01 Қаңтар, 2011

Бұл – Барыс жылы бағындырған биігіміз

585 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

170 017

Бұл – Барыс жылы бағындырған биігіміз

Еуропаға табысты төрағалық түсінігімізді түлетіп, сәтті Саммит санамызды сілкінтіп салғаны рас. Мемлекет атқаратын ең мерейлі міндеттің үдесінен шыққан соң ендігі жерде ел ретінде кемелдену кезеңіне көшкенімізге кө­зі­міз жетіп, көңіліміз сеніп, ойымыз орнығып отырған жайымыз бар бүгінде. Ордамыз қо­нып, ортамыз толып, ойдағы болып жатқан осы бір шырқау шағымызда Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін ұрымтал ұстағанын қанағат етіп қалмай, Ұй­ым­ның он бір жылдан бері шақырылмай келе жатқан ұлы жиынын өткізудің орайын келтірген халықтың мұндай тұстарда елдік мүд­де­лер­ге ерекше сергек қарайтынына, бұл көңіл-күй­дің баспасөзге жазылымға да тарайтынына сен­генбіз. Кейінгі кезде газет бетінде ресми материалдардың бұрынғыдан да көбейіңкіреп кеткеніне, тіпті кей күндері нөмірді тұтастай дер­лік түрліше бағдарламалар мәтіндерімен тол­­тыруға тура келгеніне де қарамастан сенген­біз. Кейінгі кезде кей азаматтардың «Қа­ғаз­ға басылатын газеттер таяудағы төрт-бес жылда қалады, жұрттың бәрі басылымның бәрін сайттардан судырататын болады» деп жүргеніне де қарамастан сенгенбіз. Сеніміміз алдамапты. 170 017 Бұл – біздің Барыс жылында бағындырған биігіміз. «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөмірі,  2011 жылғы, Тәуелсіздігіміздің жиырма жыл­ды­ғындағы алғашқы нөмірі осындай таралым­мен басылып отыр. Мұның өзі өткен жылғы таралымнан (160 412 дана) тұп-тура 10 мың дана артық. Бүгінгідей қуанышты күнде біз ел газе­тінің таралымын арттыруға атсалысқан азамат­тардың  баршасына ақ алғысымызды айтамыз. Жазылым қай облыста болсын жақсы жүрді дей аламыз. Айрықша разылық сөзімізді «Егемен» оқырмандарының саны... 34 788 да­наға жеткен оңтүстікқазақстандықтарға арнай­мыз. Қалтай Мұхамеджанов ол өңірді «Ұлы­сым­ның ұйыт­қысы» деп атағанда сон­дағы қа­зақылық қайма­ғы­ның қалыңдылығын да, азамат­тарының айрықша шалымдылығын да  қатар аңғартқан еді. Бас басылымның 90 жылдығына орай тұр­ғы­з­ылған редакция ғимаратын ашып, газет ұжы­мын торқалы тоймен құттықтағанда  Елба­сы­мыз: «Егемен Қазақстанның» таралымы кө­бейіп келеді. 150 мың данаға жетті», деп атап айтқан да, бізге бұрыла қарап, «Ал ана жыл­дардағы шамасы қандай еді?» деп сұраған. «2000 жылы 38 мың еді» дегенбіз (Пре­зидентке: «Мен газетке келген жылы...» деп ашық айта алмайтының белгілі ғой). Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Демек, 38 мыңнан 150 мыңға дейін өсу газеттің қазіргі деңгейін білдіретін көрсет­кіштердің бірі ғой. Міне, мұның өзі-ақ үлкен баға. Яғни, газет қажет, оқылады, қызғылықты деген сөз. Сіздердің жұмыстарыңызға берілген ең әділ, ең дәл баға осы», деген болатын. Осы арқылы Елбасымыз газетке ең әділ, ең дәл бағаны оқырман, халық беретінін аңғартқан. Сондықтан, жоғарыдағы бір сөйлемімізді «Бұл – Сіздің Барыс жылында бағындырған биігіңіз, қадірменді Оқырман» деп құрсақ та артықтығы жоқ. Олай дейтініміз – бұл таралымға Сіздің еңбегіңіз тікелей сіңіп отыр. Сіз газетті 2011 жылға жазылып алдырма­саңыз мына шағын жазбаның тақырыбы 170 016 болып тұрар еді. Сіздің көршіңіз де жазылып алдырмаса тақырып 170 015 болып тұрар еді. Елдік атты қасиетті ғимараттың  кірпіш­тері осылай бір-бірден қаланады. Сіз ел газеті «Егемен Қазақстанға» жазылу арқылы өзіңіздің елмен бірге тыныстайтыныңызды танытып, елдің жай-күйіне алаңдайтыныңыз­ды аңғартып, азаматтық биікке көтерілгеніңіз­ді көрсетіп отырсыз. Сіз осы арқылы мемлекеттік тілімізге құрметіңізді де айшықтап отырсыз. «Бұл газетті сыйлап, құрметтеу – намыстың ісі. «Мен қазақпын!» деген әрбір азамат «Егеменге» жазылса керек. Әйтпесе басқалар табалайды. Бүйтіп ұлт болғаныңа, қазақ болғаныңа болайын деп күледі. Тәңірім табадан сақтасын», деп еді Шерағаң – газетіміздің бұрынғы бас редакторы Шерхан Мұртаза. Сіз осы арқылы ана тілін ардақ тұтатын нағыз қазақ екеніңізді, намысты перзент екеніңізді де дәлелдеп отырсыз. Рахмет Сізге, қадірменді Оқырман! Жаңа жылда жұртқа жеткізер жақсылы­ғымыз көп болсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.