Қазақстан Республикасы өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Жыл ішінде алдын ала жоспарланып, белгіленген халықаралық ауқымдағы іс-шаралардың барлығын жоғары деңгейде, аса ұйымшылдықпен өткізді. Соның ішінде он бір жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ-ның Саммитін елордамыз – Астана қаласында шақырып, осынау ұлы жиынды абыроймен өткізгендігі Қазақстан басшылығы үшін, барша қазақстандықтар үшін аса жоғары мәртебе болды. Бұл жөнінде әлемге танымал саясат саңлақтары, мемлекеттер мен үкіметтер басшылары қоспасы жоқ шынайы ризашылықтарын, жүрекжарды пікірлерін білдірді. Есігін енді ашқан жаңа 2011 жылдың екінші жартысынан бастап еліміз тағы бір ірі халықаралық ұйым – Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық еткелі отыр.
Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) 1969 жылдың қыркүйегінде құрылды деп айтылып та, жазылып та жүр. Нақты дерек көздеріне қарағанда, ИКҰ-ның құрылу тарихы әріден, яғни 1926 жылдан бастау алатыны байқалады. Өйткені, осы жылы Бүкіләлемдік ислам конференциясы құрылып, оның алғашқы отырысы Меккеде өткен екен. Одан кейін Конференцияның сессиялары Иерусалим, Карачи және Могадито қалаларында шақырылған. Бұл жиындарда мұсылман елдері арасында әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнату мәселелері қарастырылыпты. Ал 1953 жылы аталған Конференцияның орнына Ислам конференциясының форумы құрылып, оның отырыстары Иерусалимде, сондай-ақ бірқатар араб елдерінің астаналарында өткен.
Бірқатар деректер бұдан кейін де жоғарыда аталған Ислам конференциясы форумының атауы бірнеше рет өзгертілгенін, басқа да исламдық ұйымдардың құрылғанын көрсетеді. Бірақ, бұл ұйымдардың ешқайсысы да халықаралық саяси үдерістерге жеткілікті түрде ықпал ете алмаған. Ал мұсылман әлеміне барлық Ислам мемлекеттерінің басын біріктіріп, өзара тығыз ынтымақтастық орнату арқылы халықаралық саясатқа ықпал ететін ұйым аса қажет еді. Мұны мұсылман елдерінің басшылары мен дін қайраткерлері жақсы түсінді. Бұған мұсылман әлеміндегі ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағдайлар жол бермеді. Оның сәті 1969 жылы түскені тарихтан белгілі.
Қысқаша тоқталатын болсақ, 1969 жылы белгісіз біреулер Иерусалимдегі мұсылмандардың «әл-Акса» мешітін өртеп жібергенінен әлем жұртшылығы жақсы хабардар. Бұл жағдай өз кезінде мұсылман әлемін дүр сілкіндіріп, көпшіліктің орынды ашу-ызасын туғызды. Сөйтіп, Сауд Арабиясының Королі Фейсальдің бастамасымен сол жылдың қыркүйегінде 26 Ислам мемлекетінің басшылары Рабат қаласында (Марокко) бас қосып, мұсылман қауымының қасиетті орны саналатын «әл-Акса» мешітіне қатысты жағдайды талқылады. Нәтижесінде олар жаңа Ислам ұйымын құру мәселесін нақты шешу үшін Сауд Арабиясының Джидда шаһарында Ислам мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кеңесін шақыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал келесі 1970 жылдың ақпанында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтіп, онда жаңа халықаралық орган – Ислам Конференциясы Ұйымы ресми түрде құрылды.
Ислам Конференциясы Ұйымы құрылғаннан бері өзінің қатарын үнемі арттырумен қатар, қызмет ауқымын кеңейтіп келеді. Алғашқы жылдары ИКҰ-ға 25 мемлекет мүше болса, бүгінде Ұйым Азия, Еуропа, Африка және Оңтүстік Америка құрлықтарындағы 57 мемлекетті біріктіріп отыр. Сонымен қатар, ИКҰ-ның жиындарына бес мемлекет және бес халықаралық ұйым байқаушы ретінде қатысады. Оның үстіне Ислам Конференциясы Ұйымы әлемде БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық саяси ұйым болып табылады. Қазіргі кезде жер шарындағы тұрғындардың төрттен бірі мұсылман. Мұсылман елдеріндегі тұрғындардың жалпы саны 1,532 миллиард адамды құрайды екен. Бұл – жер шарындағы тұрғындардың 22,9 пайызы. Ал Қазақстан адам саны жағынан ИКҰ-ға қатысушы елдер арасында – 23, әлем елдері арасында 62-ші орында тұр.
Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер аумақтарында табиғи ресурстардың аса мол қоры жатыр. Нақты мәліметтер бойынша, оның көлемі әлемдегі запас қордың 65 пайызын құрайды. Ұйымға қатысушы елдер, сондай-ақ әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызын өндіреді. 2009 жылы олардың ішкі жалпы өнімі 7,5 трлн. АҚШ долларын құраған. Бұл мәлімет мұсылман әлеміндегі елдер өндіретін өнімнің Қытайдың ІЖӨ-не жақындап қалғанын білдіреді. Біздің еліміздің ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара тауар айналымына келсек, 2008 жылы ол 10,6 миллиард долларға жетті. Оның 8 миллиард доллары – экспорт, 2,6 миллиард доллары – импорт.
