18 Ақпан, 2016

Үміткерлер саны – 687

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақып­кереев республикалық және облыстық БАҚ-тар өкілдері­мен брифинг өткізіп, сайлауға әзірлік жайлы жан-жақты мағ­лұ­мат берді. Кездесуге жергілікті сайлау комиссияларының жетек­шілері қатысты. Асқар Жоламанұлы кезектен тыс Парламент Мәжілісі және кезекті облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттар сайлаулары қарсаңындағы ұйымдастыру шараларының талапқа сай жүргізіліп жатқанын, барлығы 929, оның ішінде, 15 аумақтық, 217 округтік, 697 учаскелік сай­лау комиссияларының құры­лып, оларға 6503 адамның тартыл­ғанын, материалдық-техника­лық жағынан ойдағыдай қамтыл­ғанын жеткізді. Сайлау құрылымдары мүше­лерінің құқықтық білімдерін жетілдіру мақсатымен 56 семи­нар-кеңес ұйымдастырылды. Алда тағы 72 қысқа мерзімді курстар өткізіліп, тыңдаушылар саяси жағынан шыңдалатын болады, дей келіп, А. Сақыпкереев облыстық мәслихатқа – 90, ау­дан­дық мәслихаттарға – 537, қала­лық мәслихатқа 60 адамның ұсынылып, 128-інің тіркеуден өткенін мәлімдеді. Саяси партиялар атынан ұсынылғандар саны 207 болса, 480 адам өзін өзі ұсыну арқылы бақтарын сынауға бел буыпты. Олардың құрамына келетін болсақ, үміткерлер тізімін 20 ұлттың өкілі, ал орта жас 43-ті құрайды. Зейнеткер жасындағы үміткер біреу ғана. 66,8 пайызы – ерлер. 70,3 пайызының жоғары білімі бар. Коммерциялық сала қызметкерлерінің үлесі – 43,2 пайыз. Облыстық сайлау комис­сиясының төрағасы депутаттыққа кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін созылатынын, сол себепті, тізімнің толыға түсетінін де айтып өтті. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.