19 Ақпан, 2016

Челябіде шеп бұзған

518 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
қандасымыз Адай Кенжебаев абыройлы істер атқаруда 111-4Ресейдің Қостанаймен іргелес Челябі облысы халықтарының ассамблеясы кеңесі төрағалығына осыдан үш жыл бұрын қандасымыз Адай Кенжебаев келді. Үш жарым миллионнан аса халқы бар, Ресейдегі ең өндірісті, ірі аймақтың бірі саналатын Челябі облысында тұрып жатқан түрлі ұлттың басын ұйытып отырған осы қоғамдық ұйымның басшылығына Адай Елеутайұлының келуі көпшілікті елең еткізді, бірақ алаңдатқан жоқ. Елең еткені – Адекең осы облысқа, ондағы зиялы қауым­ға танымал тұлға. Экономика, техника саласындағы ірі ғалымды жұртшылық Оңтүстік Урал өңіріндегі кәсіпкерлікті алғаш бастағандардың бірі ретінде де біледі. Оның сыртында, қандасымыз Челябі өңіріндегі мыңдаған мамандардың ұстазы, жас ғалымдардың жетекшісі. Губернатор А.Кенжебаевтан Челябі облысы халықтарының ассамблея кеңесін бір жыл басқаруын сұраған еді. Міне, бір жылға келісім берсе де, жауапты жұмысты тастай етіп атқарып келе жатқанына үш жыл болыпты. Қоғамдық ұйым болған соң, оның жұмысына мемлекет қаржы бөлмейді, барлық шаралардың атқарылуы энтузиастардың еншісінде. Бұл жұмыс үшін Адай Елеутайұлының қалтасынан қаржы шықпаса, өзінің еңбегі үшін алатын да бір тиыны жоқ. Бірақ ол осы қоғамдық жұмысының мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызы зор екенін жақсы біледі. – Мылтық даусы басылмаған Таяу Шы­ғысты айтпағанда, мына Украинада не болып жатқанын көзіміз көріп отыр. Бейбіт халықтың ішкені – ірің, жегені – желім болған жоқ па? Бейбіт өмірге, қара суды қайғысыз ішкенге не жетеді? Сондықтан Ассамблея жұмысы өте маңызды. Оның кеңесін басқарса қалталы азаматтар мұнда жоқ емес. Бірақ, мұның ресми жағы өте нәзік, сауаттылықты қажет етеді. Ұлтаралық қа­рым-қатынастың өзі шыныдай таза болуы керек, ал оған өте байқампаздықпен, ұқыптылықпен, кісілікпен қарамаса, шыныдай шытынап кететін кіді нәрсе. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», деп аталарымыз айтқандай, жұртшылықтың алдындағы бір қате пікірің, сөзің дүниені бүлдіріп жіберуі мүмкін, – деп бастады Адай Кенжебаев бізбен әңгімесін. Қазір Челябі облысы халықтарының Ассамблеясына мүше ұлттық-мәдени орта­лықтардың саны отызға жетіп жығылады. Соңғы жылдары осындағы түрлі ұлт өкіл­дері бас қосып, өз мәдени-ұлттық орта­лықтарын құруды, Ассамблеяға тіркеуді өтініп келеді екен. Ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, бірлік-берекенің бекуіне Адай Елеутайұлы басқаратын Ассамблея кеңесінің үлесі мол. – Ассамблея кеңесінің соңғы отырыс­ында жастар қанатын құруды көтердік. Бұл да өте маңызды шаруа. Әрине, сіздерде Қазақстан халқы Ассамблеясы басқаларға үлгі боларлық жұмыстар жүргізіп отырғанынан хабардармыз. Нұрсұлтан Әбішұлы саясатының бағыты өте дұрыс, көреген саясат. Оны арқа тұтамыз, мақтанамыз. Қазір Нұрекеңнің саясатын үлгі ету аз, одан үйрену керек, – дейді Адай Елеутайұлы. Қос ғасыр тоғысқан жылдары осынау кең-байтақ елдің отын оттап, суын сулап­ қалған ұлттар мен ұлыстар саясаттың сал­қынымен сырт қалып, өгейсіп кеткен дәстүрін, тілін, дінін іздей бастады. Солардың бірі қазақтар еді. Челябі облы­сындағы ұлттар диаспоралары арасында қазақтардың «Азамат» қоғамдық орталығы алғашқылардың бірі болып құрылды. – «Адай, басымызды қос. Тіліміз, дініміз қайда екенін ойламаппыз ғой. Келешегіміз қа­лай болмақ?», деп жүрегінде ұлттық сезімі оянып, маздаған ағайындар келе бас­тады. Иә, өліара шақ еді ғой ғасырдың басы. Талап бар, бірақ тілден, дәстүрден, тіпті, ділден де алыстай бастаған біз игі істі неден бастау керектігін білмей абдырағанымыз есімде. Содан атамекенге бас бұрып, Ақмола облысы басшыларынан кеңес сұрадық. 