Әрине, әрбір азамат жеке кәсібін ашып, мемлекеттік қолдауға жүгіне алады. Ол үшін бірақ, кәсіпкердің іс жүргізу қабілеті, бастап жатқан кәсібі жайлы жан-жақты хабары, жеке бизнес-жоспары болуы тиіс. Жалпы, бизнеске оқыту жүйесі бізде үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы. Бұл кезеңде біз маркетингтің не екенін, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керектігін, кәсіпкерлік туралы заңнамамызда не айтылғаны жайында ең қарапайым түсініктермен таныстыратын боламыз. Мұнда бизнес жүргізудің схемасы ұсынылады. «Бизнес-кеңесші» курсын тәмамдаушы арнайы сертификат алып, сол арқылы мемлекеттік органдарға тиісті көмек алуға жүгінуіне болады. Екінші кезең – «Бизнес-даму», бұл бағдарлама кәсіпкерлік негіздерінен біраз хабары бар, тәжірибелі тұтынушыларға арналған. Мұнда бизнес жүргізудің тың тәсілдері тереңдетіп оқытылады. Ал үшінші кезең – жобалық оқыту жүйесі барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына жіберіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасаймыз. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру кез келген салада оң нәтиже беретіні ақиқат. Нақты бір өндірісте көпті көрген, тәжірибесі мол кәсіпкерлер өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтады. Сонымен қатар, бұл курстың салалық ерекшелігі бар. Мәселен, болашақ фермерді біз көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан сүт фермасына жіберіп, оның иесі өз тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізеді. Жалпы, осы уақытқа дейін 15 мың адамға бизнес негіздерін оқыттық.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен нақты қандай бизнес-жобалар жүзеге асты?
– Нақты деректер келтірер болсам, біздің орталықтардың көмегіне жүгінгеннен кейін 2880 кәсіпкер қаржылық қолдауға ие болды. Олар негізінен жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы, қызмет көрсету секторынан – монша, шаштараз, тігін шеберханасы, химиялық тазалау секілді шағын және орта бизнес субъектілері. Біз кәсіпкерге бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, ол банкке барып, өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін қаржы алады. Яғни, палатаның қолдауының арқасында жаңа кәсіпкерлік мекемелері пайда болуда. Бұл дегеніңіз, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төлеушілердің саны артуда деген сөз.
– Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта кеңейту, жетілдіру ойда бар ма?
– Әрине, қазіргі таңда біздің мақсатымыз көрсетілетін қызметтің сапасын барынша арттыру болып отыр. Жұмыстың тиімділігі мен сапасын үнемі қадағалап, саралап отыратын байланыс орталықтарының деректері бойынша кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына көмекке жүгінген бизнес өкілдерінің 95 пайызы көрсетілген қызмет түріне көңілдері толатынын айтқан. Десек те, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түссек дейміз. Нақты айтсақ, барлық үдерістерді жүйелеу, есеп жүйесін енгізу, адами факторларды азайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, біздің тұтынушымыз өзінің проблемаларын жүйелеп жатқанда, біз оған шешу жолдарын ұсынатын дайын кейсті ұсына қоюымыз керек. Әрине, кемшіліктер болмай тұрмайды, алайда, негізгі іргелі шаралар біріздендірілуі тиіс. Қазір арнайы автоматтандырылған бағдарлама дайындалуда, онда тұрақты түрде, онлайн тәртіпте, біздің палатаның орталық аппаратында және өңірлік палатада кәсіпкердің өтініш берген уақыты, жұмыстың қалай жылжып жатқаны, жүзеге асыру мерзімінің созылып кетпеуі бақыланып отыратын болады. Яғни, орталықтардың барлық қызметі өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер санының артуымен және жұмыс істеп тұрған бизнестің нығаюымен әрі дамуымен анықталатын нәтижеге бағытталатын болады. Бұл енді келешектегі жоспарымыз, ал әзірге СМС хабарлама жіберу арқылы жұмыстың сапалылығын анықтаймыз. Яғни, тұтынушыларымыз жұмыс сапасына көңілі толған-толмағанын, ұсыныс-тілектерін, сын-ескертпелерін СМС арқылы жолдай алатын болады. Бұдан бөлек, біз арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлер бізден не күтетінін анықтадық. Зерттеу барысында мемлекеттік және жеке қатынастарға қатысты жобаларды сүйемелдеу мен ақпараттандыру жөніндегі қызметтер үлкен сұранысқа ие екені белгілі болды. Бұл мәселені біздің негізгі тапсырыс берушіміз – Ұлттық экономика министрлігімен талқылап, алдағы уақытта қызмет түрлерін толықтыруға келістік. Жалпы айтқанда, палата өкілдері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Келешекте қай бағытта дамуымыз керек, кәсіпкерге сервистік қолдау көрсету жұмыстарын заман талабына сай қалай жетілдіре аламыз, деген секілді сауалдар бізді ылғи толғандырады. Кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының «бір терезе» жүйесімен қызмет көрсетуі аса маңызды. Яғни, кәсіпкер өзіне керегінің барлығын бір жерден таба алуы тиіс. Бұл үшін Ұлттық палатада бизнесті дамытудың өңірлік картасы әзірленді. Аталған карта еліміздің кез келген өңіріндегі кәсіпкерліктің даму деңгейімен қатар инвестиция салуға болатын саланы да анықтауға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».