Жақында Бейбітшілік және келісім сарайында өткен композитор Алмас Серкебаевтың «Астана» мюзикліндегі басты кейіпкердің бірі – Асами бейнесін Жапониядан келген жас актриса Мана Накано сомдады.
Алғашқы көрсетілім өткен жылдың маусымында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық, К.Байсейітова атындағы Ұлттық, сондай-ақ Шымкент опера және балет театрлары қатысуымен өтіп, Асами бейнесін Айгүл Ниязова мен Әсем Сембиналар орындап келсе, елорда төрінде көрерменге көлдей сезім сыйлаған мюзикл жапон қызының рөлін Жапониядан арнайы шақыртуымен келген Наканоның ойнауымен ерекшеленді. Сахналық көрсетілім өзара көңіл жарастырып, үміттері ұштасқан қазақ жігіті мен күншығыс елі аруының аңсар-арманын алға тартса, сол ғашықтық сезімді нанымды етіп бере білген, Өнер академиясын «мюзикл әртісі» мамандығы бойынша тәмамдап, «Сики» тобы мен «Lion Kings» хореографиялық ансамблінде әжептәуір тәжірибе жинақтаған Мана Накано да қазақтың салт-дәстүрі мен өнерінен соншалық алыс жан емес екен. Оның өнері Осака университетінің студенті Асамидің бейнесін сомдауда бағзы замандардан баяндалар аңыздар тылсымымен тыныстады. Қос ғашықтың жүрек лүпіліне құлақ түрсеңіз, екі жақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінде көптеген ұқсастықтың бар екеніне иланасыз. Көне тарих көмбесінен әлі қанша сыр-бұлақтың сыңғыры естілерін кім білсін, бірақ та осы бір рухани тамыры бір-біріне тым ұқсас қос арнаның бір кездергі бастауы ортақ болғанына шүбә келтіргің келмейді. Адамның тағдыры өз қолында деп айтып жатамыз кейде. Бірақ тағдыр тас сияқты бір жерден екінші жерге қолмен апарып қоя салатын зат па екен? Қазақ жігіті Арман мен жапон қызы Асамиді Астанада кезіктірген тағдыр туралы не айтамыз онда?..
Сарыарқаның төсінде жұрттың көзін нұрға малған ғажап бір ертегі қала салынып жатыр. Қамыс-қоға сыңсыған қу медиен даланың жазира белінен жасыл желек көз тартып, әрлене түскен шаһарға жан-жақтан ағылған жұртқа қарап, бақыт құсын іздеп өту тіршілік өзегі екеніне көзің жете түседі. Сол сансыз тағдырдың арасында жапон қызы Асами бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында жапонның бір солдаты тұтқындалып, тағдырдың айдауымен қазақ жеріне әкелінеді. Қақаған суық пен ашаршылық азабынан аман қалуына себеп болған сол кезде не дейсіз ғой. Аналық мейірім еді. Әрине, қазақ әйелі туралы әдебиетшілеріміз аз жазып жатқан жоқ, дей тұрғанмен, сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақ аналарының алып бейнесіне өнер тілімен әлі бір толыққанды ескерткіш қойылды деп айта алмаймыз. Мюзикл осындай бір ой ұшқынын тұтатып өтеді. Ұлы Отан соғысында майдангер ұлынан айырылып, аза тұтқан ана мейірімінің айдаладан жер ауып келген жапон жауынгеріне түсуі неліктен деген ой көңілді көріктей қариды. Жау солдатына өзінің жейтін нанын бөліп беріп, өмірге сенімін қайта оятқан сол қазақ әйелінің боздағын жер қойнына тапсырып отырғанда қайғыдан қаймықпауы қалай? Қастық қылған адамының өзіне жамандық тілей алмайтын аналық сезімнің құдіретіне жететін қасиетті ештеңе жоқ өмірде. Барлық ізгілік атаулыны осы жүректен тарайтын жылудан іздеу керек. Мейірім оты еліне оралуына себепші болған солдат кейін ұлы мен немересін Қазақстанға, қазақ халқына деген сүйіспеншілік сезімінде тәрбиелейді. Өмірден қош айтысарда шет тілдері факультетінде оқитын Асами немересінің құлағына өз өсиетін барынша құйып кетеді. Қазақстандағы мамыражай тұрмыс кешіп жатқан ғажайып халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзіңмен көріп қайт, санаңа тәлім түйіп қайт деп аманат арқалатады. Асамиді Астанаға алып жеткен алғашқы себеп осы болатын.
Екіншісі, болашаққа бет алған тіршілік ағысына қызыға да, таңдана қарап, сол қайнаған қазанға өзінің қалай араласып кеткенін сезбей қалады. Оның санасында атасы айтқан сүйіспеншілік оты маздап тұрып алады. Қыз ол жүріп өткен іздермен аяңдай отырып, мұндағы халықтың тіршілік-тынысымен біте қайнасуға тырысып бағады. Алматылық Арман есімді дәрігермен танысады. Арман (рөлді сомдаған Нұржан Бажекенов) мен Асами арасындағы жастық пен махаббат сезімі мюзиклдің көркемдік сипатын ашады. Қойылымда оқиғаны өрбіткен өзге де тұшымды бейнелер болды. Мысалы, Астана қаласындағы автомобиль бөлшектері концерні зауытының иесі Тамура мырза (К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртісі Евгений Чайников) мен Тамураның хатшысы, Арманның балалық досы, Сержан (Талғат Галеев) рөлдері. Қай кезде де махаббат майданы ғашықтар мен оларға қарсы тұрар бөгде ойлардың өзара арпалысынан тұрары хақ. Бұл Сержан мен жапонның ірі кәсіпкері Тамура Касушиконың арасындағы талас-тартыс. Досына қашанда адал ниетті жігіттің сүйген қызы Марина (Елена Ганжа) Асамиді Арманға ұзатудың амал-айласын ойлап табады. Соңында барлық жастар бақытын тауып, қала жас шаңырақтардың шаттық күйіне бөленеді. Үйлену тойында домбырамен қазақтың әндері орындалады. «Құсни-Қорлан» шырқалады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, қазақ сахнасында ұлттық мюзиклдің алғашқы қарлығашы қанат қақты деуімізге болатын сияқты. Ән, би, сөз, музыка, сахналық басқа да өнер түрлерінің басы тоғысатын қойылымды жұрттың тапжылмай отырып қызықтауы да сондықтан болса керек. Және ол бәріміздің соғып тұрған жүрегіміз – Астанаға арналуы жас өнердің қанатын қомдап, қалыптаса түсуіне едәуір ықпал етеді деп сенеміз. Елорданың рухани көкжиегі өнердің осындай жаңа үлгілерімен толыға беруіне тілектеспіз.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.