19 Ақпан, 2016

Қарқынды дамудан жаңылмау маңызды

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ACD_1474Соңғы жылдар бедерінде Қы­зыл­орда облысында үлкен өзгеріс болды. Аймақ дамуына, әлеуметтік-эконо­микалық жағдайының түзелуіне, халық­тың тұрмысын жақсартуға қатыс­ты қадау-қадау дүниелер жасалды. Таяу­да аймақ басшысы Қырымбек Көшер­баев ел алдында есеп берді. Осы келелі кездесу барысында өңір өмірінің өрге басқанына тағы бір көз жетті. Облыстың жалпы өндірістегі үлесі соңғы үш жылда 3 есеге артқан. Дағ­дар­ысқа қарамастан, қабылданған жан-жақты шаралардың арқасында облыс­тың өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу секторы өсіп отыр. Бұған негізінен азық-түлік, химия және металлургиялық өнді­рістің артуы септік етті. Сыр елін­дегі аталған көрсеткіштің өсімі 2013 жылдан бері тұрақты жалғасып келеді. Өткен жылы облыста жалпы құны 84,5 миллиард теңгенің өнімі шыға­ры­лып, өңдеу секторындағы инвес­тиция көлемі 3,4 есеге артты. Бір сөзбен айтқан­да, бұл аймақ экономикасындағы құры­лымдық өзгерістердің айқын дәлелі. Ал аймақта кәсіпкерлер саны 7,8 пайызға көбейген. Былтыр Қызылорда облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға 2,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 77 пайызға артық. Бағдарлама аясында қолға алынған индустриялық аймақтар құру және дамыту бастамасы жалғасын тапты. Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында құрылған индустриялық аймақтарға инженерлік инфрақұрылым тартылып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасалды. Соның нәтижесінде 2015 жылы аталған аймақтарда жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден асатын 16 жоба іске асты. Бұл негізінен шағын, 3-5 адам жұмыс істейтін наубайхана мен кондитерлік цехтар, техникалық қызмет көрсету бекеттері мен тігін шеберханасы секілді қарапайым бастамалар. Бірақ өздері шағын болғанымен, тап осы орта келешек қазақстандық қоғамның буыны, экономиканың негізгі тірегіне айналады. Сондықтан мемлекет бұл жұмысты жал­ғас­тырады, ал қоғам оны жан-жақты қолдап, насихаттау арқылы жаңа, жас кәсіп­кер­лердің көптеп пайда болуына көмек­тесуі қажет, деді Қырымбек Көшер­баев. Осындай қажырлы жұмыстың арқасында өткен жылы аймақта тіркелген кәсіпкерлер саны 7,8 пайызға артты. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Облыс халықаралық қаржы ұйымдары және мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде 333 миллиард теңгені құрайтын 31 жобаны іске асырмақ. Ашығын айтқанда, халықаралық қаржы нарықтары мен валюталық жүйенің аса тұрақсыз кезеңінде сырттан қаражат тарту да қиындап барады. Дегенмен, барымызды салып, аталған жобаларды іске асыруға бекіндік. Оған мүмкіндік бар, инвесторлардың біздің жобаларға деген қызығушылығы әлі де жоғары, деді облыс басшысы. Соңғы үш жылда өткізілген алты «Байқоңыр» инвестициялық форумы шеңберінде барлығы 70-тей әріптестік туралы шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Соның арқасында облыс экономикасына 100 миллиард теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды. Аймақтың қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан ұйымдары қатарында Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы бар. Еуропа Қайта құру және даму банкімен бірлескен 8 жоба бар, оның 7-уі облыс орталығы – Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға арналған. Олардың қатарында Қызылорда қаласының жылу жүйесін жаңарту; Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласындағы теміржолдың арғы бөлігінің электр жүйелерін жаңарту; Қызылорда қаласын сумен қамту және су бұру жүйесін қайта құру; және қаладағы автобус паркін салу сияқты жобаларды айтсақ болады. Ислам қаржы ұйымдары және Азия даму банкімен инфрақұрылымдық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ тұрғын үй жобаларын іске асыру төңірегінде келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, Азия даму банкімен Қызылорда қаласының сол жағалауын дамытуға қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру мүкіндіктері қарастырылуда. Азия даму банкі бұл жобаны «ақылды» қаланы («SMART CITY») дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық кешенді бағдарлама ретінде іске асыру туралы ұсыныс енгізді. Есепті кездесу барысында ел өміріндегі елеулі оқиғалар туралы біраз жай айтылды. Ал әкімнің халық алдындағы есебін жеті аудан тікелей көрсетілім арқылы тамашалады. Есеп соңында жұрт тарапынан алғыс, ұсыныс-пікірмен қатар бірнеше сұрақ қойылды. Соның ішінде Байқоңыр қаласының тұрғыны Асылхан Әмен «Қазір ресейлік мекемелерде жаппай қысқарту жүріп жатыр. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыз қалуда. Ең қиыны, жұмыстан шыққан соң тұрып жатқан үйімізді қайтарып беруіміз керек. Бір күнде жұмыссыз және үйсіз қалған оңай емес. Осыған байланысты нақты қандай шара қолдана аласыздар?» деп сұрады. Бәріңізге белгілі, бүгінде Ресей экономикасы өрлеу кезеңінде емес. Еуропа елдерінің бірінен соң бірі салынған санкциялары мен әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырап кетуі көрші елдің экономикасына елеулі әсерін тигізді. Сондықтан онда жаппай қысқарту жүріп жатыр. Ал Байқоңырдағы ресейлік мекемелерде қысқарту болса, алдымен қазақстандық азаматтардың жұмыстан шығарылатынын білеміз. Сондықтан біз қазір Байқоңырда жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз. Сол үшін ресейлік әріптестерімізге жұмыссыз қалған азаматтардың баспанасын тартып алмауға шақырдық. Біз Байқоңырды жалға бергенімізбен, онда тұратын халқымызды жалға берген жоқпыз. Сондықтан алаңдамаңыздар, деді Қырымбек Елеуұлы. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.