2000 жылдары Ақмола облысында мәдениет басқармасының басшысы болған Нұрикамал Сейітжановаға және белгілі әнші Ғазиза Жұмекеноваға айтар алғысымыз шек­сіз, – деп еске алады Адай Елеутайұлы бүгінде. Іргетасын өзі қалаған «Азамат» қазақтардың қоғамдық орталығы Ресейдегі 2002 жылғы халық санағы бойынша 36 мыңнан асып жығылған Оңтүстік Урал, Жайық бойындағы қандастарымыздың рухани жоғын жоқтайды, олардың тілді, дәстүрді ұмытпауы үшін түрлі шаралар ұйымдастырып, игі жұмыстар ат­қарып келеді. Соңғы жылдары Қоста­най облыстық тілдерді дамыту басқарма­сы­ның қолдауымен жыл сайын Челябі облы­сындағы қазақ тілін үйрететін мұға­лімдерге әдістемелік бағдарлама жасап­ береді. Оларды оқытып, сертификат тап­сырып отырады. Челябі облысының бірнеше аудандарындағы мектептерде қа­зақ тілі факультативтік сабақ ретінде өтіп жүр, тіл үйрету үйірмелері жұмыс іс­тейді. Адай Елеутайұлынан кейін Болат Хаса­нов, қазір Қанат Сейтіков басқаратын ор­та­лық Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлімшесімен, осы облыстағы Тіл­дер­ді дамыту басқармасымен тығыз байланыс орнатқан. – Қазақтың әнін естісем, жүрек шымырлайды. Ормандай орыстың арасында жүріп тілді ұмытсақ та, қазақтығымыз қанда бар ғой, – дейді Адекең. Сол ормандай орыстың арасында жүріп, өзгеге өзін мойындату ол үшін оңай болған жоқ. Ол еңбекті ұлы ұғым деп түсінеді. Атақты көз дәрігері Святослав Федоровты өзіне ұстын санайды. Адай Орынбор облысындағы Адамов ауданындағы Тереңсай деген ауылда туып-өсті. Шөлейттеу, шаң қауып тұ­ра­тын жер еді. Әкесі Елеутай 1944 жылы соғысқа аттанып, 1949 жылы аман орал­ды. Жүрекке жақын тамырға тиіп тұр­ған соң әскери дәрігерлер ала алмаған снаряд жарықшағы соғыстан кейінгі жыл­дары Елеутайды дімкәс етті. Етінің пы­сықтығымен шаруашылықта бухгалтер болып, шиеттей баланы асырады. Ана­сы Қаламқас үй шаруасында болды. Елеутайдың Адай, Абай, Абылай, Аман­гелді, Клара атты балалары бірінен кейін бірі, тетелес өмірге келді. Оның үстіне Елеутайдың ата-анасы, бауыры да қолында болды, үлкен шаңырақ еді. Елеутайдың ұлдары оқымысты, ең­бек­қор болып өсті. Әсіресе, Адай өте жақсы оқыды. Ол өскен ортада, мектепте «табысқа жету, үлкен адам болу ер жігітке инженерлік білім арқылы мүмкін болады» деген түсінік қалыптасқан еді. Ол әскер қатарынан оралған соң, Челябі политехникалық институтының Энергетикалық факультетіне түсті, білім ордасындағы әскери техникаға байланыс­ты құпия саналатын кафедраға бөлінеді. Кафедраның зерттеу лабораториясы зауытта орналасты. Оқи жүріп, Челябі трактор зауыты жанындағы «Ротор» бронетанк техникаларының арнайы конструкторлық бюросында жетекші инженер болып істеді. Кеңес Одағының атақты танктері нақ осы жерде электроникамен жарақтандырылатын. Олар Адай Елеутайұлының қолынан өтті, өзі жасады. Оның білімділігі мен зеректігі әскери техника мамандарын таңғалдыратын. «Ротор» арнайы конструкторлық бюросында қызмет еткен он жыл ішінде әскери техника бойынша бес өнертабыстың авторы атанды, оның ғалымдар назарын аударған ғылыми мақалалары Кеңес Одағындағы беделді «Электротехника» журналына жарияланып тұратын. Өндіріске енгізілген өнертабыстарын патенттеді. – Біздің зертханада біліктілігі өте жоғары инженерлер қызмет еттік, өте құпия технологиялар жасадық. Кейбір жұ­мыстарымыз сол уақытта әлемдегі әскери техникалардың ең үздігі саналды. Қайтесің, сондай үздік жұмыстар со­ғысқа пайдаланылды... Құпия лабораторияда істегендіктен бізге сыртқа, өзге рес­публикаларға, елдерге шығуға рұқсат етілмейтін, тіпті. 