Тәжірибе көрсеткендей, әлемдік мәдениет өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықта дами бермек. Ал Исламның бірегейлігі оның рухани кеңістігін жетілдіруге жағдай тудыратындығында жатыр. Осыған байланысты Қазақстан болашақ зайырлы мемлекет ретінде ұлы мұсылман өркениетінің ажырамайтын бөлігі болып табылады. Өйткені, біздің тарихымыз жүздеген жылдардан бері Исламмен тікелей байланыста дамып келеді, қазақ халқының рухани мәдениетін одан бөліп қарастыру мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстан жиырма шақты жылдан кейін ғана мұсылман әлеміне алдына аса зор міндет пен мақсат қойған іргелі мемлекет болып қайта оралды.
Қазақстан Республикасы Ислам Конференциясы Ұйымына 1995 жылдың желтоқсанында Конкариде (Гвинея) өткен Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің конференциясында толық құқықты мүше ретінде қабылданған еді. Мүше болып қабылданған кезден бастап еліміз Ұйымның көптарапты қызметіне белсене қатыса отырып, ИКҰ-ның рөлін арттыруға және оның өркениетті әлемдегі ерекшеліктерін нығайтуға өзінің үлесін қосып келеді. Бүгінде Қазақстан, сондай-ақ Ұйым аясында әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру жолымен кедейшілікті азайту, білім сапасы деңгейін арттыру, Ұйымға қатысушы елдерде демократияны, адам құқығы мен азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне қолдау көрсетіп жүр.
Бұл мәселелерде 2005 жылдың 8 желтоқсанында Меккеде Ұйымның жоғары деңгейдегі конференциясында қабылданған ИКҰ-ның Онжылдық іс-қимыл бағдарламасының алатын орны ерекше болып табылады. Аталған құжатта Ұйым қызметінің алдағы он жыл ішіндегі перспективалары нақты көрсетілген. Осы бағдарламаға байланысты ИКҰ-ның Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглудың Ұйымның Онжылдық іс-қимыл бағдарламасының қабылдануы тарихи және жаңа бетбұрыс екенін, оның талаптарын орындау Ұйымға мүше көптеген елдерді тап келіп отырған қиындықтардан алып шығуға негіз болатынын атап көрсетуі жайдан-жай емес.
Бағдарламада, сондай-ақ Ислам әлемінің «Жол картасы» рөлін атқаратын бұл құжатта Ұйым елдері арасында ішкі сауданы кеңейту арқылы оның көлемін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру шаралары да қарастырылған. Осыған байланысты Қазақстан өзінің экономикалық стратегиясын сауда-экономикалық байланыстарды ынталандыруға, Ұйымға мүше мемлекеттермен инвестициялық және технологиялық тәжірибелер алмасуға ниеттеніп отыр. Бұлардан бөлек еліміз аталған салалар негізінде Қазақстанның экономикалық моделін дамытуды насихаттау мақсатында тұсаукесерлер өткізу мүмкіндігін қарастырмақ.
Қазақстан биылғы жылдың екінші жартысынан бастап Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету жауапты жұмысына кіріседі. Еліміздің осындай аса ірі халықаралық ұйым төрағалығына сайлануы Ұйымға қатысушы мемлекеттердің елімізге көрсетілген жоғары сенімі болып табылады. Бұл жоғары сенімнің түп негізінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде салтанат құрған этносаралық татулық, саяси тұрақтылық, дінаралық және конфессияаралық келісім жатыр. Сонымен қатар, тәуелсіздік таңы арайлап атқаннан бергі кезеңде табысты жүзеге асырылған реформалар жатыр. Осының барлығы жинақтала келіп, бір арнаға тоғыса келіп, Қазақстанды бүкіл әлемге танытты, танытумен бірге күллі әлемге мойындатты.
Қазақстан Республикасы ИКҰ-ға мүше мемлекеттер ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұңғыш мемлекет ретінде тарихта қалды. Мұны мұсылман әлемі зор мақтанышпен қолдады, қуаттады. Еліміз сол үдеден шыға білді. Ал Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығы кезінде бірқатар ауқымды іс-шараларды өткізуді қолға алғалы отыр. Оның ішінде Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің кеңесі, денсаулық сақтау министрлерінің кездесуі, сондай-ақ Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы бар.
Сонымен, еліміз биылғы жылы тағы бір іргелі халықаралық ұйым – Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Елдігімізге, бірлігімізге сын болатын, ұйымшылдығымызды әлемдік қоғамдастыққа тағы бір көрсететін кез табалдырық аттаған жаңа 2011 жылдың еншісіне тиіп отыр. Бұл төрағалық та асқақ абыроймен, әлем жұртшылығы айта жүретін үйлесімді ұйымшылдықпен өтеді деген сенімдеміз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.