1989 жылы жұмыстан кет­кен­нен кейін де бес жылға дейін қаладан шық­пау жөнінде қолхат бергенмін, – дейді Адай Елеутайұлы сол күндерді еске алып. «Ротор» арнайы бронетанк конструкторлық бюросындағы қызметі табысты болса да, Адай Елеутайұлы ешкім күтпеген тосын қылық танытты. Қызметін тастап кетті, әскери техника саласынан жазып жатқан диссертациясын біреуге сыйлай салды. Сөйтті де, 1992 жылы Челябі мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түсті. Оны үздік бітіріп, 1999 жылы экономика тақырыбынан кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол нарықтық экономика құру жағдайындағы экономикалық мәдениетті көтеру теориясына арналды. Сол кезде Ресейде ғалымдардың нарық тақырыбына әлі тісі бата қоймаған. Онан кейін Мәскеудегі Ресей үкіметі жанындағы халық шаруашылығы академиясын үздік бітірді. – Мен ол жылдары кәсіпкерлік жұ­мы­сым­ды бастап кеткен едім. Сондық­тан, өзім де, өзгелер де мені экономист ғалым емес, Челябі облысындағы алғашқы бизнесмендердің бірінен санайтын. Мен диссертациямды Челябі мемлекеттік уни­верситетінде қорғадым. Ғылыми кеңесте Оңтүстік Уралдың ірі экономист ғалымдары болды. Әдетте, ғылыми жұмысты 20 минут тыңдайды да, сосын қалған 20-30 минутқа пікір айтылатын. Ал мен екі сағат сөйледім, ғылыми кеңеске келгендердің ешқайсысы да бизнесте жүрген адамның экономика теориясын жазғанына сенгісі келмеді. Ризашылық білдірген ғылыми пікірлер айтылды. Жетекшім Александр Попов – экономика ғылымдарының докторы, профессор, өте білімді кісі еді.Уни­­верситеттегі ғылыми кеңес менің дис­­сертациям туралы Мәскеуге, Жоғары аттестациялық комиссияға жазып жіберіпті. Содан мені Мәскеуге шақырсын. Жоғары аттестациялық комиссияда диссертациямды қайта қорғағандай, тағы да жарты сағат сөз алдым, – дейді Адай Елеутайұлы. Кешегі әскери техниканың білгірлері қатарында саналатын Адекең енді Оңтүстік Урал төңірегіндегі белгілі экономист ғалымға айналып шыға келді. Сонымен қатар, осы өңірдегі кәсібін дөңгелентіп алып кеткен, белгілі кәсіпкерлердің қатарынан орын алды. Оған бес өнертабыс аша тұрып, әскери техникадан кандидаттық диссертациясын аяқтамағанына дос-жарандары, замандастары өкініш білдіретін. Тіпті, әскери техника бойынша ғылыми жұмыстарын жалғастыруға шақыру да алды. Бірақ Адекеңді әскери техника саласы қайтып қызықтырмады. – Мен 80-ші жылдардың ортасынан бастап, экономикалық қатынастардың дұрыстығына аса күмәнмен қарайтынмын. Көп қажыр-қайрат, білім жұмсалатын ой еңбегінің саны мен сапасында алшақтық, бағалануында дөрекіліктер байқалды. Мен, тіпті, ақы төлеу, еңбекті бағалау жүйе­сіне өзгеріс енгізуге ұмтылдым. Нарық басталған 90-жылдар менің осы ішкі түйсі­гімнің дұрыстығын дәлелдеп бергендей болды. Жасыма қарамай экономикалық білім алуға асыққаным да содан еді. Бала кезімнен тапшылықта, таршылықта өс­тім. Студент кезімде де жұмыс істедім. Таңертең үйден шыққаннан түн ортасында қайтып оралатынмын. Сонда күндіз оқуда, «Роторда» боламын, кешкі бестен сегізге дейін Челябі трактор зауытында станокта тұрамын, одан әрі қарай түнгі он бірге дейін теміржол көпірлеріне арналған бетон плиталар құюға барамын. Сондағы азығым – май шабақ балық, нан, макарон болушы еді. Қандай керемет болсаң да, пендеге адал еңбекпен тапқан дәулет керек. Экономика мен бизнеске қызығуыма бұл да себеп болған шығар, – дейді Адай Елеутайұлы. Расында, Адай Кенжетаевтың Челя­бі қаласының қақ орта­лығындағы «Само­делкин» сауда орталығы осы төңі­ректегі сауда бизнесінің, жалпы, кәсіп­кер­ліктің қарлығашы деуге болады. Іші атшаптырым дүкен челябіліктердің келуге асығып тұратын орнына айналған. «Са­моделкиннің» Ресейдегі ең үздік сауда орталықтарының ондығына, Урал-Сібір аймағындағы әмбебап дүкендер арасында табысты бөлшек сауда кәсіпорындарының ондығына кіруі тегін емес. Адай Кенжебаев бұл сауда кешенін осылай Ресейдегі ең үздіктер қатарына көтере білді. Ғалым экономист дүкенде экономика, корпоратив мәдениетін жолға қойды, сондықтан онда жұмыс күшінің тұрақтамауы деген жоқ. Дүкен иесінің бизнесі – тұтас ұжымның несібесі. Ол қызметкерлерге «Дүкенге келген адам бізге құрметін көрсетті, таң­дауын жасады деген сөз, оған мінсіз қыз­мет көрсету, сатып алған затымен қуан­тып шығарып салу – біздің парызымыз» деп үйретеді. Заттарды орналастыру, са­ту­шы­ның сыртқы келбеті, киінуі секілді сауда бизнесінің ішкі иірімі әр жерде-ақ бар шығар. Ал Адай Елеутайұлы қай салада болсын еңбек адамы үшін басты құндылық – білім деп санайды. Өз ұжымындағы жас­тар­ға жоғары білім алуға кеңес беріп отырады. Оның пікірінше, нарық заманында білегі жуандар, сүйенері барлар емес, тек білімі молдар ғана тығырықтан жол және өз на­нын өзі мол табады. Мәдениеттің барлық түрі көтеріледі. «Самоделкин» дүкенінде кіш­кентай баласы бар, еден жуушы әйел та­лап­танып, жоғары оқу орнында оқып жүр екен. – Біз жалақы төлеудің тарифсіз жүйесін енгіздік. Мұны Кеңес Одағы кезінде көз дәрігері Святослав Федоров алғаш қол­данған еді. Біз оны бүгінгі уақытқа лайықтап, жетілдіріп, дамыта түстік. Ең бастысы, жалақыны бөлуге емес, еңбектің қиын-жеңілін бағалауға назар аударылады. Біздің жүйемізде қызметкердің еңбекақысы оның қабілет-қарымына, сіңірген еңбегіне ғана емес, тұтас еңбек ұжымының жұмыс нәтижесіне байланысты. Мұндай жүйеде қызметкерге жұмыстың соңына дейін отыру, жұмыс аяғын күту тиімді бола бермейді. Бұл жүйе әр жұмысшыға әр айда қанша таба­тынын есептеуге, соған сәйкес дербес жос­парын құруға мүмкіндік береді. Еңбек қа­тынастарының базалық құндылығы болып табылатын әділеттілікті еңбекақы төлеу­дің негізі етіп алдық, әділеттілік бол­­май ешқандай мәдениет туралы сөз қоз­ғалуы мүмкін емес, – дейді Адай Елеутайұлы. Ресейдің ең ірі қалаларының бірі – Челя­бідегі ғалым кәсіпкер қандасымыздың бизнесіндегі ірілі-уақты жайларды қал­дыр­май айтып отырғанымыз, оған биік бедел алып берген де, жергілікті билік тарапына өзін мойындатуы да білімділігі мен бизнесті баю деп қана ұқпай, өзі айтқандай, әділетті, нарық кезіндегі адамгершілікке суарылған экономикалық мәдениетті, яғни еңбек қатынастарын өзінше жаңғыртып дамытуы еді. Оның ғалым А.Поповпен бірігіп жазған «Экономическая культура и резервы ее роста» деген кітабы жо­ғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына оқулық ретінде пайдаланылады екен. Ол ағылшын философы Ф.Бэкон айтқандай, әр адам үшін білімнің орнын ерекше қояды. Балалары Вадим мен Юлияны, немересі Диманы да білімнің құдіретін тануға тәрбиеледі. Адай Елеутайұлы қайырымдылық шараларға белсене қатысады, «Азамат» қазақ қоғамының, тек ол емес, Челябідегі көп ұлт өкілдері ұлттық орталықтарының жұмысы туралы кеңесіп отырады, Адекең­нің қайда салса да суырылып отыратын біліміне тәнті болады. Ол бізбен әңгімесінде саясатты қадағалағаны болмаса, онымен айналыспайтынын айтқан еді. «Су ішкен құдығыңа түкірме», деп аталары айтқандай, өзі өсіп-өнген елдің тыныштығы үшін түрлі-түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтатын Челябі халқы Ассамблеясының жұмысын дөңгелентіп отырған, Челябі облыстық қоғамдық палатасының, Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Адай Кенжебаевты сындарлы саясаткер, қоғам­дық қайраткер деп қалай айтпайсыз! Ресейдің Қазақстанмен шектесетін ірі облысын жайлаған жұрт сыйлап алдынан кесіп өтпейтін, қазақтың атын көкке көтеріп жүрген бір қандасымыздың өмір, еңбек жолы осындай. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ – ЧЕЛЯБІ – ҚОСТАНАЙ.